«ҚҰРАНШЫЛАР» қандай ағым?

0
178

Бүгінде қазақ жері дәстүрлі Ислам дінін негіз еткен мұсылман қауымының бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған құтты мекен екені белгілі. Бұл талай жылдар аңсаған егемендіктің жемісі нәтижесінде келді. Алайда, осындай айрандай ұйып отырған берекелі де мерекелі елге сүйсіне де, сүзіле қарайтындар да жеткілікті. Олар мұндай қызғаныштарды ішіне сыйғыза алмай түрлі құйтұрқы саясат жүргізуге де бар. Сондай саясаттың бірі ретінде дінді негіз еткені кез келген көзі қарақты азаматқа айтпаса да түсінікті.

Бүгінде қазақ қауымының осал тұсы осы діни сауатының таяздығы болса керек. Олай дейтініміз, бүгінде елімізге қайдан, қашан келгені белгісіз діни ағымдар саны артып тұрғаны баршамызға жасырын емес. Солардың бірі  — құраншылар. Бүгінгі таңда «құраниттер» деген атпен танылған бір топ өздерін көпшілікке Құранды жақсы көретіндерін паш етумен танылуда.

Құран — Аллаһтың сөзі. Құран сөзінің сөздік мағынасы — оқу, бір нәрсенің оқылуы. Міне, осы негізде құраншылар басты қағида етіп қасиетті Құранды алады. Құран десе кім қарсы шығады? Сол себепті байыбына барып, таразылап қарамаса, ә дегенде ажыратып алу оңайға соқпасы анық. Айтылған уәждерге қасиетті Құран аяттарын келтіріп тұрған соң кім қарсы келе қояр дейсің? Сол себепті бұл мәселені түсініп, ажыратып алу қажет.

Жалпы алғанда, құраниттер-құраншылар деген атаудың өзі – шындыққа жанаса ма? Мәселе осында. Бұл жөнінде көптеген пікірлер бар. Олай дейтініміз құраншылар өздерін «Біз Құранды басшылыққа аламыз, Құранның негізінде жүреміз» дегенді негізге алады. Сол үшін олар өздерінің теріс пиғылдарына Құранды пайдаланады, яғни құранды бетперде етеді, Пайғамбарымыздың сүннетін қабылдамайды. Мұны осыдан-ақ көруге болады. Бірақ, олар «қасиетті Құран кәрімді жақсы көреміз» деп егіздің сыңарындай болған Пайғамбарымыздың сүннеттерін жоққа шығарып жүргендігі тіпті түсініксіз. Егер тереңіне мән берсек, Пайғамбарымыздың хадисін мойындамаса, онда олар Аллаһ Елшісін де мойындамайтынына еш күмән болуы мүмкін емес. Демек, Пағамбарымызға сенуге күмән келтірген болса, онда шариғаттың негізгі тірегі болған (Құранға қоса) хадис, тәпсір, қияс мәселелеріне қоса, сахабаларға, Ислам ғалымдарына, олардың пәтуаларына, яғни Исламның қайнар көздеріне теріс қарап, оларды жоққа шығарады деген сөз. Қасиетті Құран кәрімнің Аллаһ тағала тарапынан Пайғамбарымызға уахи арқылы түсірілгенін мойындаса, онда қасиетті кітапты кеңінен түсіндіретін Аллаһ Елшісінің хадистерін теріске шығаруы ақылға сыймайды. Құраниттердің түсінігіндегі тағы бір таңғаларлық жәйт, олар Құран аяттарының астарлы мағынасына мән бермейді. Оның аяттарын сөзбе-сөз түсінеді және солай түсіндіреді. Соның негізінде, қасиетті кітаптың мағынасын нақты түсіне алмай, тәпсірлеу, мағынасын ашу мен ғылыми негіздемені жоққа шығарады. Олардың ұғымынша Құранды тәпсірлеу, яғни мағынасын ашу, оның құндылықтарын зерттеу, аяттардың үкімін хадиспен байланыстыру — Аллаһ тағаланың үкімдеріне бейімделу, қиялға бой алдыру не болмаса жеңілдікке салыну деген пікірді алға тартады. Мұндай өзгерістер өз кезегінде халықтың мәдени, рухани өміріне, салт-санасына, психологиясына әсерін тигізді.

Сөзімізді түйіндей келгенде, бүгінде бой көрсетіп жүрген құраншылар тобы қоғамға зияны көп ағым ретінде танылған. Олардың «жастарды имандылыққа тартамыз, сол жолда өзіміздің үлесімізді қосамыз» деп жүргені казақтың «мүйіз сұраймыз деп жүріп, құлағымыздан айырылыппыздың» кейпін келтіреді. Сондықтан, адасушылықтың арты соқпақ екені анық. Ал, бүгінде қарқынды дамып, әлем жұртшылығына өзінің жетістіктерімен танылған тәуелсіз еліміздің ішіне іріткі салатын мұндай топтарға мүлде орын жоқ.