ІЛИЯС (а.с) ПАЙҒАМБАРЛЫҒЫ

0
348

Ілияс пайғамбар қауымы да Бәни Исрайл ұрпағынан болған. Олар Бәғлан атты пұтқа шоқынған. Ал, Бәғлән әйелдің аты болған. Алла оларды иманға шақыру үшін Ілиясты пайғамбар етіп жіберді. Ілияс қауымына: «Алланың азабынан қорықпайсыңдар ма? Әміріне неге бойсұнып, тыйғандарынан неге тыйылмайсыңдар? Пұтқа шоқынатындарың не? Ғибадат бүкіл әлемді жаратқан тек Аллаға ғана лайықты. Сендердің Тәңір деп жүргендерің бұрынғы өткен бабаларыңның Тәңірі», – деп дағуат айтты. Бірақ ол қауым оның дағуасын құлақтарына да ілмеді. Сондықтан Ілияс Тәңірге: «Е, Алла, Бәни Исрайл күпірлік келтіріп, сенен басқаға шоқынуда. Оларды өзің өзгерт», – деді. Алла оған: «Сенің қалауың болсын», – деп аян қылды. Сонда Ілияс: «Е, Алла, онда оларға жауын жаудырма», – деді. Сөйтіп, үш жыл жаңбыр болмай, мал өліп, егін қурады.

«Ілияс та шын пайғамбар болды» (Саффат сүресі, 123-аят).

«Алладан қорықпайсыңдар ма? – деді ол кезінде қауымына. – Жаратушыны тәрк етіп, Бәғлән құдайға неге шоқынасыңдар? Сендердің Тәңірлерің болған Алла өздеріңнен бұрынғы атабабаларыңның да Тәңірі» (Саффат сүресі, 124-126-аяттар).

«(Олар) оны өтірікшіге санады, сондықтан олар  азап тартуға лайық болды» (Саффат сүресі, 127-аят).

Бірақ Алла Ілиясқа ризығын беріп тұрды. Нанның исін сезген адамдар  өздері сөзін тыңдамай, жек көрген Ілиястан  ақырында нан сұрауға мәжбүр болды. Сол уақытта Ілияс Бәни Исрайлға: «Егер пұтқа шоқынуды тастасаңдар Аллаға дұға етіп күнәларыңды кешіріп, тұрмыстарыңды жеңілдетуді сұраймын», – деді. Сөйтіп, олардың пұттарын шығарттырды. Олар үшін Аллаға дұға етіп,  жауын  жаудырды. Адамдардың тірліктері қайта басталып, жағдайлары жөнделді. Алайда олар кейін тағы да бұрынғы әдеттеріне басты. Мұны көрген Ілияс Тәңірінен тағы да қауымын түзу жолға салуды сұрап дұға етті. Бұл оның қартайып қалған кезі еді, ал Әл-Ясағ әлі жас болатын. Ілияс дүниеден өткеннен кейін Алла оны Бәни Исрайлға пайғамбар етті.

 «Ал, Аллаға шын берілген пенделер бұларға қосылмайды» (Саффат сүресі, 128-аят).

 «Оның даңқын соңғыларға жеткіздік» (Саффат сүресі, 129-аят).

«Ілиясқа сәлем болсын!» (Саффат сүресі, 130-аят).

«Демек, ізгілік жасаушыларды Біз анығында осылай жарылқаймыз» (Саффат сүресі, 131-аят).

«Ақиқатында, ол Біздің иманды пенделерімізден еді» (Саффат сүресі, 132-аят).

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті