Ислам — ізгілік діні

0
503

Ізгілік – асыл дінімізде ауқымы кең ұғым. Сондықтан болар, адам мен қоғамның игілігіне септігі тиетін әрбір жақсылық ізгілік деп бағаланады. Кісінің ең жақсысы қоғамға пайдасы тигені деген мағынадағы хадис соны меңзесе керек.

Әлемдік діндердің барлығы, соның ішінде әсіресе Ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Мұны Исламның қасиетті қайнар көздері саналатын Құран аяттары мен хадис мәтіндерінен, дін ғалымдары мен ағартушыларының еңбектерінде айқындап берді.

Адамзаттың абзалы болған, ізгілікті насихаттаушы, жан баласының жанашыры болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис шәрифінде: «Мұсылман өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген.

Ислам дінін ұстанған мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұқпайды, жазықсыз жанның жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілемейді.«Бес саусақтың бірдей еместігі» секілді қоғамда көпшіліктің пікірі бір жерден шықпауы заңдылық. Себебі, әр адам әр түрлі пікір айтады. Мәселен, жасөспірімдер арасында болып тұратын дін жайлы кикілжіңде бірі мемлекетті, енді бірі дінді кінәлі санайды. Бірақ ешкімнің ойына дін жайында кикілжің тудырған жастар мешіттен білім алып жүрген жастар ма деген сұрақпен бас қатырмайды. Қазір сөзді адамдар қалай болса, солай айта салады. Жала жабу, сырттан әңгімелеу, әр түрлі жаман сөздер айту – бүгінде әлеуметтік желілер арқылы кез келген адамның қолындағы смартфоны арқылы айтылып жатыр. Сондықтан қоғамдағы адам баласының қарым-қатынасы, адал, әділ, бір-біріне деген мейірімділікті дамыту мақсатында биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп атауының мәнісі осында.

Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. «Амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» яғни, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал.

Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету секілді көптеген құндылықтар қамтылған. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят) деп атап көрсетілген.Ендеше, неге қоғам болып бір-бірімізді тәрбиелемеске. Тек «Ислам және ізгі қоғам» жылында ғана емес, үнемі кішіпейілділік танытып, жақсылықта жүрейік.

Көбей ДӘУЛЕТҰЛЫ,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теологы