Әлеуметтік желі – радикализмнің басты ошағы

0
331

Қазіргі таңда қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселенің бірі әрі дертке айналған – діни экстремизм және терроризм. Ғаламтор жүйесі арқылы оның ішінде түрлі әлеуметтік желілердегі жеке парақшалар, топтар арқылы қоғамдық сананы бұзуға, дәстүрді терістеп, деструктивті діни ағымдардың жетегінде еріп кетуге өз әсерін тигізіп жатқаны бесенеден белгілі. Әлеуметтік зерттеулерге назар аударар болсақ, жастар да, орта буын өкілдері және т.б. қоғам мүшелері діни сауатын әлеуметтік желіден алатыны белгілі болды. Ғаламтор жүйесіндегі түрлі бағдарламалар, қосымшалар мен онлайн ойындар экстремистік арнайы топтардың өз жақтастарын тартуына сеп болып отыр.

Ғаламтор жүйесінде әлеуметтік желінің көптеген түрі бар. «ВКонтакте», «Facebook», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok», «Одноклассники», «ДругВокруг» секілді әлеуметтік желілерді қолданбайтын адам кемде-кем. Оның ішінде жастардың 70-80% пайызы ғаламторды пайдаланады. Сонымен қатар, алғашында әлеуметтік желілер арқылы діни сауат ашып,  содан соң, деструктивті діни ағымның жетегінде кетіп жатқандары қаншама.

Әлеуметтік желі қазіргі қоғамның дертіне айналды десек артық айтқанымыз емес, себебі, деструктивті діни ағымдардың үгіт-насихаттарын астыртын әрі көптеп жүргізуіне жол ашып отырғанын көруімізге болады. Әсіресе, жасөспірімдер арасында кең танылған  «Tiktok» әлеуметтік желісінде өз насихаттарын қарқынды түрде жүргізуде.

Осыған сәйкес, ата-аналар балаларының әлеуметтік желіде қандай атаумен тіркеліп, қандай сайттарды қарайтынын, қандай топтар мен чаттарға тіркелгенін бәрін бақылауда ұстағаны дұрыс.  Психологтардың пікірінше, қазіргі кезеңде әлеуметтік желілер адамның жеке мәліметтерін және қандай қызығушылықтары барын білуге және толық байқауға жол ашып береді, бұл жағдай деструктивті діни ағымдардың болашақ жақтаушыларын тарту процесін жеңілдетіп отыр.

Электронды мүмкіндік – заманауи ақпарат алудың қайнар көзі. Ал ақпаратты алудың дұрыс қайнар көзін табу теріс жолға салынбаудың, адаспаудың төте жолы. Ең маңыздысы әлеуметтік желіге салқынқандылықпен және сауатты қараған дұрыс. Әрбір ақпаратты алар кезде ресми сайттармен салыстырып, содан соң барып, өзгелермен бөлісу пайдалы. Ақпараттың таралуы дамыған заманда діни мәліметтердің туралығына көз жеткізбей пайдалану кез келгеніміздің өміріне өте қауіпті.

Мадина ҚАЛМАТАЕВА
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы