Қазақстан дамуының зайырлы қағидаты-қоғамдық сана жаңғыруының шарты

0
1743

«Зайырлы» сөзі қазақ тілінде «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін араб тіліндегі «захири» сөзінен енген. «Зайырлы» ұғымы латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерімен үндеседі. «Саясаттың діннен оқшаулануы, оның табиғи-тарихи үрдіске айналуы» деген мағына береді. Дүние жүзінде мемлекеттердің үш түрі бар -теократиялық, атеистік және зайырлы мемлекеттер. Теократиялық мемлекеттің негізгі белгілері: 1.Діннің азаматтардың барлығына бірдей міндетті болуы. 2.Діни ұйымдардың мемлекеттің саяси жүйесін басқаруда ерекше орын алуы. 3.Діни зиялылар тобы мемлекеттің көшбасшылары болып табылады, мемлекеттік билік органдарын басқарады, саяси мемлекеттік өкілеттіліктері бар. 4. Діни бірлестіктер мемлекеттен шеттетілмеген. 5. Діни ұйымдар мемлекеттік органдардың қызметіне қатысуға құқығы бар, оның қызметіне тікелей ықпалын тигізе алады. Атеистік мемлекеттің белгілері: 1.Діни сенімдерді жоққа шығару. 2.Діни ұйымдарға ресми тыйым салу. 3.Діни әдет-ғұрыптардың орындалуын шектеу. 4.Діни адамдардың саяси билікке қатыстырылмауы. 5.Білім беру, тәрбие саласы атеистік негізде болуын мемлекеттік қадағалау. Зайырлы мемлекеттің белгілері: 1.Діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі. 2.Діннің саясаттан ажыратылуы. 3. Дін әр азаматтың жеке ісі болып есептеледі. 4.Мемлекеттік білім-беру жүйесі мен тәлім-тәрбие беру зайырлы сипатта. 5.Діни наным-сенімнің көксейтіні — адамның жеке өмірінің бостандығы. «Зайырлылық» сөзінің мәні мемлекеттің діннен, діннің мемлекеттен бейтараптылығы және ар-ождан бостандығы. Зайырлылық сипаты — ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді. Зайырлы мемлекет — азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінуін білдіреді. Дін мемлекеттік саясаттан тыс. Қазақ елінде мемлекеттік деңгейдегі ресми дін жоқ. Конституция бойынша діни партия құруға жол берілмеген. Мемлекеттік органдар Конституция негізінде салалық заңдарды басшылыққа алып жұмыс істейді. Қазақстанның әр азаматы ар ұждан бостандығын пайдаланады. Дін ұстану немесе атеист болу — әркімнің өз еркінде. Елде дінді ұстану мен бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңдылықтарды мемлекет белгілейді және бақылайды. Зайырлы елде діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды, сондай-ақ, діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз болмайды.

Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананың жаңғыруы үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның мақсаты — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу болып табылатындығын атап көрсетті. Елбасының пікірінше мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың санасы ісінен озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. XX  ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісі бүгінгі заманның болмысына сай келмейді. Өзгеру үшін заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру керек. Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы шарттарына айналдыра білу қажет. Жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Халық тарихы мен ұлттық салт-дәстүрі алдағы өркендеудің берік діңі болуы тиіс. Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын Елбасы атап өтті:

1.  Бәсекелік қабілет;
2.  Прагматизм.
3.  Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4.  Білімнің салтанат құруы;
5.  Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы.

Елбасы қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыру және заман сынағына лайықты төтеп беру үшін алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жоба ұсынды:

  1. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру;
  2. Қоғамдық және гуманитарлық  ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу.
  3. «Туған жер» бағдарламасын қолға алу;
  4. Халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру;
  5. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру;
  6. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыру;

Қоғамдық сананың жаңғыруы үшін азаматтардың заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық қоғамдардың алдында тұр. Барша қазақстандық жаңғыру идеясының маңызын терең түсіне білуі тиіс. Жаңа жағдайда жаңғыру дегеніміз Қазақстан дамуының ең басты қағидаты — зайырлылық негізінде ғана жүзеге асатындығын ұмытпағанымыз жөн.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Омарбаев Бектұрсын