«AQNIET» ҚҚ өкілі оқытушылар мен студенттерге жастардың рухани ізденістері туралы айтып берді

0
287

«Өңірлердегі түсіндіру және оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай тетіктерін қамтамасыз ету» жобасы аясында «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» ҚҚ Шымкент қаласындағы өкілдігінің басшысы Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттеріне «Жастар арасындағы діни көзқарас» атты дәріс оқыды.Еліміз тәуелсіздік алғалы бері азаматтардың, әсіресе жастардың білімі, рухани санасы өсу үстінде, әрі рухани білім алуға сұраныс та күшеюде. Дегенмен жастардың арасында құқық бұзушылықты, көрсоқыр кереғар діни ағымдарға кіріп кетушулікті — білім мен тәрбиенің жоқтығынан деп білеміз. Одан әрісі жан дүниесінің бос болуы. Жалпы адамзатта рухани жетіспеушілік әрдайым сезіліп отырады. Соның нәтижесінде сол бос орынды толтыру үшін ізденісте болып, бірі компьютермен уақытты өткізуді жөн көрсе, бірі темекі шегуді, бірі арақ ішуді немесе түнгі клубтарға барып жанына жай табуды жөн көреді. Дегенмен бұл да рухани бос алаңды толтыруға қауқарсыздық танытып, адам жанының алды иірімдері мен сәулелі шуағынан жыраққа тартып, өзін әрі басқаларды зиянға ұшырату мүмкін. Міне содан барып Ата-ананы тыңдамау, дәстүрлі дінін мансұқтау, салт дәстүрді құрметтемеу сияқты теріс түсініктер қалыптаса бастайды. Сондықтан жастарға берер білім мен тәрбиеге қатысты мәселелер сол жастар үшін де жанұя, қоғам және ұлт, мемлекет алдында аса маңызды іс болып табылады.Жақсылық пен жамандық, мейірім мен жауыздық, өтірік пен шындық, ақ пен қара, батыр мен қорқақ, күн мен түн, аналық пен аталық тізе берсең тізбек-тізбек өріліп кете беретін өмірдің мәні мен мағынасын ұқтырып тұратын ажырамастай жұптар. Бұл Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» (Зарият сүресі 49-аят), — деп келеді. Егер дәл осы жұптасқан егіздердің біреуін жұпсыз яки сыңарынсыз ойлап көріңізші. Яғни жер бетінде әйелдерсіз еркектердің немесе ерлерсіз әйелдердің өмірі. Бұлай елестету тіпті ойлаудың өзі әбестік. Бұл жерде айтпағымыз жұптардың маңызын елеп-екшелеп айту емес. Дәл осы жұптардың ішіндегі адамға тікелей қатысты әрі ең қиын және өте маңызды мәселе тәрбиедегі жұптастық жайы. Француз ойшылы М.Монтель ХҮІ ғасырда: «Адамның жаны мен тәнін бөліп қарамау керек, бұл екеуі арбаға жеккен пар ат емес, біртұтас зат, сондықтан жан мен тәнді бөліп тәрбиелемей, бірге тәрбиелеп, бірге дамыту қажет», — деп жазған екен. Мұндай ойлар көненің көзіндей ескі, бірақ, өлместей өміршең! Түп-тамырын қуалап тексерсеңіз Аллаға Оның кітабы қасиетті Құранға алып барары хақ.Ал ХХІ ғасырдағы жаһандану дәуірінде тәрбиеге бір жақтылық байқалады. Бұл сөзімізге қазіргі қоғамымыздағы болып жатқан неше түрлі сұрқия әрекеттер, тіпті айтуға ауыз бармайтын адами ұғымға симайтын әрекеттермен істер куә. Қазіргі таңда БАҚ құралдары мен екі адамның басы қосылған жерде әңгіме елдің экономиалық жағдайы мен байлықтың аулынан аспайды. Адамның рухани жандүниесі жайлы сөз жұтаң. Оның жастарға теріс ықпал етері анық. Керісінше барынша былғанып өз-өзіне ор қазатын орамсыз, мағынасыз, тұрлаусыз ғұмыр кешуі, бір сәттік жалған тіршілікке тәнтілік басым. Өкінішке орай осындай дертке шалдықтық. Мәселен ата-ана баланың тек қана материалдық жағының жақсаруын көздегендіктен баянсыз байлықтың соңына түсіп негізгі нәрселердің барлығын мүлде ұмытып кете барады. Кешкісін үйге келгесін баласының үйде жүргенімен өзін жұбатып, таң атпай қайнаған тіршіліктің көкпарына қайта ілесіп кете барады. Кешке тағы да сол күндегі жайт қайталанады.