Сәләфи ағымының қалыптасқан құндылықтарға қарама-қайшылығы және келтіретін зардаптары

0
1840

​Көпшілік ортада, әсіресе діннен хабары жоқ жандармен сұқбат құрып, дін төңірегінде сөйлесе қалсаңыз сақалы қауғадай, балағы шорт кесілген азаматтар жайлы сұрақтарды жаңбырша жаудыра түседі. Қоғам – жеке тұлғалардан құрылған жүйе. Ал, қоғам әртүрлі адамдардан құралғандықтан пікір әралуандылығы болары да табиғи заңдылық. Бірі сәләфи бағытында жүрген азаматтардың зиянын айтып жатса, кейбірі олардың дінді ұстанып, ешкімге соқтықпай, өз өмірін сүріп жүрген қарапайым мұсылман деп сипаттайды. Шындығында бұл азаматтар кімдер? Біздің қоғам үшін қауіпті ма? Жоқ әлде өзімен-өзі жүрген қарапайым пенде ме? Осы салада аз-кем тәжірибесі дін маманы ретінде Сіздермен бүгін осы мәселелерді талқылып, жауап іздеп көрсек. 

Расында да сырт көзбен бір қарағанда ешкімге зияны жоқ сияқты көрінген сәләфиттік бағытты ұстанушылардың қоғамда қалыптасқан құндылықтарға тигізер теріс әсерлері өте көп. Еліміз зайырлы ұстанымды ту еткендіктен ешбір азаматтың діни сеніміне қол сұғушылыққа жол берілмейтіндігі рас. Алайда, халықтың қалыптасқан сеніміне, әдет-ғұрпына, бірлік-ынтымағына, береке-бірлігіне сызат түсіріп, қарулы қақтығыстардан бөлек ұлттық және діни алауыздыққа шақырушы діндерге біздің қоғамда орын жоқ. Міне сондай ағымдардың бірі – сәләфилік. 

Сәләфилік бағытты ұстанушы азаматтар өзгенің сеніміне құрметпен қарау, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын сыйлау, елдің Конституциясы мен заңдарын елемеу секілді қателіктерімен қатар, адам баласын тұлға ретінде қалыптастыратын зайырлы білім алуды жоққа шығару, отбасы құндылықтарын аяқасты етумен де ерекшеленеді. Мысалыға өздері секілді киініп, сақал қоймаған, діни ғибадаттарды, намазды өздері секілді оқымағандарды, тіпті ол өзінің туған ата-анасы, бауыры болса да одан теріс айналып кетуден танбайды. Тіпті өз нәпсілеріне еріп ақ адал некені де ойыншықа айналдырып, бүгін жасырын некемен алған қыздарды ертесі күні ешбір себепсіз талақ етіп тастап, әйелдерді жесір қылумен қатар, балаларды тірі жетім етіп өсіруде. Ең сорақысы бұл азаматтар мұндай істердің барлығына да мемлекет пен қалыптасқан жүйені кінәләп, біз секілді «таухид» ұстанатындар аз болғандықтан амалсыз осындай шараға барып отырмыз деп өз айыптарын өзгеге аударуға тырысып бағуда. 

Енді бүгінгі тақырыбымызды жүйелей кетсек. Жоғарыда аталған кемшіліктердің барлығы да қалыпты өмір сүріп келе жатқан тұрақты қоғамның бейбіт өміріне теріс әсер етпей қоймайтынын көзі ашық оқырмандарымыз түсінеді деп ойлаймын. Сәләфилік ағымды жақтаушылардың қоғамға қауіпті болуының ең бір басты себептерінің бірі білімге қарсы шығуы. Өзінің ғана адасып кеткенімен қоймай, өзгені де сол тұңғиыққа тартумен әлек. Тіпті мектеп жасындағы балаларына зайырлы білім алуына қарсылық танытып, түрлі сылтау-себептер іздеп мектеп бағдарламасын орындаудан бас тартып жататын жағдайлары да жоқ емес. 

