Ұрпақ тәрбиесі- Ұлт болашағы!

0
1584

«Адам баласына ең алғаш білім емес, тәрбие беруі керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп, — Әл-Фарабибабамыз айтып өткеніндей, әрбір адамзат баласына,әу баста дұрыс тәрбие берілуіқажет. Ұрпақ тәрбиесі қай уақытта болмасын өзекті мәселелердің бірі бола бермек. Күн тәртібінен түскенде емес. Бұл тақырып қазіргі таңда да, болашақта да тілге тиек етілетін, соңы жоқ мәселе болмақ. Ұрпақ тәрбиесі — ең алдымен ұлт тәрбиесі бола отырып, қоғамда саналы ұрпақ тәрбиелеу ең бірінші орында, кез-келген ата-ананың, одан соң білім беру мекемелерінің басты міндеті саналмақ. Қазақта: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»,- деген жақсы сөздер бар.Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз ертеден-ақ баланың санасына ұлттық құндылықтарымызды, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздіжастайынан баланың бойына сіңіріп отырған.

Халқымыздың ұлы ақыны, Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде деген. Тегінде адам баласына үш алуан адамнан мінез жұғады:ата-анасынан, ұстазынан және қасында жүрген құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады»,-дей келе өскелең ұрпақтың тәрбиесі ананың сүтімен, атаның ақылымен берілетінін тілге тиек еткен.

Асыл дініміз исламда бала тәрбиесіне ерекше ден қойған.Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с)-нің өзі бала тәрбиесіне қатысты айтқан өсиет сөздері мен тағлымдарында: «Сәби дүние есігін шыр етіп ашқанда, ең алғаш ата-анасының, баласы алдындағы үш міндеті болады, олар:

1) Балаға жақсы есім қою.
2) Дұрыс тәрбие беру.
3) Уақыты келгенде үйлендіру, деген.
Яғни, бұл сөздерден ұғатынымыз, ата-анаең алғаш баласына, мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, жақсы есім қою қажет. Баланың өскенде өз ортасында жүзі жарқын, абыройлы, сыйлы әрі жақсы кісілерге қарап өсуіне оған қойылған есімнің маңызы зор.Асыл дініміз ислам дінінде сүннет бойынша жаңа туылған сәбиге туыла салысымен немесе туылғанына  жеті күн толғанда ат қою рәсімі орындалуы қажет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-нан, Әбу Дәуіт (р.а) риуаят еткен,келесі бір хадисінде; «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімімен шақырыласыңдар»,-дей келе, балаға дұрыс есім қоюды ата-анасына жүктеген.

Ата-ананың бала алдындағы екінші міндеті — дұрыс тәрбие беріп, сауатты, көзі ашық, саналы ұрпақ етіп өсіруі. Осы орайда әрбір ұл бала мен қыз баланың әкесі мен анасынан жақсы тәрбиені бойына сіңіруге құқылы. Ер жеткен ұлын үйлендіріп, бойжекен қызын ұзату, ата-анасының басты парызы, баласы мен қызы алдындағы міндеттерінің бірі. Алла елшісі (с.а.с) бір хадисінде: «Кез-келген әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды»,- деген сөзін тілге тиек ете аламыз. Сондықтанда, әрбір ата-ана, өз баласына дүниелік және рухани тәлім-тәрбие беруі қажет.

Ұрпақ–Алла тағаланың адам баласына берген ең үлкен сыйы. Оны тек Жаратушымыз бергендіктен, біз үшін ең маңыздысы- баланың тәрбиесі, салиқалы ұрпақ болып өсуі, оңы мен солын айқын ажырата білуі, тікелей жанұясындағы жанашыр жандардың берген тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан балаға жастайынан ұлттық тәрбиенінің сусынымен, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, тәрбие тамшысын бойына дарыта білуіміз қажет. Бабаларымыз: «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле, сонда ғана оның болашағы айқын, биік болады»,- деген.

Ұлы ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын,-деп тәрбиенің ең маңызды рол атқаратынын көрсеткен. Бүгінгі таңда, қоғамда ерекше орын алатын, ең жауапты міндет — жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуге, толыққанды білім беруге, қоғамда өз орнын табуға, тұлға болып қалыптасуына тікелей отбасындағы тәрбиенің алар орны ерекше екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы
Гулбану Қуандық