Құрлысшы әке тұрғызып жатқан үйінің әрбір қышына мән берсе, ал базардағы ана сатып отырған затынан алданып қалмай үйге табыспен оралуды көздейді. Ал баласының ойы, онымен сырласу, кімдермен араласып жүргендігі, болашақ өмірге дайындығы мен арман-мақсаттары тыңдалмай ескерусіз қала береді. Осылайша бала көшедегі көрген-білгендерін әке деп есептесе, үйдегі теледидар немесе компьютер оның анасына айналады. Яғни көше — әке, теледидардағы неше түрлі ақпараттар — ана болып шыға келеді. Ата-анасынан тірідей айырылғандардың қатарына осындай жастарды жатқызуымызға болады. Олар ана мен әкенің қамқорлығын, тәлім-тәрбиесін көрмегендіктен жарымжанның күйін кешеді. Осылайша бала ішіндегі арман тілектерінің барлығын бөгделермен бөлісіп, үйіне жат адам болып өсіп жетіледі. Ал балам аш қалмасын, қатарынан кем болмасын деп тіршіліктің күйбеңімен жүрген ата-ана байғұс, күндердің күнінде бетіне бақшиып қарап, «ә» десе «мә» деп тұратын яки көше мен теледидардан көрген тәрбиесінің бәрін өздерін елемеген ата-анасына көрсеткенде, бала емес «бәле» көргендей күйде қалатыны жасырын емес.Осыдан біраз жыл бұрын 9 сыныптың қызы жүкті болғандығын естігенде жағамызды ұстадық. Он екіден бір гүлі ашылмаған бейшара қыздың мұндай іске баруына кімді кінәлаймыз? Ата-анасын ба әлде жігітті ме? Ия, «суға кеткен тал қармайдының» кебімен біреуді кінәлағымыз келеді. Анадан, мынадан, дәстүр салтқа, ата жолына, әдеп, ар, этикалық құндылықтарға қырын қараған үкіметтен деген сияқты. Бірақ олай емес. Өйткені мәселені сұрастыра келгенде қыздың ата-анасы қызының қайда жүріп-тұрғандығына мүлде мән бермейді тіпті, қыздары бар екендігін де ұмытқан екен. Ай дейтін апа, қой дейтін қожа болмағындықтан оңы мен соңын танымайтын бүлдіршін білместікпен буыртынға бұйда үздіріп, өзіне де қоғамға да қауіп төндірген қадам жасады. Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиева: «Елімізде 15-17 жас аралығындағы 10 мың жасөспірім жыл сайын ана болады. Бұл — өте өкінішті. Өйткені әдетте бұл — некесіз туған, жоспарланбаған нәрестелер.Олар көбіне балалар үйіне түседі немесе далада қалады», — деді. Міне, тәрбиесіздіктің, балам дейтін ата-аналардың болмауының кесірі. Тәрбие беру деген міндетті мүлде ұмытқандықтан бала өзінің тәрбиешілерін тауып алады. Бұл бір ғана мысал. Мұндайдың неше түрлісін күнделікті өмірден сіздер де құлақпен естіп, көзбен көріп жүрсіздер. Біздің мақсатымыз – оқиғаларды санамалау, қайталау емес, мәселенің шешімі. Дерттің дауасын табу. Бұл өкінішке орай қоғамдық індетке, ұлттың азғындап, рухани-әлеуметтік тұрғыдан тозып, демографиялық жағдайды шиеленістіретін қатерлі құбылыс.Рас, бүгінгі тасқындаған толассыз ақпараттар толқыны мен жаһанданудың жағадан алған заманында өмір кешіп келеміз. Демек, дәл осындай кезеңде жас ұрпақты тәрбиелеу оңай шаруа емес. Оның үстіне өзінің ұлтының рухани қазынасындағы ұлттық құндылықтардан гөрі, өзгенің сырты бүтін, іші түтін жылтырағы жас жүректерге талғаусыз жұмыртқалап жатқаны тағы бар. Бұл әрбір саналы азаматты толғандырары айқын. Олай болса, арқаны кеңге жайып, алаңсыз отыру ақылды адамның ісі емес. Ел болып есімізді жиып, ұлт болып ұлы арман мақсатымыз – мемлекет тұтастығын қамдап, тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек. Оған әуелі бірлік-ынтымақ, сонан соң төлегей теңіз білім керек! Отанды, елді, ұлтты, отбасын сүйдіретін махаббат керек. Мұның бәрі де тек Құраннан, пайғамбар сүннетінен алынғанда ғана нәтижелі болады деп білеміз.Ұрпақ тәрбиесі — қай заманда да күн тәртібінен түспеген келелі мәселе. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деп данышпан әл-Фараби айтқандай, өркениетті елдердің қатарына, өркениеті өсіп «буынып-түйінген» рухани-мәдени әлеуеті артқан мемлекеттердің көшбасшысы қатарына енуі — бүгінгі қоғамның бейнесімен айшықталады. Бабамыздың ешқашан өзек¬тілігін жоймайтын бұл қанатты сөзі білім ордаларының алдымен адам, сосын маман даярлау міндетін бүгінгі күні де еселей тү¬седі. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында адамдық қалыпты сақтап, адамға тән өмір сүру үрдісіне ерекше басымдық береді. