Сектор меңгерушісі – Ұлытау өңірінде

0
287

ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева Жезқазған қаласына іссапармен барды.

Сектор меңгерушісі Ұлытау облыстық орталық «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешітінде өткен «Мәуліт кеші» және «Құран нұрынан тәж» атты екі бірдей мерекелік кешке қатысты. Рухани шараға Сәтпаев және Жезқазған қалаларының қыз-келіншектері және егде жастағы әйел жамағаты көрермен болып келді. Алдымен Әйел-қыздар секторының меңгерушісі, ұстаз Динара Құтқожақызы және сектордың Жамбыл облысындағы жауапты өкілі Жазира Болатқызы тартымды уағыздарымен жамағатты ерекше әсерге бөледі.

Қасиетті Құран Кәрімнің жүрегі болған «Ясин» сүресі оқылып, қыздарға тәж кию рәсімі, сондай-ақ көптеген қызықты ойындар ұйымдастырылды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі, яғни сирадан көрермендер арасында онлайн каһооt ойыны өтіп, ең үздік үш көрерменге сыйлықтар берілді. Кеш одан сайын берекелі болу мақсатында көрермендер арасында салауат жарысы болды. Ең көп салауат айтқан көрерменге сыйлық табысталды және қыздар арасында  сүннет айтудан жарыс болды. Белсенді қатысқан қыздарымызға арнайы сыйлықтар тарту етілді.

Сауат ашу курсында екі жарым ай бойы ілім алған 25 қызға сертификаттар және әрбір шәкіртке Құран Кәрім табысталып, тәж кию рәсімі өткізілді. Рухани кешке қаладағы мұсылман заттары дүкендері демеушілік жасады. Шәкірттердің орындауында әсерлі нашидтар айтылса, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арнауды Сапарғалиева Тахмина оқып көрермендерді тебірентті. Ал 110-ға жуық адам қатысқан кеш соңында әйел жамағаты «Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат» атты өлеңді айтып тарқады.

Бұдан бөлек, Динара Құтқожа қызы келесі күні әйел жамағатымен арнайы жүздесіп, Республика күніне орай «Отанды сүю – иманнан» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Әсерлі әңгімесінде ұстаз қыз-келіншектерге Отанның, егемен еліміздің қадірін түсінуді, тәуелсіздіктің баға жетпес нығмет екенін атап өтті.