Алматыда өткен «DASTUR FEST» дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртты

0
149

Республика күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «DASTUR FEST» көрмесінде наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен қоғам белсенділері және Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы әжелер ауылын тамашалады. Дін  мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртуға бағытталған көрмедегі ерекше ел ықыласына бөленген – әжелер ауылы болды. Он саусағынан бал тамған ісмерлер қазақы ою-өрнекпен төсек жабдықтарын ұсынса, құрақ көрпелер көздің жауын алғандай әсер қалдырды. Ақ дастарханға ұлттық тағам түрлерін мол жайған ақ жаулықты әжелер келеген қонақтарға дәм ұсынды. ҚМДБ наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы мен қоғам қайраткері Ислам Жеменей тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, ақ жол, ұзақ ғұмыр тілеп бата берді. Көненің көзін көріп, өз әжелерінен мирас боп қалған қазақ тұрмысындағы әйел шаруасына қажетті келі-келсап, шөміш-астау, қазанқап, ошақ, көсеу, құман тағы басқа үй тұрмысында пайдаланған құралдарды қалай пайдалану керектігін көреген әжелер бүгінгі жас келіндерге түсіндіріп өтті. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан көрмеге ерекше атсалысқан әжелер қауымына алғысын білдірді. Алматы Орталық мешітінің ауласы салт-дәстүрмен жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болар іс-шара өтті.