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау біздің шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы. Ендеше, тәрбиеде сыңаржақтылықтан арылып, адамның тәні мен жан саулығын қатар қарастыруды басты мақсатқа айналдыруымыз қажет. Еліміздің жоғары деңгейлерден көрінуі үшін білім мен имандылықты құстың қос қанатындай ұстануымыз біздің адамдығымыздың басты талабы.Ол үшін ең алдымен ата-бабамыздан қалған дәстүрлі дінімізді, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуге міндеттіміз. Жан азығын алмаған рухани жүдеу жастар өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуіне үлес қоса алмайды. Мұны данышпан Абайдың тілімен айтқанда «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Сондықтан да біз болашақ ұрпағымыздың бойына адамгершілік пен ізгі қасиеттерді қалыптастырып, білімді, еліне адал азаматтарды тәрбиелеуіміз қажет.Тарихтан белгілі, өткен ғасырдың басындағы қазақтың белгілі тұлғалары, ғалымдары мен саясаткерлері, ақын-жазушылары Ә.Бөкейханов, Т. Рысқұлов, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, М.Жұмабаев сияқты қазақтың ардагерлері түгелдей ислами сауатты болған, қазақ ұлтының патриоттары болған. Ал арғы ғасырдағы Абай Құнанбайұлы, бергідегі Шәкәрім қажының имандылық туралы ой-тұжырымдарын пайымдауымыз үшін әлі көп оқуымыз керек сияқты.Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде — оларға жастайынан имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, тәрбиелесек, сонда ғана біз рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деп, атап көрсетуі бүгінгі күннің талабы. Сол үшін де, әр ата-ана келешек ұрпақ үшін өзінің діни сауатын жетілдіріп, тұрақты жұмыс істейтін мешіт-медресе, Құран үйрететін курстарымен байланыста болып, рухани жағынан баласының Ханафи мәзһабымен сауатын ашуына, таза да биік, мейірім-шапағатын шашатын, адамзатына ортақ әділдік таразысы бола білетін исламды меңгеруіне ықпал жасап, теріс жолға түсіп кетуден сақтандырып отырғаны абзал. Түркістан топырағындағы ғалымдар Мәуереннахр ғалымдары исламның «Әһли сүннет уал жамағат» жолын жаңғыртып, Ханафи мектебін ұдайы дамытып отырған. Ханафи жолы біздің ұлттық салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрпымызбен астасып орта жолды ұстанып қалыптасқан.ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңдағы Ханафи бағытындағы исламның Халқымыздың мәдени дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тануын атап көрсетуі жоғарыда айтылғандардың қоғамдағы орнын онан әрі бекіте түсетін, маңызды мәселе деп түсінеміз. Жастардың да бұл мәселеге ерекше мән беруі аса қажет деп білеміз. Мемлекетіміз — әрбір отандасымыздың бақыт өмір сүруінің кепілі. Ал жастар сол мемлекеттің ертеңгі иесі. Демек, мемлекеттің және ұлттың да болашағы жастардың қолында. Бұл біздің жастарымызға нәсіп етіліп тұрған Хақ жолы. Заңның 3 бабының 8 тармағындағыдай: «Ата-аналар балаларын өз діни-нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, егер заң бұзылмаса, мемлекет араласпайды» деп көрсетуі, әр қазақ ата-ана өз баласын дәстүрлі исламның аясында тәрбиелеуіне, сенім мен амал-ғибадатқа баулуына жауапты. Ата-аналар балаларының білімін, діни-сенімін, ой-өрісін бақылай отырып, дұрыс бағыт беріп тәрбиелеуі бала құқығына нұқсан келмеген жағдайда абзал.Қоғамда кездесетін мәселенің екінші бір жағы, Заңдағы 1-тараудың 3-бабының 12-тармағындағы: «Азаматтардың имандылығына нұқсан келтіруге жол берілмейді», деп атап өтілуі. Расында, имандылық адамға ең керек исламның бірінші шарты. Адамның жүрегіндегі сенімді бір Алла ғана оқи алады. Сол себепті, қоғамда кейбір намазхан жастардың намаз оқымай¬тын құрбыларына «кәпір» деп, болмаса әруақты сыйлап, сөз айта бастаса «ширк» (құдайға серік қосу) деп жеңіл айта салуы жарамайды. Мұсылманға «кәпір» не «ширк» деген адам өзі жала жапқандығы үшін «ширкке» айналып кетуі әбден мүмкін. «Жүрегінде тары¬ның көлеміндей иманы болған мұсылман жәннаттық болады» деген хадис бар. Иман мәселесінде мұсылмандар бірдей болады, тек иманның сапасы жөнінен біреудің иманы мықтылау, ал біреудің иманы әлсіздеу болуы мүмкін, дегенмен де ол мұсылман болып қалады. Сондықтан да азаматтардың имандылығына нұқсан келтіруге, күдікпен қарап, баға беріп, сөгіп, артық сөз айтуға еш болмайды.