«Дәстүрлі ел-тозбайды»

0
1805

2020 жылғы 25 желтоқсан күні Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен  «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында «Жусан» операциясы аясында террорлық аймақтардан елге оралған азаматшаларды дәстүрлі құндылықтырға бейімдеу мақсатында «Дәстүрлі ел-тозбайды» атты мәдени іс-шара өтті.

Іс-шараны Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін уақытша атқарушы Аружан Атымтаева қысқаша сөз сөлеп ашып, «Жусан» операциясы аясында өткізіліп отырған бұл шара ел мен жерді, ұлтымызды, туып-өскен мекенімізді құрметтеуге шақыратынын, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білген жан елін, жерін, Отанын да жақсы көретінін айта келіп, қатысушыларға табыс тіледі.

Шараға  қатысқан азаматшалар қазақтың салт-дәстүріндегі «Тұсау кесер», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару» рәсімдерін іс жүзінде орындап  көрсетті.

Іс-шараның мақсаты азаматшаларға ұлттық, тарихи сана қалыптастыру. Шараның осынау биік талап дәрежесінде өтуін ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «Әйелдер» секторының жетекшісі Досжанова Балжан, Облыстық «Әжелер» кеңесінің төрайымы Тілеубердиева Фатима, «Әдет-ғұрып салт-дәстүр» орталығының директор орынбасары Жақанқызы Гүлшат сынды азаматшалар қатаң қадағалап, әділқазылық етті.

Іс-шара соңында үздік нәтижеге жеткен және белсене қатысып, қазақтың салт-дәстүрлерін үздік көрсете білген қатысушыларға Шымкент қаласы дін істері басқармасының Алғыс хаттары мен сыйлықтар табысталды.