Бараат – бақыт еселенер түн

0
649

Құлдың да құлдан несі артық, Нәпсісін түгел тыйса артық, Намазын оқып бес уақыт, Иманын кәміл жыйса артық… Иә, ақылы дұрыс, кемелдікке жеткен адамзат баласы дүние алқабында егін егіп еңбектеніп, оның жемісін ақыреті үшін азық етуді қалайды. Бұл қандай да бір ішіп-жеу мұқтаждығы емес, керісінше ізгі амалдарының қарымтасы болмақ… Ізгілердің бірі: «Расында, періштелерде екі мейрам бар. Олар: бараат түні мен Қадір түні. Ал мұсылмандарда екі мейрам бар. Олар: ораза айт пен құрбан айт. Періштелер ұйықтамайды. Сол себепті де олардың мейрамы түнде. Ал адамдар ұйықтайды. Сондықтан да олардың мейрамы күндіз», – деген. Бүгін – бараат түні. Шамасы жеткен адам Құран оқып, оның хикметіне көз жүгіртеді. Дұға, истиғфар, салауат айтып, нәпіл намазын оқиды. Десе де, намазды шамасы келгенше оқу, оразаны шамасы келгенше ұстау, әсіресе әр айда үш күн ораза ұстау маңыздырақ.

Бәраат түні жайында Айша анамыз (одан Алла разы болсын) былай айтқан. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла және Оның елшісі жақсы біледі», – деп жауап бердім. Сонда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да», – деді. Бұл түннің мағынасы – «арылу», «тазару». Пенде бұл дүниеде жасаған күнә-қателіктеріне кешірім сұрап, мінәжат етеді. Абдулла ибн Амр былай дейді: «Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) менен: «Абдулла ибн Амр, сен Құранды қанша уақытта оқып бітіресің?» – деп сұрады. Мен: «Бір күн мен бір түн ішінде», – деп жауап бердім. Сонда ол маған: «Ұйықта, сосын намаз оқы. Намаз оқы, сосын тағы ұйықта және Құранды толығымен бір ай ішінде оқы», – деді. Ибн Амр: «Ол маған: «Құранды әр жеті сайын толық оқып жүр», – деп айтпағанша, мен онымен, ол менімен келіспей тұрдық», – деді. Сосын ибн Амр: «Мен үнемі ораза ұстаймын», – дедім. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бір күндері ораза ұстап, басқа күндері ораза ұстама. Әр айда үш күннен ораза ұста», – деді. Ибн Амр: «Ол маған: «Алла Тағала үшін ең сүйікті оразасы болған Дәуд пайғамбардың оразасын ұста, күнара аузыңды бекіт», – деп айтпағанша, мен онымен, ол менімен келіспей тұрдық», – деді. Содан соң Абдулла ибн Амр: «Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол кезде маған берген рұқсатын қабылдағаным қазір мен үшін қызыл түйеден де артық», – деді. (Ахмед, № 7023). Сахабалардың артықшылығы құлшылық мәселесінде Алла елшісінің айтқанына тоқтаған. Мұхаммед ибн әл-Ямән оразаның маңыздылығы жөнінде былай дейді: Алты кісіден алты нәрсе сұрадым, бірақ барлығы да  осы алты сұрағыма бірдей жауап берді. Дәрігерлерден  ең жақсы емнің не екенін сұрадым. Олар: «Ең жақсы шипа – ашығу не аз тамақтану»,-деді. Ойшылдардан даналыққа жету үшін не істеу керектігін сұрадым. Олар: «Ашығу не аз тамақтану»,-деді. Құдайға жақын тақуа құлдардан: «Құлшылық үшін ең жақсы нәрсе не?» – деп сұрадым. Олар: «Ашығу не аз тамақтану», – деп жауап берді. Білімпаздардан: «Ілімді жақсы есте сақтаудың жолы қандай?» – деп сұрадым. Олар: «Ашығу не аз тамақтану»,-деді. Хаққа ғашық жандардан: «Адамды Ұлы сүйіктісіне не жеткізеді?» – деп сұрадым. Олар: «Ашығу не аз тамақтану»,-деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма? Кешірейін. Ризық сұраушы бар ма? Ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма? Шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді». Бәраат түнінен кейін күндізін оразамен өткізу, бұл күні ораза ораза тұту – мұстахаб. Ораза ұстамаған адам күнәһар болмайды. Бірақ құлдан құлдың артықшылығы нәпсісін тыйып, рухын тазартуға ұмтылуы арқылы ерекшеленбек. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Бұл түнде не болатынын білесің бе?» – деді. Айша анамыз (одан Алла разы болсын): «Уа, Алла елшісі! Бұл түнде не болады?» – деді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Онда адам балаларының осы жылда туылатыны және осы жылы дүниеден өтетіндері жазылады. Онда олардың амалдары (Алланың құзырына) көтеріліп, ризықтары (пенделеріне) түседі (белгіленеді)», – деді. Иә, бұл түнде кейбір адамдардың бақыты еселеніп, енді бірі Жаратушының мейірімінен алыстай түседі. Сондықтан үздіксіз дұға жасау керек, сол арқылы Жаратқанның мейіріміне қауышамыз. Тіпті туған-туыс, дос-жаран, күллі мұсылмандар үшін дұға жасау маңызды. Әбу Сағид әл-Худридің жеткізуінше Алла Елшісі: «Әр нәрсенің бір тірегі бар. Мүминнің тірегі – оның ақылы. Оның Аллаға деген бағыныштылығы ақылына сай болады. Сендер тозақ отына жанып жатқандардың: «Егер кезінде олардың ескертулеріне құлақ асқанымызда, ақылға салып ойланғанымызда, қазір мына жалын атқан отқа тасталып жатқандардың ішінде болмас едік» деп аһ ұрады»,-деп («Мүлік» сүресі, 67/10) айтқандарын естімедіңдер ме? – деген. Олай болса, Алланың адам баласына нәсіп еткен ақылын жақсылыққа бағыттап, ізгілік жолында болу періштелер сияқты итағат етеуге жетелейді. Себебі, Алла Елшісі: «Періштелер Аллаға бағынуда ақылының көмегімен ықыласын білдіреді. Ал адам баласы өзінің ақылына сай ықылас білдіреді. Аллаға бағынуда ең ықыласты адам – ақылды адам», – деген. Бәраат түні құтты болсын! Бұл түні жасаған дұға-тілектер қабыл болсын.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