Жамбыл облысы имамдарына аттестаттау басталды

0
148

Жамбыл облысында дін қызметкерлеріне, яғни имам, ұстаздарға арналған аттестаттау басталды.

Кезекті біліктілікті қадағалау сынағы 6 күнге созылмақ. Шара аясында Жамбыл өңіріне қарасты барлық қала, аудандардағы имам-молдалар, ұстаз, азаншылар емтихан тапсырады.

Дін қызметкерлерінің білімін сараптап, біліктілігін бағалау үшін Тараз шаһарына ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев, Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Абдуалиев арнайы келді.

Бүгін сынақ алдында комиссия мүшелері өңірдің дін қызметкерлерімен дидарласып, аттестаттау және оның мақсаты, дін саласы бойынша еңбек етудің маңызы туралы тілге тиек етті.  Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев комиссия мүшелеріне: «Әулиеата өңіріне қош келдіңіздер» деп жылы лезібін білдіріп, облыстағы діни хал-ахуал жайлы атап өтті. 

Айта кетейік, имамдар сынақты ҚМДБ құжаттары, заң, Құран және исламтанудың бірнеше саласы бойынша жазбаша әрі ауызша тапсырады.