Еліміздегі діни оқу орындарының маңызы

0
1218

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Мұсылман қазақ ұлтының отаны – Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындар Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі.

Орта ғасырларда бірыңғай рухани мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі дәстүрлі ханафи мәзһабы мен матуриди сенімі негізінде ерекше қарқынмен дамыды. Медреселер көбіне мешіттердің жанынан салынды. Бұхара, Самарқанд жерінде басталған медресе дәстүрі Баласағұн, Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Өзкент секілді Ұлы Жібек жолының бойында жатқан ірі мәдени орталықтарда жалғасын тапты. Ортағасырлық жазба деректерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады. Қазақстан жеріндегі медреселер жүйесі бойымен Сыр бойындағы қалаларда ерекше өрістеді.

Кеңестік билік тұсында қазақ жерінде діни білім жандана қойған жоқ. 1971 жылы Өзбекстан астанасында Имам Бұхари атындағы Ислам институты құрылды. Кеңес одағы көлеміндегі бірден бір исламдық оқу орны саналатын осы институттан қазақ халқының бірқатар тұлғалары білім алып дін саласында қызмет етті.

Егемендігімізді алып, зайырлы демократиялық ел болып орнығып дін саласын реттейдін заң қабылданды. 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы»  заңы ДББҰ қызметіне елеулі өзгеріс әкелді.  Аталған заңның 13-бабының 3-тармағына сәйкес діни білім беру ұйымдарын тек республикалық діни бірлестіктер мен өңірлік діни бірлестіктер ғана құра алатын болды. Елімізде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігіне (ҚМДБ) қарасты 9 медресе, Египет Араб Республикасы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасындағы келісімге сай құрылған «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті жұмыс жасайды. Діни оқу орындары шәкірттерді шығарып, елге қызмет етуде. Исламдық білім беру жүйесінің жолға қойылуында ҚМДБ шешуші роль атқаруда. Қазір еліміздегі ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет атқарады:

1. Діни сауат ашу курстары
2. Қарилар дайындау орталықтары.
3. Медреселер.
4. Білім жетілдіру институты.
5. Университет.

Қазақстандағы білім беру саласында тәуелсіздіктен кейін қарқын алған жағымды әрі қажетті үрдістердің бірі дінтану мамандарын даярлау болып табылады. Дінтанушы мамандарды еліміздегі Л.Н Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университетіні, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогиқалық университеттері «дінтанушы», «теология», «тарих және дінтану» мамандықтары бойынша мамандар дайындайды. Отандық жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған дінтанушы, теологтар діни оқу орындары мен мемлекеттік қызметке араласып, игі нәтижелерді көрсетіп келеді.

Мектеп қабырғасында «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқытылу аясын кеңейту еліміздегі қазіргі діни ахуал және конфессиялық кеңістіктің алуан түрлілігі жағдайында да өте маңызды. Орта мектепте дінтану бағытында жүйелі әрі сапалы білімнің берілуі болашақта еліміздің ішкі тұрақтылығына септігін тигізетіні сөзсіз. 

Дінтанушы Икрам Айтаев