ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕР АБЫРОЙЛЫ

0
234

Адамның жаны мен тәні сияқты құлшылық пен тіршілік – егіз ұғым. Бұл ұғымдарды бөліп жаруға болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Намаз өтелген соң жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер», – деген («Жұма» сүресі, 10-аят). Яғни Жаратушы Иеміз құлшылықпен қатар тіршіктің де қамын жасауға бұйырған.

Табиғин, хадисші Ғирак бин Малик (Алла оған разы болсын) жұма намазын оқып болған соң, мешіт қақпасының алдында тұрып: «Уа, Алла! Мен (жұмаға кел деген) шақыруыңа жауап бердім, намазымды оқыдым. Сондай-ақ Өзің әмір еткеніңдей жер бетіне (жұмысыма) кетіп барам. Кеңшілігіңмен ризық-несібе бере гөр! Сен ең қайырлы ризық берушісің!» – деп дұға етеді екен. Ғұламалар: «Кімде-кім жұма намазынан соң сауда-саттық жасаса, Алла Тағала оның саудасын жетпіс есе берекелі етеді», – деген екен.

Қазақта «Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» деген мақал бар. Бұл мақал әсіресе қазіргі кезеңге сай айтылып, енжарлықтан етек-жеңін жия алмай жүргендерге қамшы боп тисе игі еді. Бүгінгі күнде «іс қыламын, қоғамға пайда тигіземін» деген жасқа мүмкіндік көп, жолы ашық. Бар мәселені қаржыға тіреместен, арманын мақсатқа айналдырып, мақсатын іске асыра білу маңызды болмақ. Нағыз ерліктің өзегі – тәуекел. Өмірдің өткелін тапқан ер бастағалы жатқан ісінен өзі ұтатын тұсты табуға белді бекем буғаны абзал. Сонда ғана саналы ғұмырында Алланың адам баласына жүктеген міндетінің бірі адал жолмен мал табуға, қоғамға, Отанға адал қызмет етуге жол ашылады. Маңдай терін төкпей, түрлі қулық-сұмдықпен келген дүниенің қайыры болмайды. Керісінше бұл өзіне жасаған қастандығы ғана болмақ. Кімде-кім балашағасын, отбасын адал жолмен асырау үшін шынайы еңбек етсе, оның ырысы артып, мерейі тасиды. Маңдай тер, адал еңбекпен келген наннан артығы жоқ. Отан алдында да, отбасы алдында да, тіпті ұрпақ үшін де абыройлысы – адал еңбекпен өткізген ғұмыр.

«Ер дәулеті – еңбек» демекші, кәсіп етіп, еңбек ету – ғибадаттың бір түрі. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар бір кісіден: «Не іспен шұғылданасың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен құлшылық етемін», – дейді. Иса: «Бала-шағаңды кім асырайды?» – дегенде, ол: «Ағам асырайды», – деп жауап береді. Сонда Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар: «Ағаң саған қарағанда әлдеқайда көп ғибадат жасайды екен», – деген екен.

Әбу Масғұд әл-Ансари (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шындығында, кісінің бала-шағасына жұмсаған қаражаты – садақа», – деген сөзін жеткізген (Бұхари, Мүслим). Хадисте де жан азығы мен тән азығы қатар жүру керектігі меңзелген. Имам Ғазалидің «Ихия» кітабында: «Шындығында Алла Тағала кәсіп иесі болған мұсылманды жақсы көреді», – деген риуаят бар. Демек біз тәрбие кезінде еңбекқорлық пен тақуалықты бірдей үйретуіміз керек. Бұл ердің нағыз абыройы болмақ. Хәкім Абай бұл пікірді: «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әр түрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен», – деп түйіндейді.

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» дегендей, жастар қабілет-қарымына сай елге де, өзіне де пайдалы кәсіп маманы болуы керек. Мамандықтың бәрі жақсы. Егер қандай да бір мамандық иесі болып, алайда елге пайдасы тимесе, ол – жігітке сын. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» деп Абай атамыз айтқандай, Отанымыздың титтей болса да бір тетігін бүтіндеуге бар болмысымен атсалысуы қажет.

Адамзаттың асылы саналатын пайғамбарлардың бәрі де маңдай терімен нәқапасын тапқан. Нұх пайғамбар – балташы, Жүсіп – егінші, Мұса – шопан, Дәуіт темірші болды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала күнінен қой баққан. Ер жеткен соң сауда-саттықпен айналысқан. Алла елшісі кәсібі арқылы абыройын асқақтатып, ел алдында танымалдығын арттырды. 

Бірде Ахмед бин Ханбалдан (Алла оған разы болсын): «Үйінде немесе мешітте отырып, ризық-несібем өзі келеді, жұмыс істемеймін деген кісі жайлы не дейсіз?» – деп сұрапты. Сонда имам Ахмед: «Ондай адамның білімнен хабар жоқ болғаны. Ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құс таңертең ұясынан жемсауы бос болып ұшып, кешке толтырып келеді», – деген сөзін естімеген бе? Алла елшісі құс екеш құстың өзі ризығын іздеп ұясынан шығатынын айтқан. Сахабалар сауда-саттықпен және егіншілікпен айналысатын. Олар бізге үлгі жандар», – деп жауап берген екен.

Қазақта «Еңбегің болмаса елге
өкпелеме, Ықтасының болмаса желге өкпелеме» деген сөз бар. Жатыпішер адамнан жаманы жоқ. Ондай адам өз үйіне де сыймайды. Жұрт алдында абыройы болмаған адам әсте сүйкімсіз. Талаптанудан басталған іске Алла өз рақымы мен берекесін төгеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Еңбек етуден қолы күстеніп, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» (Табарани). Бұл – ниетін түзеген мұсылманның әр сәті сауапқа айналады деген сөз.

Ердің атын еңбек шығарады. Әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Хәкім Абай: «Адам еңбегімен ардақты, мінезімен қадірлі», – деген. Ибн Масғұд (Алла оған разы болсын): «Не дүние ісімен, не ақырет амалымен айналыспай бос жүрген кісіні жек көремін», – деген екен. Тіршілігіне де, құлшылығына да тең қарайтын адам – нағыз мұсылман.

Қуаныш АБИШЕВ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №11, 2023 жыл