Тәңір мен Мұсаның уәделі орны

0
385

Мұса Бәни Исрайлға Мысырда тұрған кезде-ақ жақын уақытта Перғауынның өлтірілетіні, Алланың оларға кітап түсіретіні, ол кітапта бұйрықтар мен тыйымдар болатыны, соларға бағыну керектігі туралы айтып, ескерткен болатын. Перғауын өлгеннен кейін Мұса Тәңірінен кітапты сұрады. Алла оған Тур тауының беткейіне баруды әмір етті. Ол онда ораза тұтып, Аллаға құлшылық етіп отыз күн тұрды. Отыз күн өткеннен соң Алла тағы он күн ораза ұстап, ғибадатын толықтыруды талап етті. Мұса Тәңіріне мінәжат етуге аттанар алдында Һарунге қауымының бұзықтардың жолына еріп кетпеуін тапсырып, сақтандырған болатын. Қырық күннен соң Тәңір Мұсаға тіл қатты. Оны өзге адамдардан ерекше еткенін білдірді. Сол кезде Мұсаның бойындағы күш-қуаты асып-тасып кетті. Ол Тәңірінен жүзін көрсетуді өтінді. Алла оған: «Мені көруге сенің шамаң жетпейді ғой. Оны таулар да көтере алмайды. Өйткені ол өте қорқынышты болады. Ал, егер көргің келсе бойыңа бар күшіңді жи да тауға қара», – деді. Сол кезде таудың күл-талқаны шығып, жермен жексен болды. Мұсаның басы айналып, айнала қап-қараңғы болып кетті де, ол талып қалды. Есін жиған кезде: «Ей, Тәңірім! Сені ұлықтығыңмен пәктеймін, саған тәубе етемін, өз заманымдағы сенің ұлықтығыңа сенгендердің біріншісі менмін», – деді. Сөйтіп Алла оны адамдарға пайғамбарлыққа таңдады. Ішінде уағыздар, үкімдер, бұйрықтар жазылған Таурат кітабын берді. Қауымының онда жазылған үкімдерді қалтқысыз орындауларын қадағалауды әмір етті. Басқа пасықтарға жеткен сияқты Алланың азабының жетуінен сақтандырды.

«Мұсаға отыз күн мұрсат бедік (ғибадат жасауға), оған тағы он күн қостық. Сөйтіп, Тәңірдің тоқтам еткені қырық күн болды. Мұса бауыры Һарунға: (Мен келгенше) елімде сен менің орынбасарым бол, жолға сал, бұзықтардың жолымен жүрме», – деді» (Әғраф сүресі, 142-аят).

«Келіскен мезгілде келген Мұса Тәңірге: «Ей, Тәңірім! Маған өзіңді көрсетші. Сені бір көріп алайыншы», – деді. «Мені еш уақытта да көре алмайсың. Дегенмен тауға қара. Егер тау қозғалмай орнында тұрса, мені көріп те қаларсың», – деді Тәңірі. Тәңірі таудан елес берген сәтте тау күлталқан болды. Мұса талып түсті. Есі кірген кезде: «Сен пәксің, мен саған тәубе келтірдім әрі саған сенушілердің алғашқысы мен боламын», – деді» (Әғраф сүресі, 143-аят).

«Алла: «Ей, Мұса! Анығында адамдар арасынан пайғамбарлыққа әрі өзіммен сөйлесуге мен сені таңдадым. Саған сыйлаған пайғамбарлықты қабыл ал және шүкіршілік ет», – деді» (Әғраф сүресі, 144-аят).

«Ол үшін Біз тақтайларға (Тәурат) үгітнасихат және діни тағылымдардың бәрін толық жаздық. (Ей, Мұса), осыны бекем тұтын және өз қауымыңа оның жақсы нұсқауларын орындауға әмір ет. Саған пасықтар жұртын да көрсетемін», – деді» (Әғраф сүресі, 145-аят).

Бәни Исрайлдың бұзауға шоқынуы

Мұса Тәңірмен кездесуге кетерден бұрын қауымына Тәңірге мінәжат қылуды тапсырған еді. Отыз күннен кешікпеймін деп ойлаған болатын. Алайда Алла қосымша тағы он күн ораза ұстауды бұйырып кешіккендіктен қауымы бұған сабырсыздана бастады. Мұса уәдесінде тұрмай оларды тастап кеткендей көрінді. Самири деген қу кісі осы уақытты пайдаланып Бәни Исрайл әйелдерінің Мысырдан әкелген қымбат бағалы заттарын жинап алып отқа тастап, олардан бұзаудың мүсінін құйды. Арнайы тәсілмен оны егер оған жел кірсе аузынан сиырдың мөңірегені секілді үн шығаратын етіп жасады. Сөйтіп, оған табынуға шақырды. Һарун оларға мұның дұрыс еместігін түсіндірді. Бірақ олар Мұса қайтып оралғанға дейін осы бұзауға табынатындарын айтып тұрып алды.

