Конфессияаралық келісім — зайырлы қоғамның талабы

0
167

ХХІ ғасырдағы дінаралық қатынас – толерантты қатынас. Қоғамның толеранттылығы өздігінен пайда болатын нәрсе емес. Ол – ғасырлар бойы тәрбие арқылы қалыптасқан қоғамдық жетістік. Бұл жетістік ел, ұлт құндылығы ретінде халықтың әдебіне, мінезіне әсері зор. Ал, мінездің негізі дінде. Дін сенім-білімнің сәулет жарығы арқылы келеді. Толеранттылық, тағаттылық әр заманда адамзат үшін маңызды ұстаным болып табылды. Қазіргі жаһанданған әлем үшін оның маңызы еселеп артып отыр.  Қазақстан Республикасы – түрлі конфессиялардың мекені. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, тілді және конфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Бұл ұлттар мен ұлыстар түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, діндер мен конфессиялардың тағдырлы тоғысы болып табылады. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің де, азаматтық қоғамның да негізгі міндеттерінің бірі.

Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заман үшін өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешу үшін жиналады. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осындай кездесулерінің бірінде еліміздегі конфессияаралық келісім мен диалогтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының  бір кездесуінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толеранттылық, өзара құрмет көрсету мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік.

Қазақстан діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде терең көне дәстүрлерге ие. Қазақстан көне заманнан бері көптеген мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Осылайша, ежелден-ақ біздің халқымыздың бойында этносаралық және конфессияаралық толеранттылық қалыптасты. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлтаралық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, отанды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін кереғар діни ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.