Құнды құжат елге жеткізілді

0
114

Мәденит және ақпарат министрлігі Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жазба жәдігерлер және рухани мұра» ғылыми зерттеу мекемесінің ұйымдас­тырумен «Үндістан елінің қорларындағы Қазақстан тарихына қатысты көне қолжаз­балар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар өтті. Семинарда «Архив-2025» жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Үндістаннан елге жеткізген тарихи қолжазбалар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Үндістан қорларындағы әлі де анықталмаған Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу мәселелері талқыланды. «Архив-2025» мемлекеттік жобасы дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректі жинауға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Өткен жылы Орталықтың мамандары, ғалымдар еліміздің тарихына қатысты көптеген құнды құжаттың көшірмесін тауып, елге жеткізді. Үндістан архивінде қа­зақ тарихына қатысты мұралар өте көп жинақталған. Алдағы уақытта да жұ­мыстар жалғасатынына сенімдімін», деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов. Семинар барысында Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди үнді елінің Патна кітапханасы қорынан табылған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітап­тарының көшірмесін тапсырды. «Ата-бабаларымыз ортағасырлардан бері мәдени байланысын үзген жоқ. Үнемі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста бол­ғанын қазіргі Үндістанның архив, кітапхана қорларынан табылып жатқан тарихи құжаттар айқындайды. Бүгін Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына екі кітаптың көшірмесін тапсырдық. Қазақстанның зерттеуші ғалымдары кітаптарды аударып, зерттеу жүргізсе көптеген құнды мәлімет таба алады деп сенемін», деді Санджай Веди. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығының қызметкері, PhD Өмір Оразұлы дала элиталарына арнайы жазылған ор­тағасырлық түркі медициналық трактаттарының көшірмесін тапсырды. Олардың қатарында Көшім ханның жеке дәрігері болған Сұлтāн Әлӣ әл-Ху­расанӣдің «Дастӯр ал-‘илāж» («Ем­шілік дәстүрі») атты трактаты мен шайбанилердің ханы Абдаллатифтің жеке дәрігері Мулла Мухаммад Иусуф­тың «Зубдат ал-каххалин» («Көз дә­рігерлерінің қаймағы») еңбегі бар. Ғалым қазақ тарихына, оның ішінде халықтық медицина саласына қатысты құнды трактаттар Үндістан қорынан анықталып, зерттелгенін мәлімдеді. Семинар аясында 2022 жылы Үндіс­таннан елге жеткізілген құжаттар­дың «Үндістан ұлттық архивіндегі қазақ көшіне қатысты құжаттар» көрмесі таныстырылды.