Түркістан: Бау-бақшасын «Уақып» қорына табыстады

0
135

Түркістан облысы Кентау қаласы Қарнақ ауылының тұрғыны Бабахановтар отбасы иеліктеріндегі 9.5 га алма бау-бақшаның жер телімі мен ғимаратын уақып етті. Осылайша бұл отбасы бау-бақшаны ҚМДБ «Уақып» қорының меншігіне рәсімделді.

Уақып етілген нысанды «Уақып» қоры басқармасының директоры Ардақ Нүсіпханұлы мен Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов ресми түрде қабылдап алды. Кентау қаласының іргесінде орналасқан бау-бақша тоқтаусыз сауап болсын деген ниетпен ата-анасы – «Абдурахым Бабаханұлы-Анархан Нұртілләқызы» марқұмдардың атынан берілді.

Бабахановтар отбасы Қарнақ ауылында уақып етіп жатқан бау-бақшаларын Ардақ Нүсіпханұлы және Ержан Сматұлына таныстырды. Жер телімі ауыл шаруашылық мақсатта қолдануға лайықталған, жеміс ағаштарын егіп дамытуға немесе мал бағып көбейту жұмыстарын жүзеге асыруға қолайлы. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, қолдауларды қарастырып, табыс түсіретін мүмкіндіктер жоспарланды. Уақып етілген бау-бақша жұмыстары кәсіпкерлік деңгейде жолға түсіп кетуімен уақып қорының жобаларына, Қарнақ ауылында орналасқан мешіттің күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалады. Яғни осы жерден өсіп шыққан өнімдер қайырымдылық мақсатында таратылады.

Бабаханов Толқын Абдурахымұлы ақыл-кеңесін және қолдау білдіретіндігін жеткізді. Өйткені бұл бау-бақша халықтың игілігіне қызмет ету арқылы ата-анамызға сауабы тиіп тұрғанын қалаймыз дейді. Сондықтан бір арнаға түсіп табысты бақша болғанын қалайтындықтарын жеткізді.

Уақып етілген бау-бақшаны аралап көріп болған соң ресми сыйға тарту құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жалғасын тауып, сәтті өтті. Қор басқармасының төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы мен уақып етуші Толқын Бабахановтар арасында келісім шарттарға қол қойылып қабылданып, тіркеу орындарына тапсырылды. Сондай-ақ қордың «Уақыпнама №004» табыстау сертификаты табысталды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жаһаннамнан алыс…» делінген. Жомарттық танытқан халқына жақын уақып етуші Бабахановтар отбасына облыс «Құран Кәрім» кітабы мен қолдан жасалған ұлттық аспаптарымыз өрнектелген бұйымын сыйлады.

Бұдан бөлек «Уақып» қорының директоры Ардақ Нүсіпханұлы Қазығұрт ауданы Жігерген ауылдық округі Жігерген елдімекеніндегі мешіт ауласында орналасқан ғимаратың жәй-күйімен танысты. Аталмыш ғимаратты қайырымдылық мекеме ретінде ҚМДБ «Уақып» қорына өткізу мәселелері талқыланып, екі жақты келісімге келіп, рәсімдеу жұмыстары жасалуда.