Тәңірі Мұсаға қауымын Самиридің аздырғанынан хабар берді. Мұса қауымына қатты ашулы болып оралды. «Сендерге Тәңірлерің Тәурат беретінін, онда тура жол, нұр бар екенін уәде етпеген бе еді? Алла ол уәдесінде тұрды. Ал, сендер мен кетсімен иманды күпірлікке алмастырдыңдар ма? Сендер Тәңірдің ашу-ызасы келетін іс жасадыңдар. Иманда тұру жөнінде маған берген уәделеріңді де бұздыңдар», – деп кейістік білдірді. Олар: «Біз саған берген уәдемізді ықтиярымызбен бұзған жоқпыз. Бізді Самири аздырды. Біз мысырлықтардан алған алтындарымызды отқа салып, Тәңірімізден тілек тіледік. Самири сол алтыннан бұзаудың мүсінін жасап берді. Содан соң сендердің іздеп жүрген Құдайларың осы, соған табынуларың керек. Ал, Мұсаның Құдайы сендерге көңіл аудармай кетті деп бізді азғырды», –  деді. Шынына келгенде бұл мүсін зарар да келтіре алмайтын, пайда да бере алмайтын, сөз қайтаруға да шамасы келмейтін жәй бір қаңқа еді.

Содан соң Мұса інісі Һарунға бұрылып: «Қауымның бұзауға табынып жатқанын көре тұра неге тежемедің? Маған неге хабар бермедің?» – деп ренжіді. Һарун: «Мені Бәни Исрайлдың арасын ажыратты деп ойлайсың ба деп қорықтым. Сен  маған олармен бірге болуды бұйырдың ғой. Сондықтан сенің оралуыңды күттім», – деп ақталды. Мұса адамдарды адастырғаны үшін Самириге қатты сөгіс берді. Ал, ол: «Мен саған ерген болып дініңнен аздаған нәрсе алдым да, одан соң оны тастап, бұзауға табынуға көштім. Ал, бұлар сенің кім екеніңді де дұрыс білмейді», – деді бет-жүзі бүлк етпей. Мұса оған қауымнан кетуді бұйырды. Ал, бұзаудың мүсінін отқа тастап балқытып, қалдығын теңізге лақтырып жіберді. Бәни Исрайл қате іс істегендеріне өкінді. Олар Тәңірге истиғфар жасады. Мұса оларға Аллаға жалынып күнәларына кешірім сұраулары керектігін, сонда ғана Алланың олардың тәубесін қабыл ететінін түсіндірді.

«Сен кеткен соң жұртыңды сиқырладық. Оларды Самири аздырып, бұзды» (Та-һа сүресі, 85-аят).

«Жұртына Мұса ыза блып, ренжіп оралды… «Тәңіріңнің сендерге берген жақсы уәдесі қайда? (Оны тосуға) уақыт сонша ұзап кетті ме? Әлде өздеріңе Тәңірдің қаһары келуін аңсадыңдар ма? Сендердің маған берген серттеріңе опасыздық жасағандарыңның себебі осы шығар, сірә?…»  (Та-һа сүресі, 86-аят).

«Саған берген сертке біз өздігімізден опасыздық еткеніміз жоқ, – десті олар. – Біз жұрттан асыл қазынаны көп ала шыққан едік. (Самиридің әмірі бойынша) біз оны отқа салдық. Самири де (өзінде барды) отқа салды» (Та-һа сүресі, 87-аят).

«Самири әлгі асыл ертінділерден олар үшін бір бұзаудың мүсінін жасады да, одан мөңірейтін үн шығарды. «Сендердің Тәңірлерің осы, – деді одан соң. – Мұсаның Тәңірі де осы. Мұса оны білмей іздеп кетті» (Та-һа сүресі, 88-аят).

«Әлгі бұзаудың сөзге жауап қата алмайтынын, өздеріне пайда да, зиян да келтіре алмайтынын олар түсінбеді ме екен деші?» (Та-һа сүресі, 89-аят).

«Бұрын Һарунның оларға: «Ей, жұртым! Мынау бұзауға сендер иланып қалдыңдарау. Бірақ сендердің Тәңірлерің – Алла. Маған бойсұныңдар, әмірімді тыңдаңдар!» – дегені хақ еді» (Та-һа сүресі, 90-аят).

«Бірақ «Мұса келгенге дейін біз осы бұзауға табына береміз», – деп отырып алды олар» (Та-һа сүресі, 91-аят).

«Ей, Һарун! – деді Мұса. – Олардың азғындықтарын көргенде менің айтқандарымды орындауға саған кім кедергі болды? Әлде менің бұйрығыма сен өзің опасыздық жасадың ба?» (Та-һа сүресі, 92-93-аяттар).

«Ей, ағеке! – деді Һарун. – Менің сақалымды, шашымды жұлмашы! Шын айтсам, сен мені Исрайл әулетінің арасына жік салдың, айтқаныма құлақ аспадың деп ұрсады екенсің деп қорықтым» (Та-һа сүресі, 94-аят).

«Ей, Самири! Саған не болды? – деді (Мұса)» (Та-һа сүресі, 95-аят).

«Олар көрмеген бір нәрсені мен көрдім, – деді Самири. – Елшінің басқан жерінен (Жебірейілдің ізінен) бір уыс топырақ алдым да, оны (бұзауға) шаштым, (бұзаудан дыбыс шықты). Бұл – менің өз жан-дүниемнің әмірі» (Та-һа сүресі, 96-аят).

