Имандылық тазалықтың жартысы

0
244

       Иман сөзі – араб тіліндегі «әмәнә» түбір етістік болған, туынды есімдік болып саналады. Жалпы иман ұғымы – бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабылдау, күмәнға жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы Мұхаммед пайғамбарға Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтығына шын көңілмен сену болып табылады. Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігі.

   Имандылық  – адамның бойындағы  қадір-қасиет, адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, әке мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, адамгершілік, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі әдеп салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, жүзінен жылу кетпейтін, жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Мұсылмандық дүниетанымда имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез.

    Кейбір азаматтар имандылық сақалда, намазда, хиджапта деп пайымдайды. Сақал қойып балағат сөз айтып, хиджап киіп жаман іс-әрекетте болуы адамның бойындағы жаман қасиеттер. Алла Тағала адамның бет бейнесіне қарамайды, керісінше жүрегімен амалына қарайды. Иманды ұрпақ көбейсе, елдің болар тірегі демекші, иманды ұрпағымыз көп болсын.

Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы И.Айтаев