Деструктивті діни ағымдардың шынайы бейнелері

0
440

       Қазақстан секілді зайырлы қоғамға көп дінділік тән. Әрбір жас ұрпақ дінтану мен теологияның негізін білуі қажет. Себебі, қоғамды қаптаған әртүрлі діни ағымдар мен діни бірлестіктердің шығу тегін, бағыты мен мақсатын білуі маңызды. Әйтпесе, өзі болмаса да досы, інісі шүбәлі, күдікті діни ағымдардың ықпалына өтіп кетуі мүмкін екендігін естен шығармауымыз қажет. Әсіресе, ислам атын жамылған кереғар ағымдарға анықтама беру күрделі мәселелердің бірі. Өйткені, бір діннің ішінде теологиялық көзқарастардың әртүрлілігі діни араздықтың туындауына себеп болуда. Ар-ождан яғни, діни сенім бостандығы әркімнің бұлжымас құқығы ретінде ҚР Атазаңында бекітілген. Бұл құқыққа қол сұғуға заңдық және құқықтық негізде де жол берілмейді. Бірақ деструктивті секталар мұны елемей адамдарды өз тарапына үгіттеп жүргені белгілі. Қазақстанда әртүрлі деструктивті және тоталитарлық ағымдар жетегінде жүргендер бар деп көрсетілуде. Олармен қоғамдық негізде жұмыс істейтін реабилитациялық орталықтар бар. Діни ұйымдардан өз бетімен кеткендерге арнайы мамандар мен жақын адамдарының көмегі көрсетілгенде, олар көп жағдайда өзін басқа қоғамның адамы ретінде сезінетіндігін айтқан.

     «Деструктивті секта» термині ХХ ғасырдың басынан бастап АҚШ, Ұлыбританияда жастарды «зомби» болуға тәрбиелеген, өз отбасынан алшақтаған, қоғамда өшпенділік тұғызған «жаңа діни ағым» лидерлеріне қатысты қолданыла бастады. Деструктивті культ немесе деструктивті секта ағылшынша-destructivecult – өлтіруші секта деген мағына береді. «Деструктив» терминін әлеуметтанушылар, психологтар, криминалистер, публицистер жиі қолданады. «Деструктив»-ұғымы қоғамға, отбасына материалдық, психологиялық және дене жарақатын жеткізген діни ағымдарға, секта лидерлеріне қатысты қолданады. Ал теологтар мен дінтанушылар деструктивті культ терминін өзін «жаңа діни ағым» немесе «бұрынғы аталардың құлшылық жолын жалғастырушымыз» деп санайтын құдайға жақындаудың өзгеше әдісін қолданатын, өз шәкірттерін қоғамнан оқшау ұстайтын, оларды «қасиетті адам — культке табынатын» секталарға қатысты айтады. Деструктивті секталар яки культтер адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені, жалған шахидтікке тәрбиелеп лаң салғаны және дүние-мүлкін  соған жұмсағаны үшін айыпталып жатады. Адамдардың «санасын басқаратын», «миларын шаю» секілді манипулятивтік әдіснаманы қолдана отырып, өзіне бағындырып ұстайтын культтердің белең ала  бастағаны бүгінгі озық ойлы ғылыми қауым өкілдерін алаңдата бастады.

      Қазіргі таңда қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған негізгі діни мәселелердің бірі — салафизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда жастардың арасында белең алуы.  Дін кең, әрі өте нәзік нәрсе. «Менікі дұрыс» деп дінді монополия жасауға болмайды. «Біздікі ғана дұрыс, қалғандардың барлығы адасып жүр» деген сенімге байланудан  шиеленіс туады. «Пайғамбар заманындағы мұсылмандар ұстанған жолды ұстанамыз» деп, жекелеген адамдардың идеясын насихаттап жатқанын сезбейтін секілді. Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәзһаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шыға алмаған соң, ол соның мәзһабында деген сөз. Басқа мәзһабтарды танымайтын, қоғамда ши шығаратын, бүлік жасайтын мазһаб ол. Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кереғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын ағымдар, топтар пайда болады. Сондықтан, кез келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі.

        Қазақ даласына ежелден оның салт-дәстүрлерімен сабақтасып, кең етек жайған — ханафи мәзһабы. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, намазын да оқыған.

       Жаңа пайда болған салафи ағымының мұсылмандарға тыйым салған кейбір көзқарастарына тоқтала кетейік.  Олар өлгендерге құран оқу, құран бағыштауды бидғат деп санайды. Неліктен? Оны өздері де жете түсіндіріп бере алмайды. Қисынды ғылыми тұжырымы жоқ.

      Намаз оқымайтындарды, соның ішінде өзінің ет-жақын туысы, тіпті ата-анасын кәпір санау нағыз сауатсыздық, надандық деуден басқа амал жоқ. Намаз оқимын деп өзін тақуа, яғни «жарты әулие» етіп көрсеткісі келетін олардың ішінде алаяқтар мен өтірік айтып отырғанын білмейтіндер баршылық. Мысалы, сақал-мұртты алуға болмайды. Сақалды қыру харам дейтін оларға оны қайсы аятта айтылған? десең тұшымды жауап ала алмайсың. Олар діни өшпенділікті қоздырып жіберуден тайынбайды.

      Намаз оқымаған адамды «кәпір» немесе «дінсіз» деуге болмайды. Мұны балағаттау, жөнсіз айыптау деп түсінген жөн. Намаз әркімнің жеке ісі. Біреудің намаз оқымағаны үшін сен жауап бермейсің. Ол Аллатың алдында өзі жауап береді. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы туралы халықаралық заң 1948 жылы қабылданды. Соның негізінде әрбір елдің Атазаңының 22-бабында діни сенім бостандығы көрсетілген. Дінді ұстау, ұстанбау әр адамның өз құқығы. Бұл құқықты біздің елде сақтау маңызды. 

      Намаз оқыған адам тақуа саналады әрине. Намазын оқып, намаз оқуға үндеп жүрген, мінез — құлқы көркем, білімі бар, киім кию талғамы жақсы дәстүрлі дінімізді ұстанатын жастардан сүйсінесің. Жұма намазда мешіттің іші тола сондай жастар. Құдайға шүкіршілік айту керек жастар арасында діни білімі барлар көбейіп келеді. Радикалды көзқарастағылармен қатынаста олар сабырлылық танытып,  дін тақырыбындағы диалогқа араласа бермейді.

      Деструктивті діни ағымдар дәстүрлі діннің беделін түсіреді. Руханияттың ажырамас бөлігін құрайтын діннің әлсіреуі мемлекеттің дамуын тежейтіні де белгілі.

      Діни өшпенділікке қарсы күрестің бірден-бір пәрменді құралы – діни ағартушылық жұмыстар, ол үшін мұғалімдерді дінтануды оқуға баулу. Деструктивті ағымдар тарихын терең білетін, оқушыларды толеранттылыққа баули алатын мұғалім ғана «діни иммунитеті» қалыптастыра алады.