«Кет! – деді Мұса Самириға. – Бүкіл өмір бойына (жан біткенге) «Маған жоламаңдар!» – деп өтетін бол. Сенің де белгілі бір уақытың (жаза тартатын) бары анық, саған бұйырған әмірінен Тәңірі таймайды. Өзің үнемі бас ұрған Құдайыңа қара! Біз оны, сөз жоқ, отқа жағамыз да, күлін теңізге шашып жібереміз» (Та-һа сүресі, 97-аят).

«Сендердің Тәңірің  – бір Алла. Одан басқа ешқандай құдырет жоқ. Бар нәрсені ол толық біледі» (Та-һа сүресі, 98-аят).

Құран бұл жайды былай баяндайды.

«Сол уақытта: «Ей, қауым! – деді Мұса өз әулеттеріне. – Сендер бұзауға табынамын деп шын мәнінде күнәға баттыңдар. Енді Жаратушыларыңа жалбарынып, тәубе келтіріңдер, күнәһарларыңның көзін жойыңдар. Алланың алдында солай еткендерің лайық. Тәубелерің сонда қабыл болады. Өйткені тәубені қабыл ететін де, рахым жасайтын да бір Алла ғана» (Бақара сүресі, 54аят).

БӘНИ ИСРАЙЛДЫ ЖАЗАЛАУ ЖӘНЕ КЕШІРУ

Бәни Исрайл бұзауға табынып үлкен күнә жасағандарын түсінді. Мұса олардың ішінен жетпіс кісіні мінәжат жасап, Аллаға бойсұну, істеген істеріне өкініп, кешірім тілеу үшін өзімен бірге Тур тауына баруға таңдады. «Алланы көзімізбен көрмейінше біз иман келтірмейміз», – деді олар. Сол уақытта төбелерінен жай түсіп, олар опат болды. Мұса жалбарынып, олардың надандығы, топастығы үшін кешірім сұрап, Тәңірінен оларға рахым етуді өтінді. Алла оларды кешіріп, өмірге қайта келтірді.

«Мұса Біз белгілеген мерзімге өз жұртынан жетпіс адамды сайлап алды. Бірақ оларды кенет қорқыныш басты. «О, Тәңірім! – деді Мұса. – Егер сен қаласаң бізді менімен қоса бұрын-ақ жоқ қылар едің. Арамыздағы кейбір ақымақтардың қылығы үшін қырып салмақсың ба? Қалаған адамыңды жолдан аздыратын, қалаған адамыңды тура жолға салатын бұл да бір сенің сынағың шығар. Біздің иеміз  – өзіңсің. Кешірім ет. Рахым қыл бізге! Сен кешірімдінің кешірімдісісің» (Әғраф сүресі, 155-аят).

«Анығында, біз өзіңе ғана сиындық, бұл дүниеде де, қиямет күнінде де бізге жақсылығыңды жаз! – деді (Мұса). «Жазаммен Мен қырыма алған адамды жазалаймын, ал мейірімім жан біткеннің бәріне ортақ. Әйтсе де Мен мейірімімді тақуаларға, зекет бергендерге және Біздің аяттарымызға иланғандарға төгемін» – (деді Тәңірі)»   (Әғраф сүресі, 156-аят).

«Сол сәтте сендер: «Ей, Мұса! Алланы көзімізбен көрмейінше біз саған сенбейміз», – дедіңдер. Сөйтіп тұрғанда найзағай ойнап, көзбе-көз сендерді жай оты ұрды» (Бақара сүресі, 55-аят).

«Содан соң шүкірлік етсін деп өлгеннен кейін сендерді тағы да қайта тірілттік» (Бақара сүресі, 56-аят).

БӘНИ ИСРАЙЛДЫҢ ТӨБЕСІНЕ ТАУ ТӨНДІРІЛУІ

Мұса Бәни Исрайлды жолға түсіруге тырысып бақты. Бірақ олардан көп қарсылық көрді. Сол кезде Алла олардың төбесінен Тур тауын көтеріп қорқытты. Олар тау түседі екен деп үрейленіп Аллаға жалбарынып, жалынды. Алла олардан кітапта жазылған әмір-бұйрықтарды бұзбауға, тура жолдан таймауға уәде алды.

«Кезінде Тур тауын төбелеріңе көтеріп уәделеріңді алдық. «Біз бергенді (Тауратты) бекем тұтыныңдар, оның бұйырғандарын есте ұстаңдар дедік. Күнәдан (тамұқ отынан) қорқар деп үміттендік» (Бақара сүресі, 63-аят).

«Сол берген уәдеден де тайып кеттіңдер. Егер Алланың сендерге мейірімі мен рахымы түспесе қасірет құшағында қалар едіңдер ғой» (Бақара сүресі, 64-аят).

БӘНИ ИСРАЙЛДЫҢ ҚАСИЕТТІ ЖЕРГЕ КІРУДЕН БАС ТАРТУЫ

Алла Мұсаға Бәни Исрайлмен Палестинадағы қасиетті жерге баруды бұйырды. Мұса қауымына Тәңірдің оларға көп нығмет бергенін, адасудан құтқарып, тура жолға бастау үшін іштерінен пайғамбарлар шығарғанын, еріксіз құлдықта болғаннан кейін еріктілерден еткенін айтты. Мұса қауымынан қасиетті жерге кіруді талап қылардан бұрын ол қалаға барлаушылар жіберді. Олар қаланың бекінісі  бекем, халқының ұзын бойлы, ірі денелі адамдар екенін айтып келді. Мұны естіген Бәни Исрайл қорқа бастады. «Ондай алыптармен соғысып, шайқасуға біздің шамамыз жоқ. Олар тұрғанда біз ол жерге кірмейміз», – деп бас тартты.

«Ей, қауымым! – деді Мұса өз жұртына. – Тәңірдің өздеріңе берген игілігін еске алыңдар. Кезінде Алла сендердің өз араларыңнан көптеген пайғамбарлар шығарды. Патшаларды да өз іштеріңнен жасады. Жер-жаһанда ешкімге бермеген ұлы игіліктерін сендерден аямады» (Мәъида сүресі, 20-аят).

«Ей, халқым! Алланың өздеріңе ұйғарған қасиетті жеріне (Бәйтул -Мақдиске) кіріңдер, кейін шегінбеңдер. Әйтпесе (екі дүниеде де) азап тартып қаласыңдар» (Мәъида сүресі, 21-аят).

«Ей, Мұса! – деді олар. – Қасиетті жерді қолдарында ұстап отырған қуатты (денелі, күшті) бір қауым бар. Олар шығып кетпесе біз ол жерге ешқашан да кіре алмақ емеспіз. Ал, шығып кетсе біздің қасиетті жерге кіруіміз сөзсіз» (Мәъида сүресі, 22-аят).

БӘНИ ИСРАЙЛ ШӨЛДЕ

Қандай жамағат болса да ішінен жөн айта алар бір-екі адам шығары сөзсіз. Бұл қауымда да насихатшы екі кісі бар еді. Олар қаланың қақпасынан қаймықпай еркін кіруді ұсынды. «Сол кезде қала тұрғындарының жүректеріне қорқыныш кіреді де, оларды жеңесіңдер. Тек Тәңірге тәуекел ету керек»,- деді. Бірақ Бәни Исрайл бұл ұсынысты қабыл алмады. «Тәңірге сүйенеді екенсіңдер, онда сендер барыңдар, біз осында отырып күтеміз», – десті.

Мұса қасиетті жерге кіруден бас тартқан қауымының бұл қылығына не істерін білмей дал болды. Оларға өзінің билігі де, әмірі де жүрмейтінін ұқты. Сонан соң олар туралы Аллаға шағынып, сөз де, насихат та өтпейтін осы бір адасқан қауымнан өздерін ажыратуды өтінді. Алла олардың қасиетті жерді баса алмай осылайша шөлде қырық жыл сенделіп жүретінінен хабар білдіріп, олар үшін босқа күйініп, күйзелмеуге кеңес берді.

«Алладан қорқатын және Тәңірдің тағылымы бойларына дарыған екі адам: «Қақпадан тіке шабуыл жасап кіріңдер. Қаланың қақпасынан тайсалмай кірсеңдер жеңіске жететіндеріңде дау жоқ. Егер Аллаға сенетіндерің рас болса, тәуекел етіп, соған сыйыныңдар», – деді. (Мәъида сүресі, 23-аят).

«Ей, Мұса!  деді – олар. – Ана  дәулер тұрғанда біз ол жерге тіпті де кіре алмаймыз. Тәңіріңе сүйен де, сен екеуің барып айқас. Біз осында күтіп отыра тұрайық» (Мәъида сүресі, 24-аят).

«О, Тәңірім! – деді Мұса. – Менің билігім тек өзіме және туысқандарыма ғана жүреді. Мынау бір адасқан қауымнан бізді бөліп тастағайсың!» (Мәъида сүресі, 25-аят).

«Қасиетті жерге олардың кіруіне 40 жылға дейін тыйым салынды, – деді Алла. – Бұл кезеңде олар жер бетінде сабылады да жүреді, алжасқан қауым үшін ақылыңды тауыспа» (Мәъида сүресі, 26-аят).

МҰСА ҚИССАСЫНАН ДӘРІСТЕР МЕН ҒИБРАТТАР

Қандай да бір халық билеуші тарапынан зұлымдық көріп, қуғын-сүргінге түсіп, қиыншылық өмір кешсе, олардың мінез-құлықтары өзгеріп, табиғи жаратылысы өзгеріске түседі. Мысырда перғауындықтар езгісіне түскен Бәни Исрайл халқында да бишаралық, құлдық мінез-құлық қалыптасты, күш-жігерден жұрдай болды. Сондықтан да Мұса қасиетті жерге кіруге шақырғанда оған еруге батылдары жетпеді, тәуекелге бара алмады. Сондықтан сол пиғылдарына қарай оларға қырық жыл шөлде тіршілік ету нәсіп етілді. Бұл Алланың  бір жағынан бостандыққа шыққанымен, екінші жағынан ауыртпалық, таршылық көріп, бұрынғы қорқақ, жүрексіз ұрпақтың дүниеден өтіп, орнына қиындық шегіп шыңдалған, өз күштеріне сене алатын жаңа ұрпақтың өсіп-жетілуі үшін жасаған тәсілі, кейін оларды қасиетті жерге кіргізуге дайындығы еді. Олардың бойларына сіңіп қалған құлдық, бағыныштылық сезімнен арылтып, батыл, ерікті жаңа адам қалыптастырмақ тәрбиесі болатын.

