ШҚО: Бас имам студенттермен кездесті

0
147

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында ҚМДБ ШҚО өкілдігінің ұйымдастыруымен «Жастар – ізгі қоғам айнасы» тақырыбында кездесу өтті.

Айтулы жиын С.Аманжолов атындағы ШҚУ ғимаратында студенттердің қатысуымен ұйымдастырылып, Өскемен қалалық прокуратурасымен ШҚО полиция департаментінің кәмелеттік жасқа толмаған жастар істері бойынша қызметкерлері арнайы қатысты. Басқосуда бас имам Ермек Қасболатұлы рухани құндылықтардан тәлім-тәрбиелік маңызы зор, ұлтымыздың салт-санасымен ұштасқан тағылымды тамаша әңгімелер айтты.

Бас имам: «Бүгінгі таңда жастар арасында құмар ойындары етек жайып, кеңінен белең алуда. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҚР Президенті айтқандай: Қазақстандағы лудомания проблемасы кеңінен тарап, құмар ойын ойнау көптеген отбасыларды зардап шектіруде. Дініміз исламда құмар ойындары арам етіліп, лағынеттелген. Арам етілген ойынға қызығушылық танытқан адам басынан өзін тыймаса, соңы өкінішке апарып соқтырады. Өйткені арам жолмен табылған дүниеде береке болмайды» дей келе, осы бағытта кең көлемде насихат айтып, жастарды құмар ойындарынан сақтандырды. Ермек Қасболатұлы әңгіме барысында жастарға өмірден алынған нақты мысалдар да келтірді.

Жиында құқық қорғау органдарының өкілдері де лудоманияның зияны тақырыбында жастарға ақпараттық-түсіндіру бағытында кеңестер берді. Профилактикалық жұмыс жүргізіліп, зардаптары туралы айтылып, қарастырылған құқықтық жауапкершіліктер жөнінде мағлұматтар берілді. Кездесу соңында осы тақырыпты кеңінен түсіндіру мақсатында өкілдіктің бастамасымен жастарға түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп тұруға уағдаластық жасалды. 

С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы шараны тағылымдық маңызы зор деп бағалап, бастама иелдеріне және қатысушыларға алғыс айтты.