Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек

0
104

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақы­тыңыздың тығыздығына қара­мастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін риза­шылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондық­тан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мей­рамымен құттықтаймын!

2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.

Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол­дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін азамат­тар үшін арнайы төлемақы енгі­зіл­ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме­ке­мелердің қызметкерлеріне олар­дың өмірі мен денсаулығына төне­тін қауіп-қатерге қатысты үстеме­ақы төленетін болды. Медицина қыз­мет­керлерінің, мектепте, колледж­де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.

Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.

– Ал жаңа жылдан не күтесіз? Елі­міздің алдында қандай міндеттер тұр?

– Мен өткен қыркүйектегі Жол­дауым­да жаңа экономикалық үлгіге көшеті­ні­мізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стра­те­гия­лық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жат­қан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негіз­гі бағыт-бағдары бірінші тоқ­санда-ақ айқындалады.

Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.