Алланың бұл тәрбие-тәсілін бүгінгі кезеңмен салыстырып қарар болсақ мүлде керісінше көріністі байқаймыз. Адамды, әсіресе жастарымызды адамгершілікке, ізгілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу емес, мүлде теріс бағытта ықпал етіп жатқан нәрселер көп. Атыс-шабыс, қырып-жою, зорлық-зомбылық, арсыздық, ұятсыздық  көрініске толы фильмдер, газет-журналдардың әдепсіз сурет-жарнамалары жастарымыздың санасын улап, ақыл-естерінен жаңылдырып, мінез-құлықтарын бұзуда. Мұндай хақ жолдан тайдырып, адами қасиеттен айыратын, ар-ождан, иманнан жұрдай ететін жат ықпалдарға тыйым салынып, тосқауыл қойылуы тиіс.

ЗҰЛЫМДЫҚ ПЕН КҮПІРЛІКТІҢ САЛДАРЫ

Адамдар бір-бірінен елді мекендерді, қалаларды қирататын жер сілкіністерінің, топан-тасқындардың, егістерді талқан ететін дауылдардың, адам баласын қырғынға ұшырататын соғыстардың себептерін сұрасады. Бірақ қанағаттанарлық жауап таба алмайды. Адамдардың басына келетін ондай апаттардың себебі Құранда айтылған. Олардың бәрі адамдардың  күпірлігі, зұлымдығы, күнәларынан болатыны Мұса қиссасында да баяндалған. Құранда күпірлік екі мағынада айтылған: Аллаға сенім жоқтық және көп құдайға сенушілік.

«Кәпірлерге дүниеде де, ахиретте де аяусыз жаза тартқызамын. Оларға ешқандай медеткер табылмақ емес» (Ғимран сүресі,56-аят).

«Азғындық жасағандары үшін Біз қанша қаланың халқын жойып жібердік. Бұл да өздеріне белгіленген уақыттарында жүзеге асырылған» (Кәһф сүресі, 59-аят).

«Бәрін де күнәларына қарай жазаладық. Бірінің төбесінен тас жаудырдық, енді біреуін ақырған ащы дауыс ұрды, тағы бірін (малмүлкімен қоса) жер жұтқыздық, тағы біреуін топан суға тұншықтырдық. Оларға жамандықты Алла жасаған жоқ, өздеріне өздері жасады»  (Әнкабут сүресі, 40-аят).

Бұл аяттан асқынған халықтарға жіберілген азап түрлерін көреміз. Олардың бірі шаңдарын көке көтерген күшті желден опат болса, бірін найзағай жайпады, енді бірін жер жұтты, тағы бірі суға кетті. Мұса қиссасында зұлымдығы, иманнан бет бұрып кеткендігі үшін Перғауын қауымына жеткен азап баяндалады.

«(Перғауын) және оның жасақтары жерде (Мысырда) кері бағып (иман айтпай), тоңмойындық жасады. Олар өздерін Біз жаққа (Тәңір алдына) келмейміз деп ойлады» (Қәсас сүресі, 39-аят).

«Біз Перғауынды да, оның жасақтарын да жазаладық. Біз оларды теңізге батырдық. Жауыздардың тағдыры немен тынғанына сен парасат көзімен қарап бақ» (Қәсас сүресі, 40-аят).

Құранда олардың теңіз суына қалай батып кеткені, арттарында қанша мәуелі бақтар, сарайлар, бұлақтар, жайқалған егістер, зор нығмет қалғаны, солардың бәрінің басқа қауымдарға мирас етілгені сипатталады. Сөйтіп, Құран Перғауын оқиғасы арқылы бұрынғы өткен қауымдар тарихынан хабар беріп, ескерту жасайды, тағылым алуға шақырады.

«Жер бетін кезіп жүргенде олар өздерінен бұрынғылардың тағдыры не болғанын білмей ме екен? Ал, бұрынғылар жер бетінде күш-қуат жағынан да, ескерткіштер қалдырудан да (ғимарат жасау) бұлардан жоғары болған еді. Күнәға батқандықтан Алла оларды жазалады. Ешқандай құдырет оларды Құдайдың қаһарынан сақтап қала алмады»  (Ғафир сүресі, 21-аят).

СЕНІМНІҢ БЕКЕМДІГІ

Егер адамдар шын жүректерінен сенер болса, ол сенім ешқандай материалдық күштен сескенбейді де мызғымайды. Мұны Мұсаның уағызына иланып, бойсұнып, сенген Перғауын сиқыршыларының мысалынан көруге болады. Олар Перғауынның қаһарына душар болса да, одан тайсалмай қарсы тұра білді.

«Сендердің  қолаяқтарыңды қиғаштап, сөзсіз, кесіп тастаймын (оң қол, сол аяқты немесе  сол қол, оң аяқты кесетін жаза болған). Сонан соң бәріңді дарға асып өлтіремін» (Әғраф сүресі, 124-аят).

Олар  Перғауынның аяқ-қолдарын кесіп өлтіретіндігі туралы осындай қорқытуынан еш қаймықпады, тайсалмай жауап берді.

«Шынын айтайық, біз Тәңіріміздің еркіне көндік. Сен бізді тек Тәңіріміздің өзімізге жіберген аяттарына иман келтіргеніміз үшін ғана кінәлап жатырсың. Ей, Тәңіріміз! Бізге сабырлылық бере көр. Бізді мұсылман қалпымызда көз жұмдыр!» – десті сиқыршылар» (Әғраф сүресі, 125-126-аяттар).

Бұл батыл айтылған сөздерден иман-сенімнің күшінің қандай болатынын айқын аңғаруға болады. Мұндай сенім басқа түсетін қайғы-қасіреттерді, қиындықтарды жеңілдетеді. Мұндай жағдайларға адам баласы ауру-сырқау, кедейлік, қуғын-сүргін т.б. жағдайлар салдарынан душар болып жатады. Аллаға шынайы сенім осындай кездерде күпірліктен, үмітсіздіктен сақтайды. Перғауын сиқыршылары да осындай нық сенім арқасында жазаның қандай түрі болса да  сабырлылық қылып шыдауға бекем тұрды.

Шындығында да қайғы-қасіреттер, түрлі ауыртпалықтар адамдыққа, сенімнің дәрежесіне сын, адамды душар етіп, шатастыратын түрлі жағдайдан тексеріп, анықтау болып табылады. Сондықтан да Құран заман ағымына бекем тұра алмайтын әлсіз иманнан сақтандырады.

«Көңілінде күмәні бола тұрып, Аллаға ғибадат жасайтын адамдар бар. Егер басына жақсылық жетсе, ондайлар дінде тұрады да, сәтсіздікке ұшыраса діннен безіп шығады. Ондайлар бұл дүниеде де, ахиретте де зиян шегеді. Мұның өзі барып тұрған адасу» (Хаж сүресі, 11-аят).   

АҚИҚАТТЫҢ ҮСТЕМ БОЛУЫ

Мұса қиссасы көмекшілері, жәрдемшілері қаншама көп болса да жалғанның қашан да жеңіліске ұшырайтынына, ал туралықтың ақыры жеңбей қоймайтынына тағы бір дәлел болып табылады. Перғауынның сиқыршылары адамдардың көз алдында сиқыр жасап, алдап тұрғанымен, Алланың өз елшісі Мұсаны мұғжизамен қолдайтынын, ал оның олардың сиқырынан да күшті екенін білмеді. Мұны Құран былай баяндайды:

«Таяғыңды таста», – деп әмір бердік Мұсаға Біз. Сол сәтте (оның таяғы айдаһарға айналып) аналардың құбыжықтарын түгел жұтып жіберді» (Әғраф сүресі, 117-аят).   

«Ақиқаттың беті ашылды. Олардың көрсеткен сиқырлары босқа кетті» (Әғраф сүресі, 118-аят).       

   Сиқыршылар өздері шебер меңгерген сиқыр өнерінің Алланың құдыретінің алдында дәрменсіз екенін түсініп, иманға келді, Перғауынның күш көрсетуінен қорықпады. Бұрынғы күнәлары үшін Жаратушыға бас иіп, кешірім етуін сұрады.

«Біз Тәңірімізге өзіміз жасаған күнәмізді және сен еріксіз жасатқан сиқырымыздың күнәсін кешсін деп, ақиқат Алламызға иман келтірдік. Алланың сауабы артық әрі оның жазасы да тұрақты»  (Та-һа сүресі, 73-аят ).

ХАЛЫҚТАР БОСТАНДЫҒЫ

Мұса қиссасында халықтар бостандығы сөз етілген. Алла Бәни Исрайл халқын бірнеше заман бойғы құлдықтан азат етіп, қорлықтан құтқарып, бостандыққа шығарды.

«Ал, сен Исрайл әулетін құл еттің. Осының үшін міндетсінесің бе маған? (Шуара сүресі, 22-аят ).

Бұл аят Мұса тілімен айтылған. Мұса оның халқын құлдықта ұстап, қанап, қатігездік көрсеткенін Перғауынның бетіне басады. Оны Перғауынның сарайына әкеліп, өсіріп, жеткізген Тәңірі екенін айтады.

САБЫРЛЫЛЫҚҚА ШАҚЫРУ

Перғауын Мұсаның қауымына көп қорлық көрсетті. Мұса оларды сабырлылыққа үндеп, иманға шақырды. Осыған байланысты Перғауынның езгісі одан бетер күшейе түсті. Мұсаның насихатына еруге тыйым салды. Азаптан қажып, ашынған олар: «Бұрын да қорлық көріп келген едік, сен келгеннен бері одан бетер азап шегудеміз», – деп шағынды. Мұса оларға жердің иесі Алла екенін, пенделерінен кімді қаласа оған соны мирас ететінін, сондықтан тақуалық жасап, жәрдемді Алладан тілеу керектігін, дұшпанның да тағдыры соның қолында, қаласа оның ажалын да тездетуі мүмкін екенін түсіндірумен болды. Алланың жақын арада оларды жеңіске жеткізетінін, егер күресті жалғастыра берсе оларға жігер беріп, күшейтетінін, жүректеріндегі қорқыныш пен үмітсіздікті жоятынын, сөйтіп дұшпанынан үстем ететінін білдірді.

