Павлодар: Қызылағаш ауылында мешіт ашылды

0
198

Павлодар облысы Ертіс ауданының Қызылағаш ауылында жаңа мешіт ашылды.

Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне облыс бас имамы Жолдас Қоспақұлы, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы және Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Барлыбайұлы бастаған облыс, ауданның жергілікті билік өкілдері, құрметті азаматтары, ақсақалдар мен әжелер қатысты. Арнайы бағдарлама бойынша жүргізілген іс-шара көптің  көңілін ерекше көтерді. Мешіттің ашылу рәсімі барысында Құран оқылып, имамдар халыққа уағыз-насихат айтса, басшылар ел мен жер, бейбітшілік, береке-бірлік, тыныштық туралы көңілге қонымды лебіздерін жеткізді.

Сондай-ақ қонақтарға арнайы ақ дастарқан жайылып, жасы үлкендердің алғыс, бата тілектері айтылды. Одан кейін ұлттық күрес, ат жарыстары ұйымдастырылып қуанышты мерекеге ұласты. 

«Павлодар облысының орталығынан ең шалғайда орналасқан ауылдардың бірі саналатын Қызылағаш ауылына жаңа мешіттің ашылуы бізді де ерекше  қуантады» дейді бас имамы Жолдас Қоспақұлы.

Жаңа мешітті осы ауылда туып өсіп, өмірін өткізген қадірменді ақсақал Зен қажы Зайырдың ұрпақтары салды. Мешіт құрылысы өте қысқа мерзімде тұрғызылып, халық игілігіне берілді. Яғни, биылғы мамыр айында басталып қыркүйек айында аяқталды. Жаңа мешіт Ертіс ауданы бойынша 10, Павлодар облысы бойынша 108-мешіт болып тіркелді.