0
1315

Біз, имамдар, күнделікті жұмыс барысында көптеген адамның дінге қатысты сұрағына жауап береміз, қажетті кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған пәтуалармен таныстырамыз. Мүмкіндігінше діни кеңес беріп, насихатымызды жеткіземіз. Кездесу кезінде «әттеген-ай» дейтін жағдайлармен жиі бетпе-бет келеміз. Соның бірі – дін жолына түскен кейбір бауырларымыздың қоғамнан алшақтап, тіпті жақынына жат болып бара жатқаны…

Жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастардың күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни ұстаным мен көзқарас мәселесінде бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қасаң көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпау т.б.

Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайынмен жақыннан араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат» деген атқа лайық болуы тиіс. 

Біздің айтайын дегеніміз – мұсылмандық жолды берік ұстанған адамның отбасы, туған-туыс, қоғам, мемлекет алдындағы моралдық жауапкершілігі екі есе артуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңда ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың» деген. Демек мұсылман – жақсы адам деген сөз. Ал жақсы адам қоғамға шарапатын тигізіп, жақсылығын көрсетіп, шуағын шашып, қамқорлығын аямауы тиіс. Сонда ғана біз «Сендердің араларыңда ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың» деген хадиске амал еткен үмбеттен боламыз.

Ислам діні адамзат баласын парасаттылыққа, ұстамдылыққа, байсалдылыққа, ізгілікке, қайырымдылыққа, отаншыл болуға үндейді. Кез келген адам «мұсылман» деген сөзге кір келтірмеуі керек. Өйткені «мұсылман» деген сөзге лайық өмір сүру – жауапкершілігі жоғары іс. Мұсылман баласы әр ісінде өзгелерге ғибрат болар амалдарды атқаруы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деп өсиет еткен.

Біз – сөзімізбен, ісімізбен дінді жеткізуші жеке тұлғалармыз. Жақсы амалымызбен, қайырымдылық бағытындағы ізгі ісімізбен Ислам дінінің мейірім мен ізгіліктің діні екенін көрсетеміз. Абай атамыз өлеңінде «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын» демей ме?!

Ал сөзіміз бен ісімізден имандылықтың лебі есіп тұрса, бұл көріністен өзгелер міндетті түрде ғибрат алады. Ал егер сөзіміз бен ісіміз үйлесім таппай, жан-жағымыздағы адамдарға жағымсыз әсер қалдыратын болсақ, онда олар біздің әрекетіміз арқылы Ислам діні туралы түсінігі қалыптаса бастайды.

Өкінішке қарай, бүгінде кейбір адамдар адамға, оның болмысына қарап дін туралы пікір білдіріп жатады. Асылында Ислам – кіршіксіз дін. Ал кемшілік пен қателік жасап жатқандар – жекелеген адамдар. Біз уағыз-насихат жұмыстарында адамға қарап, оның ұстанған дініне баға беруге болмайтынын жиі айтып келеміз. Алайда базбір адамдар бір қателікті көріп, дін туралы жағымсыз сөз айтудың жауапкершілігін сезінбей жатады. Біреуге кінә арту – оңай іс. Алайда сол адамға жанашырлықпен насихат айтып, дұрыс жолды таңдауға үлес қоссақ, оның болашағына сіз бен біздің тарапымыздан қосылған үлкен үлес болар еді.

Осы ретте дін жолында жүрген бауырларыма айтар насихатым: әр істе орта жолды ұстанған абзал, мұсылман деген атқа лайық өмір сүрейік. Бізді сәби кезімізден бағып-қағып, әлпештеп өсірген ата-анамызға, туыс-бауырымызға, көрші-қолаңға, айналамыздағы жақын адамдарға жат болмайық. Керісінше, олардың сенім артқан ең жақын, арқа сүйеген азаматы болайық.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам отбасының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар» деп ескерткен.

Демек, сіз бен біз өз отбасымызға, туған-туысқандарымызға, егер басшы болсақ, қоластымыздағы қызметкерлерімізге жауаптымыз. Ал жауапты адам өз ортасына жан-жақты үлгі болуы керек. Үлгі болатын адам оларға өте жақын болуы тиіс. Түйіндеп айтқанда, жақыныңа жат болма!   

Қуат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,
«Жәми» мешітінің бас имамы,
Жамбыл облысы
«Мұнара» газеті, №23, 2020 жыл