ОРАЗА ЖӘНЕ СӨЗ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

0
386

Рамазан – адамның қате-кемшіліктері кешіріліп, ризық-несібелері артатын, парыз емес амалдар жасаса, парыз өтегендей сауапқа кенелетін, ал парыз амалдарды атқарса, жетпіс парыз өтегендей Алланың сый мен сияпатына бөленетін берекелі ай.

Сәлман (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шарапаты мол шағбан айының соңғы күнінде айтқан мына хадисін жеткізеді: «Уа, адамдар! Сендерге берекеге толы ұлы ай жақындады. Бұл айда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сондай-ақ Аллаға осы айда оразаны парыз етіп, нәпіл намаздарды бекітілген сүннет қылды (тарауық т.б). Кімде кім күні-түні парыз етілмеген ізгі амалдарды жасаса, парыз өтегендей сауапқа кенеледі. Ал кімде кім бір парыз амал жасаса, жетпіс парыз өтегендей Алланың сый-сияпатына бөленеді. Рамазан – сабыр мен рақымшылыққа толы ай. Сабырлық танытқан адамның сыйы – жәннат. Бұл айда мүмин адамның ризық-несібесі еселенеді. Кімде кім ораза ұстаған пендеге ауызашар берсе, күнәлары кешіріліп, тозақ отынан аман қалады. Сондай-ақ ешбір кем-кетіксіз ораза ұстаушының сауабындай сауапқа ие болады»– деген.

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөзінен кейін сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Ораза ұстаған адамға ауыз аштыру барлығымыздың қолымыздан келмесе не істейміз?» – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Аузы берік адамға бір дана құрмамен ауызашар бергенге де, тек сумен немесе сүтпен ауыз аштырғанға да осы сауап жазылады», – деп жауап береді де сөзін ары қарай жалғастырып: «Рамазанның алғашқы он күні – рақымшылық, ортаңғы он күні – кешірімділік, соңғы он күндігі – тозақ отынан құтылу күні», – деп айтқан.

Ораза ұстаған адам ізгі амалдар жасап, шамасы келгенше жанымен де, тәнімен де Аллаға жақындататын әдеттерді бойына сіңіруі тиіс. Сөздегі, істегі, жүректегі дерттерден арылып, күнәлі істерден бойын аулақ ұстағаны абзал. Өйткені Рамазан – Аллаға бұйсұну мен ғибадат-құлшылыққа арналған ай. Бұл айда жасалатын ізгі амалдар шексіз сауапқа кенелтіп, рухани жандүниемізді ізгілікке толтырады.

Ораза ұстаған адам тілі мен тұла бойын күнә мен арамдық атаулыдан аулақ ұстауы керек. Өйткені ораза хикметінің бірі – барлық жаман әдеттен арылу. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіліп, Бұхари мен Мүслим хадис жинақтарында келген хабарлардың бірінде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза – адамды нәпсіқұмарлықтан сақтайды. Ораза ұстаған пенде жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін! Егер біреу тіл тигізіп не өзімен төбелеспек болса: «Аузым берік!» – деп екі рет ескертсін. Мұхаммедтің жаны уысында болған Алланың атымен ант етейін! Ораза ұстаушының аузынан шыққан жағымсыз иіс Алланың құзырында мисктің иісінен де жағымды», – деген.

Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен, оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс – жеке адамның негізгі қасиеті. Өкінішке қарай көп адам аузы берік бола тұра білместікпен өзгелердің сыртынан ғайбат айтып қояды. Ғайбат айту – жеке адамның құқығына қол сұққанмен бірдей. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 11-аятында: «Әй, мүміндер! Бір ел бір елді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар»– деп ескерткен.

Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Алла және Оның елшісі жақсырақ біледі», – жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын нәрселер айтуың», – дейді. Бір сахаба: «Егер ол сипат сол адамның бойында болса ше?» – деп сұрағанда, Пағамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың. Егер олай болмаса, жала жапқан боласың», – деп жауап береді.

Расында ораза ғайбат, өтірік сөзден барынша сақтануға тәрбиелейді. Имам Бұхаридың сахих хадистер жинағында Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім аузы берік бола тұра, өтірік айтуын және алаяқтығын қоймаса, оның тек ішіп-жеуден тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес», – деген.

Шынында адам баласының тіл арқылы көрініс табатын аса қауіпті жүрек ауруының бірі – өтірік айту. Алла Тағала жүрегінде мұндай дерті бар адамдардың ақыреттегі жағдайын былай деп баяндаған: «Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» («Бақара» сүресі, 10-аят).

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Небір ораза ұстаушылар бар, оразасының тек ашығудан өзге берері жоқ. Небір түнде тұрып нәпіл құлшылық жасаушылар бар, тек ұйқысыздығынан басқа алары жоқ», – деп, ықылассыз ораза мен құлшылықтың пайдасыздығын ескертеді.

Имам ән-Нәсәи және имам әт-Табаранида риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушы адам оразаның сауабын өртеп жібермесе, Қиямет күні азаптан сақтайды», – дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Оны қалай өртеп жібереді», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өтірік және ғайбат айтумен», – деген екен.

Демек ораза – азапқа қарсы амал. Алайда ораза ұстаған адам өтірік пен ғайбаттан тыйылмаса, оразаның сауабы «өртеніп», қамал бұзылады. Осы секілді айтылған хадисте баяндалғандай, аузы берік адам мұсылманды ғайбаттау мен залал тигізуден аулақ болса, оразасы Алла үшін жасалған ғибадат-құлшылыққа баланады.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың» дейді. Адам баласы тілін калимаға келтіріп, Алланы үнемі ұлықтап, мадақтап жүрсе, оның жақсы сөзі тағдырына айналады. «Кімде кімнің бұл дүниедегі соңғы сөзі «Алладан басқа Тәңір жоқ» (лә иләhә иллалла) болса, сол адам жәннатқа кіреді» деген хадис бар. Алла Тағала баршамызға дұрыс сөйлеуді нәсіп еткей! Әмин.

Бақдәулет НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы