ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІНДЕ БЕС БАҒЫТ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ

0
115

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2023 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінің екінші күні басшылық құрам мен бөлім меңгерушілері баяндама жасады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик назарға ұсынылды. Жиынға қатысқан Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров Діни басқарма ұжымы мен имамдарға алғыс білдіріп, әріптестік байланыс жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы:

«Аллаға шүкір, кеше имамдарымыз жыл бойы жасаған жұмыс есептерін тиісті деңгейде баяндап өтті. Бүгін жыл басында өздеріңізге жолдаған Бағдарлық баяндамамда берілген тапсырмалардың орындалу барысы, Айтулы іс-шаралардың, бес бағыт бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдаймыз» деп басшылық құрам мен бес бағытқа жауапты бөлім меңгерушілерінің баяндамасына кезек берді. Атап айтқанда, Бағдарлық баяндама бойынша атқарылған жұмыс есебін наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, ал айтулы іс-шаралар бойынша атқарылған жұмыс есебін Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы баяндап өтті. Ал Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы 2023 жылға жоспарланған дін қызметкерлерін аттестаттау жұмысы ойдағыдай аяқталғанын айтты.

Бөлім меңгерушілері Нұрбек Әуесханұлы, Смайыл Сүйерқұлұлы, Батыржан Берденұлы, Хасан Аманқұл мен Жәнділлә Мамытханұлы мүфтият бекіткен бес бағыт бойынша жылдық жұмыс есебін баяндады.

Мәжіліске қатысушы бөлім меңгерушілері мен облыстық өкілдіктердің бас имамдары ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, мүфтият жұмысын әлі де жетілдіре беру қажеттігін, алдағы жылы бұдан да жоғары деңгейде елеулі істерді атқару керектігін еске салды.