Адамзат баласы бүгін қандай ғылымға қол жеткізген болса Жаратушының берген ақыл, білім, ғылым, іздену нығметтері арқылы қауышты. Адам баласы саналы болып дүнеге келгеннен кейін өзін қоршаған айналамен танысуының өзі бір білім. Бұл жайында Абай Құнанбайұлы бабамыз өзінің он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» — дейді. Ал, енді өздерін ғана «мұсылман санайтын» сәләфилердің көзқарасы, білімге деген ұстанымдары шынайы исламмен ұштасады ма екен? Соған жауап іздеп көрелік. 

Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі. Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70-жуық қолданылады (дереккөз https://www.muftyat.kz/сайты). Осының өзінен-ақ, исламның білім-ғылымға қаншалықты көңіл бөлгеніне көз жеткізе аламыз. 

Сонымен қатар бүгін біз оқып жүрген Құран Кітабы жинақталып бүтін қалыпта түскен жоқ. Әрбір сүре мен аяттар белгілі бір оқиғалар мен кезеңдерде бөлек-бөлек болып түсіп, жинақталған. Ал, осы Құранның «Алақ» сүресінің 1-аятында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!»— деп басталады. Ендеше табанды ғибадат пен айнымас сенім үшін де адам баласы ізденіп оқу керек екен. Абайша айтқанда ғылым-білімсіз сенімді иман жоқ, ал сенімсіз ғибадатты қабыл деу қисынға келмейді. Сондықтан білген адам мен білімсіз адамның парқы, айырмашылығы бар. Бұл мәселені де Алла Тағала Құран Кәрімнің «Зумар» сүресінің 9-аятында былайша: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» — деп баяндайды.

Шын мәнінде әрбір исі мұсылман үмбеті өз өмірін әз Пайғамбарымыздың ғұмырына ұқсатуға тырысатындығы хақ. Міне сол бізге тура жол нұсқаушы  Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде  де  ілім  жайында  өте көп айтылған.сондай бір хадистерінің бірінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» -деген.

Біздің даламызға ислам дінінің келгеніне 10 ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл дін біз үшін сенім ғана емес, халқымыздың өмірі мен салт-дәстүрімен үйлесімін тауып астасып жатыр. Бұл халқымыздың ділі мен тілінде, мінез-құлқында және салты мен әдет-ғұрпында айшықталады. Сол үшін Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сөзінде: «Ислам біз үшін дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз» — деп атап кеткен болатын. Қаншама ғасырлардан бері Ұлы Даламыздан көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар шыққанын ұмытпайық. 

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген ұлы ақын һәкім Абай өзі діни білім алып, білім-ғылым нәрімен сусындаған. Адам баласының жасаған тағат-ғибадаты өзі үшін. Оны ешбір жанға көз қылып мақтану мен міндет етудің қажеті жоқ. Ал ғылым-білім адамзат баласының жүрегіндегі сеніміне қарамай ортақ екендігін түсініп жетуіміз қажет. 

Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады. Қазіргідей әлемде індет тарап тұрған шақта адам баласының білімі мен технологиясынан артық әлемге тигізер үлесі жоқ екендігі анық болуда. Бүгінгідей елде төтенше жағдай жарияланып, пандемия іргемізге келіп тұрған шақта дінді желеу ертіп тартысатын, біреуді ғибадаты үшін айптайтын уақыт емес. Керісінше өзімізбен қатар балаларымызды да білім-ғылымға ұмтылдырсақ нұр үстіне нұр болары ақиқат. 

Қорытындылап айтар ойымыз ешбір адамды сенімі мен ұлтына қарай алалау бұл нағыз білімсіздіктің белгісі. Ал, бейбітшілік діні болған ислам бұған әсте жол бермейді ағайын. Сондықтан дінді желеу, білімсіздігімізді сылтау етіп, қоғамда бүлік тудырғаннан көрі, осынау Ұлы Даламызды гүлдендірер, бірлікке шақырар игі іске бастамашы болайық!

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Исмайл Абулхайров