Жамбыл: Имамдар жылды қорытындылады

0
159

Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде өңір имам-молдаларының 2023 жылды қорытындылау жиыны өтті.

Шара қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Құранды «Құран қарилары» курсының шәкірті Нұрислам Бейбітұлы оқыды. Бұдан кейін облыс бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев облысқа қарасты қала-аудан бас имамдарының жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін қабылдады. Шараға аудан бас имамдарымен қатар қалалық және ауылдық мешіттің имамдары, Әйел-қыздар секторының ұстаздары, жалпы 270 дін қызметкері қатысты. Имам-ұстаздар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен 5 бағыт: «Ізгі қоғам», «Дін мен дәстүр», «Ихсан және насихат», «Діни оқу ағарту», «Жат ағымдаран сақтану» бойынша жасаған жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Сонымен қатар Діни медиа, «Әйел-қыздар секторы», Пәтуа жұмыстары, Діни сараптама, Халал Даму, Мешіт істері бойынша да тілге тиек етті.

Аталған бағыттарға жауапты мамандар көпшілік алдында сөз сөйлеп, жылды қорытындылады. Облысқа қарасты әрбір өңірдің көрсеткішін баяндап, үздіктерді құттықтап, алдағы жылы мұнан да белсенді жұмыс атқаруға шақырды. Ал жыл үздіктері марапатына келсек, «Үздік өңір» атағын Тараз қаласы бастап алып, «Үздік қала имамы» номинациясы бойынша Бекболат Мыңбаев, Ғалымбек Жапек пен Лес Аслан «Үздік наиб имам», Әбусейіт Қоспанов, Саламат Аманбаев пен Бақдәулет Оспанов «Үздік ауыл имамы» атанды. Ал Ғалымжан Қонақбаев «Үздік мақала авторы», Байзақ ауданы «Мақала жазу бойынша үздік аудан» атанса, Бірлік Амангелді, Самат Тұрсынбеков «Үздік ұстаз», «Үздік әйел ұстаз» номинациясымен Жайна Бекназарова, Жетпісбай Әлімбеков «Үздік қайырымды имам», Хусей Идынов «Үздік азаншы», Ақерке Бекқұлова «Үздік БАҚ тілшісі», Абылайхан Карипбаев «Үздік Халал Даму қызметкері» номинациялары бойынша марапатталды.

«Осы алғыс хатпен асыл дініміздің өркен жаюы жолында қажыр-қайрат көрсетіп, 2023 жылы Алла разылығы үшін мүфтияттан және өкілдіктен жолданған тапсырмаларды жоғары деңгейде орындағаны үшін марапатталады» деген алғыс хат мәтіненде. 

Облыс бас имамы Жамбыл өңірінің діни хал-ахуалы үшін еңбек сіңіріп жүрген имамдарға, ұстаздарға алғысын айтып, Алланың дініне қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.