Діни сауаттылықты арттыру жас ұрпақтың міндеті

0
4020

Мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының басты мақсаты – елімізде рухани өмірдің тұрақты дамуы мен қоғамдағы тұрақтылықты бекіту болып табылады. Соңғы кезде БАҚ өкілдерінде, ғаламтор беттерінде діни сауаттылық жайлы көптеген тақырыптар қозғалуда. Өйткені мемлекетте сауатсыздықтың салдарынан діни ахуал күрделеніп, әлі күнге дейін нақты шешімін таба алмай келеді. Бұл көрініс елдің елеулі азаматтарын алаңдатып, елімізде діни сауаттылықты арттыру мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әйтседе, жастардың біршамасы мұндай ізгі амалдарға немқұрайлы қарап, өз беттерінше ғаламтор беттеріндегі белгісіз мәліметтердің ақ-қарасын ажыратпастан, бойына сіңіріп, оны өз ортасына жая бастауда. Қазіргі таңда теріс діни ағымдар ғаламторды өз мақсаттарына ұтымды әрі тиімді пайдаланып отыр. Әрбір адам діни экстремизм мен терроризмнен хақ дінімізді дұрыс ажырата білгендері абзал. Ол үшін барша адам діни тұрғыдан сауаттарын ашқандары дұрыс. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанатыны анық. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. 
Ұлтымыздың мақтан тұтар ғұламасы Әл-Фараби бабамыз адамға ең бірінші қажетті нәрсе – тәрбие десе. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немқұрайлы қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны айдан анық. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы, бұл батыстық тұтыну мәдениетіне еліктеушіліктен туындап отыр.
Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Салт-санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөз бен іс-әрекеттеріміздің арасындағы сәйкестілік болу керек. Ұлттық рухтың уызын ұлттық құндылықтар құрайды. Ұлтына деген сүйіспеншілік тарихыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды, дініңді білуден бас­талады. Қазіргі  таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның рухани өміріндегі ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.Ұлттық сипатқа айналған дәстүрлі ислам мен дүниетанымымызға сырттан келіп, түзету жасағысы келгендерге жол бермеуіміз керек. Бізге Исламды қайтадан түсіндіру жұмыстарын емес, оны бабалар ұстанған кейіпінде қайта жаңғыртып, халықтың сауатын қайта қалыптастыру жұмыстарын қолға алғанымыз жөн деп санаймын. Сол үшін қазіргі жаһандану заманында қоғамның тұтастығын көздеп, діни сауатсыздықтың алдын алу тек қана мемлекеттің емес, әрбір Қазақстан азаматының, зиялы қауымның, қоғамдық ұйымдардың да мойнына жүктелуі тиіс.
Қорыта келе, еліміздің кез келген аймақтарында халыққа тереңінен  діни сауаттылық жұмыстары жүйелі түрде жалғастыруды қажет етеді. Өзіміздің ата-дәстүрімізге, салт-ғұрпымызға сай келетін, сан ғасырлардан бері Әбу Ханифа мәзһабының жолы мен салт-дүстерді насихаттау керек. Халқымыздың діни тұрғыда білімін жетілдіріп, теріс діни ағымдардың жетегінде кетуіне жол бермей, олардың қоғамға қаншалықты зиянды жақтары бар екендігін айтып түсіндіргеніміз абзал. Осы бағытта халыққа түсіндіру жұмыстарын атқарып келе жатқан «Дін мәселелрін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін айтуға болады. «Діни экстремизмді алдын алу және діни сергектік» тақырыбында Шымкент қаласының оқу орындарында және түрлі мекемелерде кездесулер өткізіліп, діни сауаттылықтан көтеру мақсаты қолға алынды. Осы тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ислам – дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз» деп атап өткен.

Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы
Елтай Бағжан