Ар-ождан, дін тұту бостандығы әр адамның фундаментальды құқығы ретінде Атазаңда да бекітілген. Бұл құқыққа қол сұғуға заңдық және құқықтық негізде де жол берілмейді. Солай екен діни ұстаным, ар-ождан бостандығын ұстана отырып, өзіміздің рухани қауіпсіздігі­мізді қалай сақтап қаламыз деген мәселе туындайды. Осылай екен бұл мәселемен жанама түрде Дін істері комитеті де айналысады. 2011 жылы 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң еліміздегі діни ағымдардың, конфессиялардың картасын белгілі дәрежеде айқындады.

       Қазір әлемнің кез келген жерінен бір дінді ғана ұстанып, бір ұлттан ғана тұратын елді табу қиын. Ал Қазақстан – көпэтносты, көпдінді және унитарлы мемлекет. Дінаралық толеранттылықты ұстанбасақ, тұтастықты сақтап тұру қиынға түседі.

      Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Діннің басты мақсаты–адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі.                 

      Экстремизм — француз сөзінен аударғанда «шектен шығушылықты» дегенді білдіреді. Экстремизмнің мынадай да түрлері белгілі: діни экстремизм, саяси экстремизм, мәдени экстремизм, спорттық экстремизм т.б. Саяси және діни сенім мақсаттарына жету үшін заңсыз, күштеу, зорлау тәсілдерін пайдаланатын әрекет. Ол ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырады, демократиялық принциптерді шектейді, елді тұрақсыздандырады, саяси шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік бермейді;

     Фундаментализм-ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында христиан-евангелистік фундаментализмі ретінде пайда болған ұғым. «Іргелі», «түпкі», «алғашқы» деген мағынаны білдіреді. Діни мәндегі өзгерістерді, ауытқушылықты, ағымдарды мойындамау, оларды айыптау.

    «Деструктивті культ» термині ХХ ғасырдың басынан бастап АҚШ, Ұлыбритания секілді елдерде жастарды «зомби» болуға тәрбиелеген, өз отбасынан алшақтаған, қоғамда өшпенділік тұғызған «жаңа діни ағым» лидерлеріне қатысты қолданыла бастады. Деструктивті культ немесе деструктивті секта ағылшынша- destructivecult — өлтіруші-секта деген мағына береді. «Деструктив» терминін әлеуметтанушылар, психологтар, криминалистер, публицистер жиі қолданады. «Деструктив»-ұғымы қоғамға, отбасына материалдық, психологиялық және дене жарақатын жеткізген діни ағымдарға, секта лидерлеріне  қатысты қолданады.  Ал теологтар мен дінтанушылар деструктивті культ терминін өзін «жаңа діни ағым» немесе «бұрынғы аталардың құлшылық жолын жалғастырушымыз» деп санайтын құдайға жақындаудың өзгеше әдісін қолданатын, өз шәкірттерін қоғамнан оқшау ұстайтын, оларды «қасиетті адам — культке табынатын» секталарға қатысты айтады. Деструктивті секталар яки культтер адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені, жалған шахидтікке тәрбиелеп лаң салғаны және дүние-мүлкін  соған жұмсағаны үшін айыпталып жатады. Адамдардың «санасын басқаратын», «миларын шаю» секілді манипулятивтік әдіснаманы қолданады.

       Оккультер — ғылымға белгісіз құпия күштер бар, оны тек «ерекше қасиетті» адамдар тани алады, олар арғы дүниемен байланыс жасай алады деген сәуегейлік. Оған астрология, магия, шамандық, сиқырлықты жатқызуға болады. Қазақстанда бірқатар культтік сенімдегілер деструктивті әрекет жасап жатқаны белгілі. С.И.Ожеговтің сөздігінде «Культ – құдайға қызмет ету және осыған байланысты рәсімдер, біреуге табыну, бас ию немесе бірдемені қасиет тұту, сыйыну» деп жазылған.     

       Культтік феномендер ғылымға қайшы және ғылым тарапынан мойындалмайды. Оккультизм иррационалды ойлауға негізделген. Культтерге дәстүрлі дін өкілдері де қарсы. Дін мен культтік таным арасындағы байланыс эзотериялық мәсіхшілдікте, кабала мен теософия секілді діни-фалсафалық ілімдерде кездеседі. Тәурат, Інжіл және Құран культтік істермен айналысуды қатты сынға алады.

     Культтерге дәстүрлі дін өкілдері де қарсы. Астрологиялық және уфологиялық, жаңапұттық және нативистік, сиқырлық, балгерлік, неошамандық-бақсылық, люцифериандық, сопылық және сайтан жолын ұстанған культтер бар. Алланың атын ұранға айналдырған «жолын ашып беруші», «сүйіктісін қайтаратын», «саудасын өрлететін» қара магия культтік сәуегейлерінің әрекеті бақылаусыз қалып отыр. Мектеп пен жоғары оқу орындарында деструктивтік, окультік-магиялық және аморалді жалған ғылыми, жалған психологиялық уағыздардың жасалуынан өте сақ болуымыз қажет.

                                                  Б.С.Айтай 

ОҚМПИ аға оқытушысы, т.ғ.к

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *