«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ»: ҚОСТАНАЙДА 500 БАЛАҒА ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ БЕРІЛДІ

0
116

Қостанай қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.

«Марал ишан» мешітінде өткен іс-шара барысында 500 балаға мектепке қажетті сөмкелер мен құрал-жабдықтар табысталды. Қайырымдылық шарасына қатысқан ҚМДБ Төрағасы ата-аналар мен балаларды алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап, оқуда озат, еңбекте табысты болуын тіледі.

«Қайырымдылық жасасаң – қайырымын өзің көресің» деген қазақ. Қасиетті Құранда «Кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе оны көреді» дейді. Яғни қарымын, сауабын алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жыл сайын осы кезеңде балаларға қуаныш сыйлап келеді. Бүгін міне «Марал ишан» бабамыздың мешітінде 500 балаға оқу құралдары мен мектепке қажетті заттары табыс етілмек. Осында тұрған әрқайсыларыңыз ата-аналарыңызды құрметтеп, ұстазды құрметтеп, білімді болыңыздар» деп батасын берді Бас мүфти.

Айта кетейік, облыста «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында жалпы алғанда 1000-нан астам балаға қажетті құрал-жабдық табыс етілген.