Ислам дініндегі қазіргі өрбіп отырған секталар мәселесінің тарихына, жалпы мәдени-әлеуметтік сипатына жүгіну арқылы, келешек ұрпақты ол індеттен құтқарудың жолын іздесек, нақты ғылыми зерделеу негізіне сүйенген, тұжырымдалған фактілерді білген жастар имандылық жолын оңай әрі дұрыс таңдайды деген ойдамыз. Тырнақшадағы «таза исламды» бетперде етіп, түбінде өзгенің мүддесіне жұмыс жасайтын зомбилардың жетегінде кетуден жастарды аман-сақтау ісі әлбетте, діни сауаттылықты дамыту арқылы жүргізілуінің маңызы зор.Бұл ретте жоғарыда айтылғандай 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесінде исламдағы ханафи бағытының маңыздылығы айтылса, «Қазақстан — 2050» стратегиялық жолдауда Елбасы: Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз деп діни ұстанымыздың бағытын ерекше ашып, айтып өтті. Зиянды ағымдарға қарсы тұрып, Ханафи бағытындағы ұлық дінімізді кеңінен насихаттау мақсатында ОҚО, ішкі саясат басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» тарапынан «Менің таңдауым — Ханафи мәзһабы» тақырыбында облыс көлемінде, яғни қала, аудандардағы жоғары және орта оқу орындарында, мектептерде, мекемелерде, аудандар мен ауылдық округтерде болып, әрбір буын өкілдеріне халықпен, жастармен кездесіп, насихат жұмыстары жүргізіліп әрі семинар-тренинг өткізіліп жатыр. Мақсатымыз салауатты да сауатты өмір салтын қамдап қоғамның діни сауатын ашу, елдің, мемлекеттің ынтымағына, тұтастығына жұмыс істейтін отаншылдық ішкі сүзгіні қалыпқа келтіру.Ендігі жерде осы жаңа Заңның аясында басқа діндегілерге толеранттықпен қарап, мемлекетіміздің негізгі құрушы, халық бола отырып, төл дінімізді бір ғана Ханафи бағытында ұстанып, жаңғыр¬тып, бірлікті, ынтымақты Абайша айтқанда «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегендей адал тілекте бола білсек, жастарға білім мен тәрбиені өз деңгейінде бере білсек, елдігіміз, ұлттығымыз, мемлекеттілігіміздің әр қарай да ғұмырын ұзартатын Отанын, халқын сүйетін ұрпақ жалғасын табады.«Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасы мен шын мақсұтын түсіне алмайды» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жан жемісі, ең алдымен оқу, білім, тәрбие десек, сол жемісті берер мәуелі ағашымыз — білім ошақтары. Жастардың рухани дүниесін ашу арқылы ахлақ тәрбиесіне мән беру, бүгінгі заманның талабы. Ал тәрбие — болашаққа бағытталған үрдіс. Ендеше тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескерген абзал. Ахлақты — адамгершілік, мораль ар әдеп, мінез айнасы ретінде ұғынатын болсақ, біріншіден ахлақтың атқаратын міндеттері ол рухымыздың қоғамдағы адами қарым-қатынастың ұлық үлгісі бола білуі керек.Екіншіден отбасы алдындағы, ата-ана, бала-шаға, туысқан сәулелі жарығымен сөнбес нұрға шомылып тұрғандай, пайғамбардың фатанатты тағлымының үлгісіндей болып тұруы керек. «Тәрбие мен білім беру — ажырағысыз ұғым. Білім бермей тұрып, тәрбиелеуге болмайды, ал берген әр білімің тәрбиелік ықпал жасайды» деген Л. Толстойдың сөзін ескерсек, рухани тәрбие беделінің білімнен әлденеше есе салмақтылығына көз жеткіземіз. Демек, ғылым мен тәрбиені қатар қарастырып, еліміздің ынтымақ бірлігіне, түрлі алауыздық пен арам пиғылдарға жол бермей, адамдық қалыбымыздан айнымау — отан алдындағы, адамзат алдындағы міндетіміз және Алла Тағала мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) алдындағы борышымыз.