РАМАЗАН ЖӘНЕ САБЫРЛЫҚ

0
548

Әлем мұсылмандарының сағына күтетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуі – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Өйткені қасиетті Рамазан айы – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, тақуалықтың, нәпсі тәрбиесі мен кешірімділіктің айы.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Шағбан айының соңғы күнінде құтпа оқып, бұл айдың артықшылығы жайлы: «Уа, адамдар! Сендерге ұлы мүбарак ай келді. Бұл айда мың айдан жақсы бір түн бар. Алла Тағала күндіз оразаны парыз, түнде намаз оқуды нәпіл етті. Кімде-кім бұл айда Алла Тағалаға нәпіл ғибадатпен жақындайтын болса, басқа айда парызды орындағандай сауап алады. Ал парыз амалдарды орындаса, басқа айда орындаған жетпіс парызбен тең сауап алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат…», – деп сүйіншіледі. Осы хадистегі «Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат» деген сөзге қысқаша тоқталып өтсек.
Жәннатты қалайсың ба? Онда сабырды серік ет. Жаратушының бұйырған құлшылықтарын орындауға, күнәдан сақтануға, қиындықтарға көркем түрде сабыр ет. Сабырлық дегеніміз не? Оның дінімізде алар орны қандай? Сабырлық – басқа түскен қайғы мен сынаққа шыдамдылық таныту. Тіліне ие болу, әртүрлі жаман әрекеттерден сақтану арқылы нәпсіні тәрбиелеу. Сабырлық – Ислам дінінің ахлағы, Алла Тағаланың сипаты, Пайғамбарлардың мінезі. Рамазан айында адам тән қалауын тәрбиелеп, өзін нәпсінің құлы болып кетуден сақтайды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Ал ораза ұстаған адамның денесі әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Адам бұл жалғанда көптеген сынақпен бетпе-бет келеді. Себебі бұл өмірді сынақ пен емтихан алаңы деп те айтуға болады. Түрлі қиындық, қайғы мен ауру, кедейлік, малдың жұтауы, егіннің шықпай қалуы, жақындардың дүниеден өтуі, бұның бәрі – сынақ. Адам баласы сынаққа ұшырамай тұрмайды.

Құранда сабыр сөзі 103 жерде айтылады. Бұл – асыл дініміздің сабырлыққа ерекше мән бергенінің дәлелі. Қай салада болса да, сабырлық керек. Мүминнің өзгелерден ерекшеленіп тұратын жері – басына бір қиындық түссе сабырға келіп, жақсылыққа кенелсе шүкір етуінде.

Рамазан айында нәпсісін тәрбиелейді. Ауызды астан ғана емес, жаман сөзден тыяды. Көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Ал ораза ұстаған адамның денесі әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі адам үшін ең ұлы күрес нәпсімен болатын күрес екенін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ескерткен болатын. Бір ай бойы күннің ыстығын мен суығына қарамай ашқұрсақ жүрген адамның бойында сабырлық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, шыңдалады. Аштықпен нәпсісін тыйған мұсылман басқа қиындыққа да шыдайды. Сабырлы адам алдына биік мақсат қойып, діттеген мақсатына жете алады.

Имам Мүслим риуаят еткен хадисте: «Мұсылманның ісіне таң қаламын. Оның барлық ісінде бір жақсылық бар және бұл мұсылманнан басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкір етеді де, бұл оған қайырлы болады. Ал басына бір қиындық түссе, сабыр етеді де, бұл оған қайырлы болады», – деген.

Рамазан – сабыр айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Иманның жартысы – сабыр, екіншісі – шүкір. Иманның жартысын құрайтын сабырды осы айда шыңдай түсу қажет. Себебі ораза ұстаған адам жан-дүниесін тазартып, жаман қылықтан сақтанады.Біріншісі, құлшылықтарды орындауға сабыр ету. Ерік-жігері мықты, ықыласты жандар ғана құлшылығына бекем болады. Екі ракағат намаз оқу, бір күн ораза ұстау сырттай жеңіл болып көрінгенімен, ұстамдылық пен сабырды талап етеді. Таңнан кешке дейін нәр татпау, кешке тарауық намызына қатысу, тәһажжудқа тұру, сәресіне ояну, Құран оқу және т.б. құлшылықтарға асқан төзім қажет. Сондай-ақ күні бойы жұмыс істеп, арасында ағайын-туыс пен жақынжуыққа көмектесу мен мұқтаждың қажетін өтеу үшін де сарқылмайтын сабырға зәруміз.Екіншісі, күнәлардан сақтануға сабыр ету. Рамазан – тек қана ішіп-жеуден ғана емес, күнәлардан, жаман әдеттерден арылатын ай. Бұл айда адамның ауызы ғана емес, барлық дене мүшесі ораза ұстауы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ауыз бекіте тұра өтірік айтуын әрі оған әрекет етуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес», – деген. Тағы бір хадисте: «Қаншама ораза ұстаушылар бар. Олардың ұстаған оразасынан алатыны – аш жүргені мен шөлдегені ғана», – делінген.Үшіншісі, қиындық, сынақтарға сабыр ету. Ораза ұстаған адам күні бойы күннің ыстық-суығына, шөлге, басқа да нәрселерге сабыр етеді. Егер адам Рамазан айында адал болған ішіп-жеуден нәпсісін тыйса, оған Алла Тағала арам еткен нәрселерден тыйылу қиындық тудырмайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза мен Құран пенде үшін Қиямет күні шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен бұл құлыңды күндізгі уақытта ішіп-жеу мен шәһуаттан тыйдым. Енді мені оған шапағатшы ете гөр», – дейді. Құран да: «Мен түнде оны ұйқыдан тыйдым. Енді мені оған шапағатшы ет», – деп тілейді. (Оларға шапағат етуге рұқсат беріліп), екеуі шапағат етеді», – деп сүйіншілеген.

Оразаның тағы бір ерекшелігі – мұның сауабын Алла Өзі береді әрі оның есебі белгісіз. Шынайы ықыласпен тұтылған ораза үшін Раббымыз шексіз
сауап жазып, күнәсын кешіріп, әр-Раййан қақпасынан кіргізеді. Қасиетті Құранда: «Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз», – десе, құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза Мен үшін. Оның сыйын Өзім беремін», – деген.

Қорыта айтқанда, оразаның сауабын толық алғымыз келсе, Алла Тағала бұйырғандай, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткендей, шарттарын, әдептерін тиянақты орындасақ қана, сансыз сауапқа ие боламыз.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №3, 2024 жыл