Отырар өлкесінің ойшылы

0
1568

Отырар маңында бірнеше қамалдар мен бекіністер болған. Солардың бірі – Сырдария бойындағы Зернүк қамалы. Арабтар оны «Зарнудж» (Зернүдж) деп жазған. Сол жерден шыққан  бір ойшыл туралы  жаңа да тың деректерге оқушы назарын аударайын.
«Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамасында» (Алматы, 2010) Сыр бойындағы  Зарнудж  қаласы (қамалы)   жайлы:«Зернүк (Зарнудж, Зернудж)  Оксус, Уасидж  – Қазақстанда I-IV ғасырлар арасында болған  қала немесе қамал яки қорған. Онда  ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) дүниеге келген. Оның қираған орны Түркістан облысы  Қызылқұм ауданындағы Маяқұм аулынан солтүстікке қарай 5 шақырым  жерде. Қала  ерте ғасырларда алғашқыда Уасидж  деп  аталған. Ал ғылыми  әдебиеттерде Оксус  ретінде белгілі.  ХІІІ ғасырдан бастап Зернүк деген атқа ие болды. Қаланың атауы алғаш  рет армян патшасы Гетумның ХІІІ ғасырлардың ортасында Қарақорымдағы Мөңке хан сарайына келген елшілігі туралы қолжазбаларында хатқа түскен. Әбу Абдаллаһ Мұхаммед бин Ахмед бин Йусуф  әл-Хорезми (?-997) жазбаларына қарағанда, ”Зернүк” – сол заманғы су көтеретін шығырлардың бір атауы. Қала орнында жүргізілген зерттеулер мұнда дамыған шығырлы егіншілік жүйесінің, бірнеше шығыр шұңқырлардың болғанын анықтады. Осыған қарағанда Мұхаммед бин Ахмед бин Йусуф  әл-Хорезми пікірі талас тудырмайды. Қала мен оның айналасындағы кішігірім қоныстар суды 7 шақырым  жердегі Ақарық арнасынан алған. Қазір қала орны бес бұрышты төбе түрінде сақталған. Қала орнын 1900 жылы Н.В.Руднев, 1947 жылы А.Н. Бернштам зерттеген, 1975 ж. Оңтүстік  Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі – К.Ақышев пен  К.Байпақов) қазба жұмысын жалғастырды» (303-бет) деп жазылған.
Әйтсе де Ақсақ Темір (1336-1405) туралы жазбаларда Зернук, Зернудждің Сырдарияның (Сейхунның) батысы емес, шығыс жағалауында   екендігі айтыладыОнда: «Ақсақ Темір Сейхун  өзенінен, мұз үстімен өткеннен кейін Зернукте аялдады, сонан соң  (қала әкімі) Бердібектің үйіне  келді», сондай-ақ: «Зернүк – Сырдарияның төменгі ағысының солтүстік жағалауындағы қамал» (251-бет) деген де мәліметтер  берілген  (Амир Темир в мировой истории, Ташкент 200, 228,251-беттер).
Сырдария мен Отырар арасындағы  бірнеше төбелердің бірін жергілікті жұрт Алтынтөбе деп атайды. Тарихшы, археолог  ғалымдар  сол Алтынтөбені Зернүк (Зернудж) деп санайды.
Осы  Зернүк, Зернудж ғалымдардың да отаны болған. Одан шыққан  Зернуджи ныспылы ойшыл  бар. Оның   аты-жөні – Нұғман бин Ибраһим ибн Халил Тадж ад-дин аз-Зернуджи.  Базбір  деректерде оның ныспысы  «Бурһан  әл-Ислам, Бурһан ад-дин»  (Бурһан  әл-Ислам  атымен көбірек мәлім)  делінген.  Тағы бір жазбаларда Имам ан-Нұғман ибн  Ибраһим  ибн Халил (Тадж ад-дин) аз-Зернуджидің ХІІ ғасырда дүниеге келіп, 1206 жылы бақилық болғаны айтылады.