АСҚЫНУШЫЛАРДЫҢ АҚЫРЫ

Елді, халықты басқаруда асқынып, шектен шығудың ақырының қандай болатынын Перғауын мысалынан айқын көруге болады. Ол өзін Құдаймын деп жариялады. Өзінен рұқсат болмайынша өзге еш нәрсеге сенулеріне тыйым салып, адамдардың ақыл-ойларын шектеді. Билеп-төстеуге жеңіл болу үшін халықты әулеттерге, ізбасарларға жіктеп, бөліп тастады. Құлақтарын хақ сөзді естімейтін саңырау етті. Оның әскерлері зұлымдық жасауда шектен шықты. Бәни Исрайл балаларын өлтіртті, тек әйелдерін ғана тірі қалдырып отырды. Сондықтан осындай қудаланып, қуғын-сүргін көрген халықтың зұлымдыққа қарсы күресте қайтпай, бекем тұрғанда ғана жеңіске жететінін қисса оқиғасынан анық байқаймыз.

МҮЪМИНДЕР ЖЕҢІСІ

Қауымы иманкелтіргенкезде Алла Мұсаға Мысырдан көшіп кетуге рұқсат етті. Алайда Перғауын және оның әскері оларды теңіз жағасына келген кезде қуып жетті. Мұны көрген адамдардың бойын үрей билеп, көздеріне өлім елестей бастады. Алдарында толқын атқан теңіз, арттарында қалың қол, одан құтылар жол жоқтай көрінді. Бірақ Мұса қорқынышқа бой алдырмай, қатерге тайсалмай қасқая қарап тұрып қауымына Тәңірдің оларды тура жолға салатынын, мұның Алла жолындағы күрес екенін түсіндіріп, жалтақтамауға, үміт үзбеуге шақырды. Шынында да Алла Мұсаны және онымен бірге болғандардың бәрін құтқарып, перғауындықтарды суға қарық қылды.

ДӘСТҮРЛІ БАСШЫЛЫҚТЫҢ СИПАТЫ

Перғауын өз қауымын ата-бабаларының дәстүрлік жолымен басқарушы еді. Ол дәстүрлік жол адамдардың ізденуін, алға басуын, дамуын шектейтін, соқыр сенімге негізделген керітартпа жол болатын. Халық осындай басқаруға әбден мойынсұнған, одан өзге тәуір, жарық жол бар деп білмейтін. Мұндай қараңғылықтан халықты бұрынғы өткен пайғамбарлар да шығара алмаған еді. Осы  дәстүрлік әдет-салтқа қалыптасып қалған қауым Алла нұсқаған жолмен емес, ата-бабаларынан қалған ескі жолдан тайғысы келмеді. Ата-бабамыздың сенімінен ажыратып, осы жерге өздерің ие болмақсыңдар деп Мұса мен Һарунға кінә тақты.

«Сен екеуің бізді ата-баба сенімінен бездіру үшін және атамекен салтанатына өздерің ие болу үшін келгенсіңдер ғой, сірә? Біз екеуіңе де сенбейміз», – десті олар» (Жүніс сүресі, 78-аят ).

ЖҰМСАҚ СӨЗБЕН ШАҚЫРУ

Мұса мен Һарун Тәңірінің әмірін қабыл алып, Перғауынды Аллаға құлшылық етуге шақырумен болды. Алла ол екеуіне Перғауынмен жұмсақ, сыпайы, әдеппен сөйлеуді бұйырды. Қатты, ауыр сөздер айтпауды тапсырды. Өйткені жылы сөз жүректі жұмсартады, естігенін ескеріп, іске асырмағанмен, ең құрығанда есте қалады. Ал, қатты сөз керісінше адамның ашуын келтіріп, қарсылығын туғызады. Сондықтан тек жұмсақ, байсалды насихат қана пайда бермек.

ИМАНДЫ АҚЫЛ АРҚЫЛЫ ТАБУ

Мұса қиссасында Алланың бар екендігі көптеген дәлелдер ақылы көрсетілген. Мұса жаратылыстың таңғажайып құбылыстарын мысал ете отырып, Перғауынды бір Аллаға құлшылық етуге шақыруға бел байлады. Перғауын секілді залымды иманға шақыру үшін жүректілік керек еді. Мұса Перғауынның Алланың  кім екендігі туралы сұрағына егжей-тегжейлі жауап берді. Алланың барлық нәрсені белгілі бір тәртіппен жаратқанын, адам баласы қанша ойласа да оның түп негізіне жетуі қиын екенін айтты. Айналадағы құбылыстарға, өсімдіктердің, аң-құстардың, теңіздегі хайуанаттардың тіршілігіне зер салып  қараған адам Алланы да таниды. Солардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын алуан түрлі болса да бәріне ортақ өсіп-жетілу, даму, тіршілігін жалғастыруының жүйесі, тәртібі бар. Соның бәрін кім белгілеп, кім бақылап-басқарып отыр? Адамдарды, хайуанаттарды, өсімдіктерді жұп-жұбымен жаратқан кім? Осы жаратылғандардың барлығынан да адам баласы керегін пайдаланады. Мұның бәрі Алланың белгілеуі. Осының бәрін ақылға салу арқылы Алланы  танимыз.  Мұса Перғауынға осындай дәлелдер келтіре отырып насихат етті.

