«ХАЛАЛ ДАМУ»: ШЫМКЕНТТЕ АЙМАҚТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

0
84

ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің ұйымдастыруымен «Халал – шариғат талабы» тақырыбында аймақтық-танымдық семинары өтті.

Мекеме директоры Айбек Асқарбекұлы мен ветеринарлық санитария ісінің бас маманы Данияр Бақзейнелұлының Шымкент қаласына іссапары барысында ұйымдастырылған семинарға облыстың бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы, «Халал Даму» мекемесінің жергілікті өкілі Қазбек Сарыбаев пен технолог Аружан Аралбай, сондай-ақ аймақтық имамдар мен мешіт қызметкерлері, кәсіпкерлер қатысты.

«Халал стандарты» дегеніміз – бірінші кезекте өнімнің шариғат үкімдеріне сай болуы. Халал үкімі тек тағамға ғана тән десек қателесеміз. Халал индустриясына – тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, білім беру және денсаулық саласы, қаржы-қаражат т.б барлығы жатады. Нақтырақ айтқанда, халал стандартын қажет етпейтін құрылым жоқ. Осы орайда халал стандарттың шариғи үкімін де білген дұрыс. Себебі аят-хадис адам баласын харамнан аулақ болуға үндейді. Үлкен білім иесі ибн Касир: «Харам етілген дүниелерді пайдалану құлшылықтың қабыл болмауына соқтырады», – деген Айбек Асқарбекұлы халал мен харамды ажырата білу ауадай қажет екендігін және халал стандарты талаптары мен ерекшеліктерін жеткізді.

Сонымен қатар, бас имам Бақдәулет Нұрматұлы жергілікті имамдарға өңірде халал жөнінде ақпарттандыру жұмыстарын жетілдіріп, үгіт-насихат шараларын арттыруды тапсырды.