Алғашқы білімді ол Отырарда алған. Кейінірек «әл-Һидаяның» авторы ортаазиялық көрнекті ғалым Әбу-л Хасан Бурһан ад-дин Әли бин Әбу Бакр бин Абд әл-Джалил әл-Фарғани әл-Маргинани ар-Риштаниден (1123-1197) тағлым алып, өзі де соңыра  «Тағлим әл-мутағаллим ли-тағаллум тариқ  әл-илм» атты шығарма  жазған. «Бұл кітап жеңіл  тілді, өте пайдалы, көлемі жағынан шағын, түсінуге оңай. Алла Тағаланың арқасында оны біз пайдаландық, одан әртүрлі мәселелерге байланысты дәйектемелер келтірдік», – деп жазады ортағасырлық оқымысты Махмұд ибн Сүлеймен әл-Кафауи (?–1583). Дәл осы жолдарды үнді ғалымы Абд әл-Хайй әл-Лакнауидің (1848–1886)  «әл-Фауаһид әл-баһийа фи тараджим әл-ханафийа» атты кітабынан  (Бейрут 1998, 93-бет) да оқыдым. 
Сонымен  Зернуктік, Зернудждік парасат иесінің   есімі – Ан-Нұғман деуге болады. Лақабы – Бурһан әл-Ислам немесе Бурһан ад-дин». Ол  «Бұхарада һижраның 640// 1242  жылы  жұма, ашура күні (10 мұхаррам) дүниеден өткен. Сол шаһардағы Дарб Хаджиинде  жерленген. Зарнудж түркілердің қалаларының бірі. Ол фиқһты шейх Заки ад-дин әл-Карахиден (Кархиден) оқыды, «Мақамаға» түсіндірме жасады және оны «әл-Мудаддах» (түсіндірілген) деп атады» деп жазады «әл-Жауаһир әл-мудия фи табакат әл-ханафиа» атты еңбегінде Әбу Мұхаммед Мухий ад-дин Абд әл-Қадыр ибн Мұхаммед бин Мұхаммед бин Насруллаһ бин Салим әл-Құраши  (1297-1373) әл-Жамали әл-Мисри әл-Ханафидің (1399-1474) және дәл  осыған ұқсас жолдарды Зайн ад-дин Әбу-л Қасым Ибн Құтлыбұға ас-Судунидің (1399-1474) «Тадж ат-тараджимінен» де кездестірдік.
Меніңше, бұл жерде ан-Нұғман аз-Зернуджи өзінен шамамен жүз жылдай бұрын өмір сүрген  атақты әдебиетші Әбу Мұхаммед әл-Қасым ибн Әли әл-Харириді (1054-1122) және оның түрлі әңгімелерден құралған атақты шығармасы «Мақамаларын» айтып отырған сияқты. Соған қарағанда зернудждік ойшыл  араб  әдебиетіне де жақын болған.
Зернуджидің есімі  «Тағлим әл- мутағаллим тариқ  әл-улумнан»  басқа шығармаларда кездеспейді және де ол осы еңбегінің арқасында ғана танымал болды.
Аз-Зернуджидың аталмыш дүниесі білім кеңістігіндегі кемшілікті толтырып, көлемі  шағын  және еркін стилде жазылуының арқасында қолдан қолға өтіп, танымал болды. Еңбектің бірнеше рет басылуы  мен түсіндірмелерінің көлемділігі, шығарманың білім беру саласында  үнемі қолданыста  болғанын байқатады.   «Тағлим әл-мутағаллим» студенттер арасында көп қызығушылық тудырған. Түркияда  ол  Конституциялық монархия жарияланғаннан кейін Османдық медреселерде оқулық ретінде пайдаланылды». [Ислам энциклопедиясы… 294-295-беттер]

сурет мәтіні — Ан-Нұғман аз-Зарнуджи.   Шарх  тағлим әл-мутағаллим  тариқ ат-тағаллум.  Дамаск 2009, 256-бет

Он үш бөлімнен тұратын «Тағлим әл-мутағаллимнің» барлық бөлімінің тақырыптарын қысқаша тәпсірлесек, оның бірінші бөлімінде автор ғылымның табиғаты мен артықшылығына назар аударады. Әрбір мұсылман оның орналасқан жеріне қатысты қажетті мәліметтерді алу мүмкін екендігі көрсетілген. Ғылымның ниетпен байланысы түсіндірілетін екінші бөлімінде оқушы Алланың келісімімен оқуы және тәлім беру ниетімен дәрісті  бастауы керектігі  айтылған. Үшінші тарауда дәріс, ұстаз және дос таңдаумен қатар, ғылым жолында табандылық көрсету қажеттілігі жайлы айтылған. Оқушы қалаған саланы таңдаудағы еркіндігі және таңдау кезінде назарға алынатын шаралар туралы да айтылған. Төртінші тарауда мұғалім, білім және кітапқа деген құрмет сөз болған. Бесінші тарауда сабақты жалғастырудың маңыздылығы және оқудағы үздіксіздік принципі атап көрсетілген, оқытудың тиімді тәсілдеріне баса назар аударылған. Алтыншы және жетінші бөлімдерде дәрістердің басталатын уақыты, көлемі, ұйымдастырудың әдістері мен жетістіктері айқындалған. Сегізінші тарауда өмір бойы білім алу принципі және оқудағы тиімді уақыт қарастырылған. Тоғызыншы тарауда мұғалімнің оқушыға деген махаббаты мен бауырмалдығы, оныншы тарауда оқушының мұғаліммен жұмыс істеу тәсілдері, он бірінші тарауда оқушының жетістігіне теріс әсер ететін жаман әдеттер мен мінездер сөз болған. Он екінші тарауда есте сақтау қабілетін күшейтетін немесе ұмытшақтыққа әкелетін жағдайлар жайы және осыған байланысты пайдалы кеңестер ұсынылған. Соңғы бөлімде оқушылар мен ересектерге өмірдің, денсаулықтың жақсару  немесе нашарлау  жағдайларын білуі қажет екендігі айтылған.
Аз-Зернуджи өз еңбегінде  жүйелі білім беру әдістері туралы, сонымен қатар сұрақтар мен жауаптар, әңгімелер, проблемалар  сияқты кейбір дидактикалық әдістерді мысал еткен.  Дәрісті оқытушылардан жеке тыңдаудың және оқудың маңыздылығын атап көрсеткен. Оқушы өз оқытушыларынан алынған ақпаратты қайталауды қажет деп есептейтініне қарамастан, ол жаттау әдісін сынға алған. Сұрақ-жауап және талқылау әдістерінің артықшылықтарына назар аударған». «Тағлим әл-мутағаллим» оқырман үшін пайдалануға оңай әдіс және жеңіл стилде жазылған. Сол  себепті  ғасырлар бойы танымал, әрі қолданыста  болды. Қысқасы, еңбекте  мүмкіндігінше аят, хадис, сонымен қатар, атақты ғалымдар, әдебиеттанушылардың даналық сөздері, хикаялары мен өлеңдерінің пайдаланылуы оның құндылығын арттырып, танымал етті.
Ан-Нұғман  аз-Зернуджи  «Тағлим ал-мутағаллимнің…»  «Кіріспесінде» кітабын   жазудағы мақсатын төмендегідей  жолдармен түсіндірген: «Қазіргі кезде білімге ұмтылғандар мен оған жете алмаған талибтерді (білім іздеушілерді)  көріп жүрмін. (Олар ілім алса да оның пайдасы (ол үлкен немесе кіші болса да) мен жемісінен мақұрым. Өйткені, олар білім алу жолынан  (тәсілінен) қателесті және соған байланысты шартты орындай алмады. Жол таңдай алмағанның әрбірі адасады һәм мақсатына жете алмайды.

Сол себепті мен (діни білім алғысы келетіндердің бәріне) өзім тапқан кітаптардан және білімді дана тәлімгерлерімнен естігендеріме сүйеніп, жетістігімнің арқасында қиямет қайым  күні құтылу үшін оны (ілім, білімді) шын ықыласпен зерделегесі келетіндердің өтінішіне орай түсіндіруді жөн санадым.   Өз еңбегімді  «Тағлим әл-мутағаллим…»  (Білім алудың тәсілі) деп атай отырып, оны төмендегідей тарауларға бөлдім:

  1. Діни ғылымдардың негізі. Фиқһ (мұсылман заңы) ғылымы. Білімнің құндылығы;
  2. Ғылымды зерделеудегі ниет;
  3. Ғылым, ұстаз, жолдас таңдау мен ондағы тұрақтылық;
  4. Ғылым мен ғалымдарды құрметтеу;
  5. Ыждаһат, табандылық және тырысу;
  6. Ғылымды зерделеудің басы мен кезеңі;
  7. Бір Аллаға тәуекел ету;
  8. Ғылым үйрену – уақытының сәті;
  9. Қиналу (қасырет шегу) мен тілектестік;
  10. Білім алудың әдебі;
  11. Оқу кезіндегі құдайшылдық;
  12. Жадтың нашарлауының себебі мен оны жақсартудың тәсілі;
  13. Ризықты не нәрсе көбейтеді және азайтады. Өмірді не ұзартады және қысқартады» депті.

Мұнда белгілі бір  ғылыми  жүйелілік  байқалады. Шынында да ғалым  еңбегінің  әрбір тарауы шағын тараушаларға бөлінген. Автор ө­з ойын дін  тұжырыммен аяқтап, қасиетті Құранның мүбарак аяттары, хазіреті  Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  хадистері, белгілі дін қайраткерлерінің даналық сөздері және пайдалы да ғибратты ойларымен қорытып отырған.
Бірінші тараудың  бірінші тараушасына да көз жүгіртейік:
«Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алуға талап қылу – әрбір мұсылман ер мен әйелдің міндеті» деген.
Білімнің дәрежесі:

  1. Өмір-тіршіліктің барлық жағдайында білім алу – кез-келген адамға қажет ас сияқты.
  2. Білім – әрбір адамға белгілі бір жағдайда керек. Өйткені, ол ауру кезде қажет болар дәрі іспетті.
  3. Ал енді болашақты болжау (астрология) ауруға  ұқсас. Болашақты болжауды үйренуге (зерделеуге)  тыйым салынған, өйткені ол жайлы білім тек қана зарарын (зиянын) тигізеді.  Одан пайда жоқ. Себебі, тағдырдан және Алланың кадарынан (жазмышынан)  құтылу мүмкін емес» дейді ол.

Ан-Нұғман аз-Зернуджидің еңбегі осы күнгі білім іздеушілер үшін де пайдалы, өзектілігін  жоғалтпағандығын айтқан жөн. «Ғылымды зерделеудің басы, кезеңі»  атты алтыншы тараудың  «Пікірталаста сақ болу» тараушасында  ойшыл: «Пікірталас кезінде ашушаңдық пен ашуланудан абай болған жөн. Өйткені пікірталас пен талқылау – ақылдасу, ал ақылдасудағы мақсат –  шындықты ашу.  Ал оған ой жіберу  ойланусыз, тыныш жағдайсыз, бір біріне деген әділдіксіз қол жеткізуге болмайды, яғни айқай және ашумен мақсатқа жету мүмкін емес» деген.
Енді «Тағлим әл-мутағаллимнің…» тағы бір тараушасына тағы да  үңілейік. «Дананың өсиеті» атты тараушада автор: «Дана шәкіртіне: «Бұхараға аттанған кезде ұстаз таңдауда  асықпа, барлығын ойлан,  сабыр сақтап күт. Ғалымға барып, одан дәріс  ала бастағанда, сабақтары ұнамай, сен одан кетіп, өзге ұстазға баратын жағдай да болады, ондайда  сабағыңда береке болмайды. Сол себепті кейінірек одан бас тартып жүрмес үшін және дәрістерің игілікті һәм  сабақтар пайдалы болуы үшін лайықты тәлімгер таңдау алдында ойлан. Сонда ғана сен оның жанында қаласың» деп жазған. Бұны қалайша әдемі ой, келісті пікір, орнықты ұсыныс демеске.
Айта кетерлік бір жайт –  Ан-Нұғман аз-Зернуджи аталмыш еңбегінде Әбу Ханафи мазһабын негізін алған Орталық Азия ғана емес, сондай-ақ әлемнің біраз мұсылмандары ұстанып келе жатқан Ханафи мектебіне үлкен құрметпен қарайтынын аңғартады. Ол   Әбу Ханифаны (699-767) ұстазым дей отырып, оның  және  Ортаазиялық бірқатар ойшылдардың аттарын атаумен қатар,  еңбектерінен  де дәйектемелер келтіріп отырады.
Ан-Нұғман аз-Зернуджидің «Ұстаздың балаларына құрмет» атты тараушасы да – ғибратты дүние. Онда ол  былай дейді:  «Ұстазға, оның балаларына және онымен байланысты  кісілерге де  (оның өзге де туған-туыстарына)  құрмет көрсету керек. Біздің тәлімгеріміз ислам шейхы «әл-Һидаяның» авторы (әл-Марғинани) «Дін дәлелінде»: «Бұхараның ұлы имамдарының бірі, сабақ кезінде кейде орнынан тұратын. Оның себебін сұрағанда: «Менің тәлімгерімнің  ұлы жолда балалармен ойнап жүр. Кейде мешіт есігіне жақындайды. Мен оны көргенде орнымнан тұрамын. Сол арқылы ұстазыма құрмет көрсетемін».
Тек Сайрам мен Отырар қалалары ғана емес, Отырар маңындағы Зернук (Зернудж) секілді қамал (қасаба), қорған және түрлі елді мекендерден де ан-Нұғман аз-Зернуджи іспетті тамаша ғалым, ойпаз ұстаз шыққан. Олар тек бүгінгі қазақ халқының ғана емес, бүкіл мұсылман, қала берді күллі ислам өркениеті мен мәдениетінің де мақтанышы екендігін айтқан жөн. Отырар өлкесінің бұл кемеңгерін  де Қазақстан тарихы мен түрлі оқу құралдары, сонымен қатар тағылымдық әдебиеттерге кіргізе берген жөн. Ғасыр парақтарының  арасында қалып қойған мұндай арыстарымызды  бүгінгі ұрпаққа таныту, насихаттау – Қазақстанымыздың, еліміздің ежелден  өркениет, мәдениет, ғылым  мен білім елі болғанын көрсету.      

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры,
ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.
«Мұнара» газеті, №2, 2020 жыл

Ақпарат көзі: https://www.muftiyat.kz/kk/articles/islam-and-society/2020-02-11/30211-otyrar-olkesinin-oishyly/