ЕЖЕЛГІ МЫСЫРЛЫҚТАР СЕНІМІ

Перғауын мен Мұса арасында мысырлықтардың Аллаға ширк келтіретіндігі жөнінде сөз таласы жүрді.

«Күллі әлемнің әміршісі дегенің кім өзі?» – деді (Перғауын)» (Шуара сүресі, 23-аят).

«Шын сенетін болсаңдар (айтайын), – деді Мұса.  – Ол – жердің де, көктің де, оның екі арасындағылардың да иесі (Алла!)» (Шуара сүресі, 24-аят).

«Оу, естіп тұрсыңдар ма?» – деді (Перғауын) төңірегіндегілерге» (Шуара сүресі, 25-аят).

 (Білебілсеңдер) Ол сендердің де, өздеріңнің бұрынғы атабабаларыңның да Тәңірі», – деді (Мұса)» (Шуара сүресі, 26-аят).

«Сендерге жіберілген мынау пайғамбар нағыз есалаңның өзі екен», – деді (Перғауын)» (Шуара сүресі, 27-аят).

«Білебілсеңдер, – деді (Мұса). – Шығыс пен батыстың да, оның екі арасындағының да иесі сол – Алла!» (Шуара сүресі, 28-аят).

«Егер, – деді (Перғауын), – менен басқа тағы бір құдырет бар деп табынатын болсаң, онда сені тұптура қапасқа саламын!» (Шуара сүресі, 29-аят).

Құран аяттары Алланың біреу екенін, Онымен ешкімнің таласа алмайтынын көрсетеді. Өйткені Ол – көктің де, жердің де және олардың аралығындағылардың да жалғыз иесі. Ал, мысырлықтар көп Құдайға табынады, әр нәрсенің жеке Құдайы бар деп таниды. Олар аспан Құдайын Нұт (Nout) деп атап, оны батыр әйел бейнесінде суреттеген. Жер Құдайының аты Ғап (Gheb), оны Нұттың  ері деп санаған. Ал, аспан мен жер аралығын басқаратын Құдай  Шоу (Chou). Сондай-ақ, ай Құдайы да болған. Құдайлардың ұлығы Күн деп есептеген.

Бұларға қоса мысырлықтарда Қорқыныш құдайы (Ибжу), Өлім құдайы, әр қала, әр мекеннің (Аман, Анубис, Аунурис, Аузирис, Баст, Һур, Анкат) құдайлары да болған. Сондай-ақ, өлім патшасы деген де болған. Оның қабірінің жанынан шоқынатын орын да жасаған. Мұса осының бәрінің бір Алланың ғана қолында екенін, күнді, айды шығарып-батыратын да, бүкіл әлемге нұрын төгіп, тіршілік беріп отырған да сол Алла екенін, олардың Тәңірі деп жүргендері ата-бабаларының Тәңірісі екенін айтты. Бұл Перғауынның құдайылығын жоққа шығару еді. Перғауын мүлде ашуланып, Мұсаны қапасқа саламын деп қорқытты.

Бұл Құдайлармен қатар ежелгі мысырлықтар патшаларын да Құдай деп санаған. Алайда олар құдайлық үкім еткен емес, себебі қанша жерден патша болса да адам баласы педешілікке бой ұрмай тұрмайды. Сондықтан Аллаға лайық әділдікпен басқара алмайтыны мәлім.

АЛЛАНЫ ПӘКТЕУ, ОНЫҢ ХАҚТЫҒЫ

Көп адамдар Жаратушыны толық танып-білмеудің салдарынан адасып-шатасуда. Оның бейнесін, сипатын, көзі, құлағы, қолдарын адамға немесе әлде бір жаратылыстарға ұқсату, оның атына түрлі жарамсыз түсініктер енгізу сияқты жағымсыздықтар орын алуда. Құран оны жаратылыстарға ұқсатудан толық ажыратып, Жаратушының сипатын көркем есімдері арқылы анықтап берді. Бүкіл әлемде оған мысал болатын ұқсас нәрсе жоқ екенін, оны білетіндей ілім де болмағанын айтты. Жаратушының сипатының адамдардың сипаттауларынан мүлде бөлек екенін Мұса қиссасындағы оның Тәңірді көруді талап еткен кездегі көріністен айқын көреміз.

«Келіскен мезгілде келген Мұса Тәңірге тіл қатты: «Ей, Тәңірім! Маған өзіңді көрсетші. Сені бір көріп алайыншы» – деді. «Мені еш уақытта да көре алмайсың. Дегенмен тауға қара. Егер тау қозғалмай орнында тұрса мені көріп те қаларсың» – деді. Тәңірі таудан елес берген сәтте тау күлталқан болды. Мұса талып түсті. Есі кірген кезде: «Сен – пәксің, мен саған тәубе келтірдім, әрі саған сенушілердің алғашқысы мен боламын», – деді»  (Әғраф сүресі, 143-аят).

Еврей халқы Мұсаның өзі иланып, оларға танытқан бір Алладан ауытқып, кейін Яхве атты Құдайға табынып кетті.

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті