Тұрғындардың діни сеніміне ғаламтордың әсері

0
318

Ғаламтордың пайда болуы біздің өмірімізді біршама өзгертті. Бүкіләлемдік желіні жер шарының жартысынан көбі қолданады. Оның көптеген артықшылықтары болғанымен, кемшіліктері де жеткілікті. Ғаламтор адамдардың өмірін едәуір жеңілдетті. Бұрынырақта, соңғы жаңалықтарды білу үшін адамдар газетке жазылуға немесе теледидардан кешкі жаңалықтарды күтуге мәжбүр болса, қазір қалаған ақпаратыңды ұялы телефоннан көруге болады. Дәрігерге кіру үшін немесе киноға билеттар алу үшін – кезекте тұрудың қажеті жоқ. Өйткені, үйден шықпай, электронды түрде орын алуға мүмкіндік бар. Ғаламтордың көмегімен, басқа мемлекеттердегі адамдармен байланысуға болады. Кез-келген континентте жүрген танысыңызға, видеоқоңырау шалуыңызға мүмкіндік жасалған. Бұл технология –  алыс қашықтықта орналасқан туыстарыңызбен хабарласу үшін өте ыңғайлы.                                                                                                  

Адам баласы ұзақ уақыт қолданып келген дәстүрлі қарапайым ақпарат тәсілі қазіргі электронды ми жүйесімен басқарылатын қарқыны тез ақпараттанған қоғамға, ғаламтор дүниесіне құшағын айқара ашқалы ол адам баласының ой еңбегімен дене еңбегін барынша жеңілдетіп, электронды тетіктер арқылы айлық алыс жерден қас қағым сәтте ақпарат алатын ғажайып мүмкіндіктерге ие етіп, адамдарды сан қилы әурешіліктерден жеңілдете бастағандығы айдан анық жағдай.

Алайда, ғаламтордың осындай жетістігі мен қолжетімділігін дәстүрлі емес діни ағымдар да өз пайдаларына тиімді қолдануда. Экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Ең алдымен экстремистік және террористік ұйымдар ғаламторды желі қолданушылардың әлі қалыптасып үлгермеген санасына ықпал ету үшін қолданады. Яғни, олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады. Мұндай әрекеттің бір қала немесе бір елмен шектелмейтіндігі белгілі, бұл экстремистік және террористік ұйымдар үшін өте маңызды. Олардың қызметі өздерінің идеологиясын белсенді түрде насихаттауға, жаңа мүшелерді өз қатарларына тартуға, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқытуға және өздеріне қарсы шыққан желі қолданушыларына қарсы ақпараттық күрес жүргізуге бағытталады.                                                                                          

Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. «Google» арқылы бір мәселені іздеген кезде радикалды бағытты ұстанатын ұйымдардың салған ақпараттарына кезігіп, олардың шейхтарының бейне және аудио жазбаларын тыңдауы мүмкін. Олардың жазбаларында жиһадқа шығу, шейіт болу секілді ұғымдардың бұрмаланған мағынасы беріліп, мұндай ақпараттар желі қолданушының санасына кері әсер етуі ықтимал. Теріс пиғылды ағымдардың кейбір сайттары халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Олар исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнінде халықтың дәстүрлі діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуі мүмкін. Мысалы, оларда парыздарды (намаз, ораза) орындамағандар кәпірге баланып, дәстүрлі ханафи мәзһабына қайшы ақпараттар беріледі. Ал, діни сауаты жеткіліксіз ізденуші мұндай сайттардағы дін тақырыбындағы барлық мәліметтер мен деректерді сол қалпында қабылдап, санасына сіңіреді.   

Қорыта келгенде, пайдаланушының ерік-жігеріне келіп тірелетін құмарлық­тың ғажабымен бірге зардабы да қатар жүреді. Еліміздің әрбір азаматы өзінің діни сауатын арттыруға мән беріп, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз шамасының жеткенінше атсалысатын болса елдің ішкі тұрақтылығы мен бүтіндігіне ешқандай жат пиғылды ағымдардың сызат түсіре алмасы анық. Өзіне керегін алып, уақытын үнемдей білетіндер ғана бұл дертпен күресе біледі. Дайын асқа дәмеленбей, өз мақсатына жетуді, жеңіспен бірге жеңіліс қатар жүретін өмірді сүруді интернеттен қызығырақ көрсек қана өзі­мізді тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы деп есептей аламыз. Төрт бұрышты қо­раптың ішіндегі әлемде емес, шы­найы­лықта өмір сүрген абзал екенін ұмыт­пайық.

Жұмаділлә Бексұлтан, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің теологы