ШЫМКЕНТТЕ МАРҚҰМ ЗАЙНИЛАБИДДИН ИМАМДЫ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

0
117

Бүгін ҚМДБ-ның «Ізгі қоғам» бағыты мен «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында  Шымкент қаласы, Тұран ауданы «Әкбар қажы Шәкірбай» мешітінде бар ғұмырын асыл дініміздің өркендеуіне үлес қосқан, имам, ұстаз бірнеше облыстың бас имамы және ҚМДБ найб мүфтиі қызметтерін абыроймен атқарған бүгінде марқұм Ахмедов (Зейнулла) Зайнилабиддин  Мәуленұлын еске алуға арналған рухани шара ұйымдастырылды.

Игі шара алдымен қасиетті Құран оқумен басталды. Шымкент қаласы бас имам кеңесшісі Бекайдар Әміре арнайы қатысып, шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлының құттықтау сәлемін жеткізді.  Қалалық «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты Самат Анарбаев марқұм Зайнилабиддин  Мәуленұлының ғұмыры мен қызметі туралы баяндама жасады.

Осыдан кейін, «Ізгі қоғам» бағыты бойынша ақсақалдар арасында «Бата беру» сайысы өткізілді. Сайысқа үзік 10 ақсақал қатысты. Нәтижесі бойынша жүлделі орын алған ақсақалдар І-орын: Сенбек Битанов, ІІ-орын: Насыр Ибадов, ІІІ-орын: Добай Абдулатиф аталарымыз ие болды. Осы жарысқа Бекайдар Әміре, Ахметжан Керімбек, Жансейт Қалманов, Әділбай Тойшиев және Батырхан Құрбанбаевтар төрелік етті.     

Рухани шара әрі қарай жалғасып «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша азан айтып ат қою және тұсаукесар шарасы өткізілді.

Игі шара барысында  имам Зайнилабиддин  Мәуленұлының асыл жары Алима Абдразақова апайға дәстүрге сәйкес құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған рухани еске алу шара барысында Ахмедовтар әулеті ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти хазретке және өкілдік қызметкерлеріне ризалық білдіріп, алғыс айтты.

 Айта кетсек, марқұм Зайнилабиддин  Мәуленұлын еске алуға арналған рухани шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізелетін болып шешілді.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі