ДӘСТҮРІМІЗДІ НАСИХАТТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАСТАМА

0
218

17 қаңтарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі имамдар мен ұстаздарға Бағдарлық баяндамасын жолдап, дәстүрімізді насихаттауға басымдық берді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әр жылдың атауын бекітіп, сол бағытта жұмыстарға басымдық беріп келеді. Бас мүфти 2023 жылды діни қызмет аясында «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Осы бағытта жалпы саны 550-ден аса іс-шара өтті.

ҚМДБ Төрағасы атап өткендей, қоғамды ізгілікке үндеу – дін қызметкерлерінің басты мақсаты болып қала береді. Сол үшін биыл «Мешіт жамағатымен ізгі қоғам» жобасын жүзеге асыру туралы бастама көтерілді. Жоба аясында облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейде мешітке келуші жамағат арасында өзара түсіністік пен мұсылмандық әдепті насихаттай отырып, қоғамды ізгілік пен бірлікке үндейтін іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің Бағдарлық баяндамасында: «Қазір әлемдік қауымдастық өзінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіздер.

Осындай мәселелер мен бастамаларды ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін» деді.

Бас мүфти мәлімдегендей, соңғы уақытта қоғамда дін мәселесіне қатысты көптеген пікірлер айтылуда. Соның ішінде дәстүрлі дініміз бен жат ағымды бір санатқа жатқызып, айыптайтындар да аз емес. Қала берді «дін қызметкерлері дәстүрді насихаттамайды» деген сын тағуда.

«Асылында Діни басқарма – халқымыздың дәстүрлі жолын насихаттап, салтымыз бен ғұрпымызды дәріптеп келе жатқан бірегей рухани орда. Осы бағытта мүфтият бұған дейін «Дін мен дәстүр» жылын жариялаған болатын. «Дін мен дәстүр» кітабының бірнеше томы шықты. Ол жамағатқа тегін таратылды. Былтырғы жылы осы жұмыстарды жүйелеу және алдағы уақытта да жалғастыру мақсатында ҚМДБ Орталық аппаратынан «Дін мен дәстүр» бөлімін аштық.

Өздеріңізге мәлім, мүфтият жыл сайын жұмыстарды жүйелеу үшін қоғам талабына сәйкес басымдық беретін бағыттарды айқындап келеді. Дін мен дәстүр; ізгі қоғам; ихсан және насихат; діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру бағыттары діни қызмет пен қоғам үшін аса маңызды. Биыл да осы бағыттар бойынша жұмыстарға басымдық беру қажет деген ұйғарымға келдік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игі басқосудың бірінде: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деген болатын.

Шынында, қазіргі уақытта өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесі аса маңызды. Біз олардың сана-сезіміне дәстүрлі Исламның дәнін егіп, жат ағымдардың шырмауынан сақтауымыз керек. Оның төте жолы – ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақтың жері, тілі, діні, дәстүрі үшін тер төккен тұлғаларының өнегелі өмір жолы мен ел үшін сіңірген еңбектерін дәріптеу, дін саласындағы, әсіресе жат ағымдардың алдын алу, діни оңалту салаларындағы жұмыстарды жетілдіру.

Халық даналығында: «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген нақыл бар. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері.

Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.

Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.

Бұл ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялап, үлкен істер мен игі жобаларға бастамашыл болып отырғаны қуантады.

Самат ӘЛІБАЕВ,

Батыс Қазақстан облысының бас имамы