Рамазан – кешірім айы

0
538

Рамазан – Алланың мейірімі төгілетін ай. Бұл айда Алла Тағала шынайы тәубе етіп, кешірім сұраған пенделерінің қате-кемшіліктері мен күнәларын кешіріп, мейіріміне бөлейді. Осыған қатысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйінші хабар жеткізген. Егер ренжіскен адамдар болса, осы айдың құрметі үшін Алланың разылығын көздеп, бір-бірін кешіріп, татулық пен достық жолын ұстануы қажет. Кімде-кім ренжіткен досын немесе туысын кешірсе, Алла сол адамның дәрежесін арттырып қояды. Бұған байланысты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген: «Өзгелерді кешіргеннің Алла Тағала даңқын арттырады. Ал кімде-кім Алланың разылығы үшін кішіпейілдік танытса, Алла Тағала оны міндетті түрде жоғарылатады». Кешірім жасау – мұсылманға тән жақсы мінездің бірі. Қазақ халқында мынадай жақсы сөз бар: кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік. Иманды, парасатты адам өзгелердің ерсі, дөрекі әрекеттеріне әдепсіз іспен жауап бермейді. Дөрекі қарым-қатынасқа көркем мінезбен жауап беріп, кешірім жолын ұстанады. Яғни дөрекі мінезді адамның деңгейіне түспей, парасатты, байыпты, иманды қалпында қалады. Ораза – адамның мінезін жақсартатын, әрдайым кішіпейіл, кешірімді болуға тәрбиелейтін теңдессіз құлшылық. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, егер бізге біреу келіп, дөрекілік танытып, ұрыс-керіс бастап, жаман қылық танытатан болса, ондай адамға «мен оразамын» деп айтуымыз қажет. Біз осындай жауабымыз арқылы мәселені көркем түрде шешеміз. Жақсылық жолын ұстанған мұсылман баласы айналасына шуағын шашып, келмегенге барып, бермегенге беріп, қиянат жасаған адамды кешіріп, мейірімділік танытады. Сол үшін Алла оның дәрежесін арттырады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай сүйінші хабар жеткізген: «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді». Осы хадисті естіген сахабалар Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол қандай мінез?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір» деп жауап береді. Жәннатқа кіру оңай іс емес. Ол үшін көп адам жасай бермейтін істі сіз бен біз амалға асыруымыз тиіс. Сонда ғана Алланың мейірімінен үміт етеміз. Құранның бірнеше аяттарында Алла Тағала өзінің сүйіспеншілігіне бөленген, тақуа құлдарының сипаттарын айрықша атап өткен. Сондай тақуа пенделердің бойында болатын сипаттардың бірі біз сөз етіп отырған көркем мінездің белгісі – кешірімді болу. Бұл туралы Алла Құранда «Әли-Имран» сүресінің 133-134-аяттарында былай баяндайды: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына асығыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар (тақуалар) кеңшілікте де таршылықта да Алла жолында мал сарп ететін жандар. Сондай-ақ олар – ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді». Құрандағы Жүсіп пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) оқиғасын баяндайтын болсақ, ағалары көреалмаушылық жасап, оны құдыққа тастап, әкелері Жақыпқа (оған Алланың сәлемі болсын) «оны қасқыр жеп қойды» деп өтірік сөйлейді. Кейін бұл жағдайдың анық-қанығы расталған кезде Жүсіптің (оған Алланың сәлемі болсын) ағалары өз қателіктерін мойындап, әкелеріне кешірім сұрап барғанда Жақып пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) балаларына: «Сендер үшін Раббымнан кешірім тілеймін. Өйткені Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді» («Жүсіп сүресі», 98-аят) дейді.

Жақып пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) балаларын кешіріп қана қоймай, олар үшін Құдайдан жарылқау тілейді. Бұл Жақып пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қаншалықты кешірімді екенін байқатады. Мұндай қасиет оның ұлы Жүсіп (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарда да бар еді. Ол өзінің бауырлары тарапынан қандай әділетсіздік көрсе де ең соңында оларға: «Бүгін сендерге сөгіс жоқ. Алла сендерді кешірсін. Ол – мейірімділердің ең мейірімдісі» («Жүсіп» сүресі, 92-аят) деп, ағаларының жасаған зұлымдықтарын кешіреді. Соңында Алла оның дәрежесін арттырады. Қасиетті Рамазан айында ренжіткен адамдарды кешіріп, Алланың мейірімінен үміт етейік.

Ерденбек ИХСАНОВ,
«Орал» облыстық орталық мешітінің наиб имамы