Отан отбасынан басталады

0
260

Отбасы – шағын мемлекет. Ол — сыйластық, жарастық орнаған орта, кіші Отан. Отанды сүю отбасынан бастау алады. Отбасы мықты болса, одан құралған қоғам да соншалықты мықты болады. Яғни, мықты қоғам, жақсы отбасыдан құралады. Себебі, бала тәрбиесінің ең алғашқы адамгершілік белгілері оcында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы адамдардың көкірегінде жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.

Дінімізде аманатты қызғыштай қорғап, көзіміздің қарашығындай сақтау парыздың парызы саналады. Құранда Құдай Тағала: «Сіздерді Адам ата мен Хауа анадан таратып, бір бірімізді тану үшін, ұлттар мен ұлыстарға бөлді, бір өзіне ғана сиынып, бір өзінен ғана қорқуды, жер бетінде тату тәтті ғұмыр сүруді бұйырды». Отанымыздың тыныштығы үшін, сол жерде өмір сүріп жатқан халықтардың бақытты болуы үшін, балалары ойнап, адамдары кәсіптерін жүргізуі үшін оны қорғау, сол Отанда өмір сүріп жатқан әр азаматтың асыл міндеті.

Қазақта: «Отан – оттан да ыстық», «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Отан от басынан басталады» деген көптеген қанатты сөздер бар. Пайғамбарымыздың (ғ.а.с) хадисінде: «Екі көз күймейді: оның біріншісі, күнәсіне өкініп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген. Тарих беттерінде қазақ даласы әр түрлі қиын қыстаулардан өтті. 

Қарап тұрсақ адамзаттың асылы, жаратылыстың абзалы ардақты пайғамбарымыз (ғ.а.с) туған жерге деген жүрек жарды сөздерін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып кетті. Ұшса құстың қанаты талатын, шапса ат тұяғы шаршайтын ұлан байтақ жеріміз біздерге аманат. Сырттан жау келсе, «Өлсек – шейітпіз, қалсақ – ғазимыз» деп қорғауымыз міндетіміз. Жаудың жаманы қазақ атамыз іштен шыққаны деген. «Іштен шыққан жау жаман», «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» алғаны, отанымыздың тыныштығын солар бұзады. Біздер «Мемлекет маған не берді?» деп емес, «Мен Отаныма не бердім» деген сұрақты өзіміздің санамызға қоюмыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла тағаланың досым деген пайғамбары, кейінгі келген пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһим Һалилолла (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер!», – деп дұға жасайды екен. Ата бабамыз аңсаған егеменді, тәуелсіз ел болдық. Жеріміз бар, тіліміз бар, дәстүріміз бар, Отанымыз бар. Құдайға шүкіршілік жасайық, сонда біз осы жетістіктеріміздің қадіріне жетеміз. Қолымыздағы бар нәрсенің қадірін бағалайық. Алла Тағала Отанымыз Қазақстанды бай қуатты етсін!

Жұмаділлә Бексұлтан, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ-нің

теолог маманы