Өткен жолы еліміздің мешіттерінің бірінде бұрын-соңды болмаған айтуға аузың бармайтын оқыс оқиға мұсылман жамағатын түрлі ойларға жетелеп, алаңдаушылығын тудырды. Өшпенділік – Алла сүймейтін іс. Осы жайлы ойымызды білдіре кетуді жөн көрдік.

Ислам дінінде ашуға берілудің өзіндік жолы мен шеңбері бар. Ол үшін әрбір адам өшпенділікке, қастық жасауға түсіп қалмау үшін өзінің нәпсісімен дұрыс күресе білуі керек. Ғалымдарымыздың айтуынша, өшпенділік дегеніміз – біреуге қастық ойлап, оны жүзеге асыру сәтін күту. Бұл – мұсылманға жат жағымсыз іс.

Дінімізде жаман іске, яғни күнә жасалып жатқан іске ашулану құптарлық амал болып саналады. Бұған қатысты Құранда аят бар. Онда Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) өз қауымының бұзауға табынып, Аллаға серік қосқандарын көргенде қатты ашуланғаны баяндалады. Бұл туралы Құранда былай делінген: Мұса (қауымының бұзауға табынғанын жол-жөнекей естіп) қауымына тым ашулы һәм еңсесі түскен күйде оралды. Ол келген бойда қауымына: «Мен кеткеннен кейін қандай жаман істер істегенсіңдер? Раббыларыңның әмірін мұншама тез тәрк еткендерің қалай?» – деді де, қолындағы тақтайшаларды қоя салып, бауырының басынан (яғни шашынан) алып өзіне қарай жұлқи тартты. Сонда бауыры: «Уа, анамның баласы! Бұл қауым мені адам құрлы көрмей әбден басынып алды, тіпті өлтіре жаздады. Мені дұшпанға таба қылма һәм мені (кешірілмес күнә арқалап) өзіне қиянат жасаған залым қауымның қатарына қоса гөрме!» деді» («Ағраф» сүресі, 150-аят).          

Ашуланудың тағы бір түрі бар. Ол – рұқсат етілген ашу. Ашудың бұл түрінде Алланың да, адамның да ақысына қол сұғылмайды. Жанашырлықпен, мейірімділікпен білдірілген сезім – рұқсат етілген ашу. Мұндай сәтте адам ашуын ақылына жеңдіреді.  Ашуланудың тағы бір түрі – болмашы нәрсеге ызалану. Болмашы нәрсеге ашулана беретін адамға лағынеті шайтан үнемі өзінің айласын асырып отыруға тырысады. Бұл ретте адам өзінің сөзі мен ісіне жауап бере алмай қалатын жағдайға жетеді, шариғаттан шығып, жағымсыз әрекеттерге бой алдырады. Мұндай сипаттағы адамдар көп жағдайда артынан өкініп, кешірім сұрап жүреді. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады. Сондықтан адамның әрқашан ақылы сергек болуы керек.

Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)! Ең жақсы адам кім?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Күнә істемейтін, кек сақтамайтын, күңшіл емес тақуа, адал кісі» деп жауап берген екен. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Дүйсенбі мен бейсенбі күндері амалдар көрсетіледі. Кешірім сұраушының күнәсы кешіріледі, тәубе еткеннің тәубесі қабыл етіледі, ал өшпенділік сезімі бар адам тәубе етпейінше амалы қабылданбайды», – деген.

Асыл дініміз сіз бен бізді өшпенділікке емес, өзара кешірімділікке шақырады. Бір-бірімізді жақсы көру – жәннатқа жетелейтін іс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанымның Иесімен ант етемін! Иманға келмейінше, жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше, шынайы иманға қол жеткізе алмайсыңдар. Сендерге бір істі нұсқайын ба? Егер оны істеген болсаңдар, бір-бірлеріңді жақсы көріп кетесіңдер. Өз араларыңда сәлемді жайыңдар», – деген. «Мүмін мүмін үшін бір-бірін бекітіп тұрған құрылыс секілді»; «Мүміндер өзара сүйіспеншіліктерінде, өзара мейірімділіктерінде, өзара сезімталдықтарында – бір бүтін дене секілді, егер оның бір ағзасы ауырса, басқа ағзалары бір-бірін ұйқысыздық пен жанталасуға шақырысады» деген хадистер де өзара бауырмал болуымызға үндейді.

Қасиетті кітабымыз Құрандағы: «Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды (һәм оларды саған мызғымас қорған қылды). Егер сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз Ол бәрінен үстем әрі ұлық һәм әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі» («Әнфәл» сүресі, 63-аят); «Расында мүміндер бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, (жүз шайқасып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!» («Хужурат» сүресі, 10-аят) деген аяттар жүректерімізге бір-бірімізге деген жылулық сыйлап, өзара сыйластығымызды арттыруға күш береді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Құран аяттарын қуаттайтын, бірлікті, ынтымақты үндейтін, бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер бар. Солардың бірінде: «Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, Оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету» делінген.

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: «Бөлінбеңдер» деген әмір мұсылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді», – деген. Бұл – асыл дініміздің бұлжымас қағидаларының бірі. Басқа бір хадисте:  «Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жалғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннәттың рахатын қаласа, жамағатпен бірге болсын» делінген. Алла Тағала мұсылман үмбетіне бірлік пен мықты бауырмалдық нәсіп еткей.   

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *