Университетте «Арыстан баб аманаты» кітабының танытымы өтті

0
131

Бүгін Шымкент қаласында орналасқан «Өзбекәлі Жәнібеков» атындағы  ОҚМПУ-де  «Өзбекәлі Жәнібеков және ұлт мұраты жолындағы қызмет» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Аталмыш басқосуды ОҚМПУ Басқарма төрайымы-ректор Гүлжан Сүгірбаева ашып, жүргізіп отырды.  Игі шараға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев,  еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті судиясы Бекет Тұрғараев, Досыбай Шерімқұлов,  мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов,   ф.ғ.д профессор Құлбек Ергөбек, Отырар ауданы мен Түркістан қаласының құрметті азаматы Қанжігіт Сыздықов, ардагер ұстаз Ұлбосын Тәжібаева, Шымкент қаласы бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров  және ұлағатты ұстаздар мен зиялы қауым өкілдері қатысып қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан арда азамат Өзбекәлі Жәнібеков туралы оралымды ойлар айтып, ұсыныс пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында осы оқу ордасының түлегі, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтың  «Арыстан баб аманаты» атты кітабының танытымы ұйымдастырылды.  Аталмыш еңбек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Рухани тәрбие – Ихсан ілімі» және «Дархан дала» отандық туризмді насихаттау, түсіндіруге  арналған бағдарламасы аясында әзірленген болатын. Кітапқа ҚР Дін істері комитетінің және ҚМДБ Сараптау бөлімінің дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген.

Айта кетсек, Шымкент қаласында орналасқан мешіттерде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековты еске алып, рухына Құран бағышталды.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі