Ақмола: Молодежный ауылында мешіт ашылды

0
135

Мешіт – Алланың үйі, руханият орталығы. Жуырда ғана Көкшетау қаласының іргесіндегі Зеренді ауданына қарасты Молодежный ауылында жаңа мешіт есігін айқара ашты.

Мұнда осыған дейін мешіт мүлде болмаған еді. Ауыл тұрғындары бастама көтеріп, қаражат жинады. Бұған да бес жыл өткен екен. Мешіттің ашылу барысында құрылысқа үлес қосқан азаматтарға бас имам атынан алғыс хат табысталды. Жаңа мешіттің әр тасын, кірпішін ауыл тұрғындары өздері қалады.

Мешіттің ашылу рәсіміне облыс бас имамы Қуаныш Сәбит, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Достық» үйінің директоры Ермек Нұғыманов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Закарянов және ауылдың абыз ақсақалдары, зиялы қауым және елге танымал тұлғалар қатысты. Жиналған жамағаттың қуанышында шек болмады. Бұл да имандылыққа бет бұрған ауылдың болашағы жарқын дегенді білдірсе керек. Мешіттің ашылуы жиналған қауымға арналған аспен жалғасты.