Сауалнамалық зерттеудің мақсаты

0
247

Әлеуметтану — қызықты және іс жүзінде маңызды ғылым. Ол қоғамда және адамдар арасында не болып жатқанын, әлеуметтік өзгерістердің қалай жүріп жатқанын, өмірдің әр түрлі ағындарының нәтижесі қандай болатынын білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтану ғылымы қоғамның түрлі жағдайларда мақсаттары мен мүддесін, болжам нәтижелерін айқын түсіне отырып саналы түрде алға басуына жәрдемдеседі. Жалпы айтқанда әлеуметтану қоғамдағы барлық салаларды, оның ішінде экономика, саясат, дін, ғылым-білім, мәдениет т.б. көптеген салаларды зерттейді және ол үшін бірнеше әдістерді ұсынады. Олардың негізгі кең тараған және сапалы әдістері: әлеуметтік сауалнама, фокус-топ, контент талдау болып табылады.

Бұл ғылымының негізгі мақсаты – қоғамда болып жатқан процестерді бақылау, қандай да бір өзгерістер болған жағдайда оның себеп-салдарын зерттеп анықтау, сол арқылы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізу болып табылады. Дін — әлеуметтану ғылымының негізгі зерттейтін обьектілерінің бірі. Діннің қоғамдағы негізгі мақсаты – адамдарды құдайға құлшылық етуге, адамгершілік пен мейірімділікке, тыныштық пен татулыққа шақыру. Десе де, соңғы уақыттарда адамдардың, белгілі бір топтардың өз мақсат-мүдделерін жүзеге асыруы үшін дінді қоғамға теріс түсіндіріп, діннің негізгі принциптеріне қарама-қайшы әрекеттер жасатуға талпынып жатқандары белгілі. Осынау сәттерде дінге байланысты мәселелерді, қоғамдық пікір мен қоғамдық сананы анықтау үшін әлеуметтану ғылымы әлеуметтік зерттеуді ұсынады.

Әлеуметтік зерттеудің түрлі методологиялары бар. Солардың ішінде көп қолданылатын және тиімділері сауалнамалық, фокус-топтық, контент-талдау және экспресс сауалнамалық әдістері. Жалпы қайсы бір тақырыпта әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін ең бірінші болып бағдарлама жасалынады. Яғни зерттеудің мақсаты мен міндетін қою, алдын ала болжамдар жасау (күтілетін нәтижесі), қажетті уақыт пен қаражаттарды есептеу және зерттеудің методын нақтылау. Қоғамдық пікірді, нақты бір мәселелерді айқындауда ең тиімді әдіс — сауалнамалық әдіс болып табылады. Себебі сауалнамалық зерттеуге көп адамдар қатыса алады және оның нәтижесін қоғамдық пікірі ретінде ұсына аласың.

Сауалнамалық зерттеуді жүргізуден алдын іріктеу жұмысы жасалынады. Іріктеу жиынтығын есептеу мысалы “N” қаласында 100 мың адам тұрады. Зерттеудің жалпы жиынтығын анықтау үшін қалалықтардың жалпы санынан 18 жастан кіші адам санын алып тастау қажет. Алынған сан аталмыш зерттеудің жалпы жиынтығы болып табылады. Есеп мына формула бойынша жүргізіледі:, N = B — C, мұнда N — қала, B — халықтың жалпы саны, ал C — 18 жасқа дейінгі халық. Сонда, мынаны аламыз: 100 000 — 35 000 = 65000. Сонымен, жалпы жиынтық 65 000 адам құрайды. Іріктеу жиынтығының көлемі мына формуламен анықталады: V=N*0,001; мұнда V — іріктеу көлемі, N — жалпы жиынтық, ал жалпы жиынтықтағы зерттелетін белгінің үлесі — 0,001-ге тең. Сонда, 65 000*0,001=65 болады. Сонымен, зерттеудің іріктеу

жиынтығы 65 адам құрайды. Зерттеу көп мақсатты болған жағдайда іріктеуді екі есеге көбейтіп жүргізуге де болады.

Зерттеудің бағдарламасын, іріктемесін жасап болған соң, сауалнама құрастырылады. Сауалнамаға тұрғындар тез ұғына алатын қарапайым тілмен нақты проблеманы ашып беретін кілтті сұрақтар құрастырылуы қажет. Сауалнама жасалынып біткен соң іріктеме негізінде тұрғындардан сауалнама алынады. Толтырылған сауалнамаларды SPSS бағдарламасына енгізіп статистикалық нәтижесі шығарылады. Осылайша зерттеудің нәтижесінде нақты мәселелерді анықтап, оны шешудің тиімді жолдарын ұсынуға болады.

Бүгінгі күнде орталықта түрлі діни тақырыптарда сауалнамалық зерттеулер жүргізіледі. Жүргізілген зерттеудің негізінде анықталған мәселелер бойынша талдау жасалынып, алдағы уақытта тиімді және нақты жұмыс жасау үшін ұсыныстар әзірленеді. Әлеуметтік зерттеулердің қай салада болмасын маңыздылығы зор. Себебі, зерттеулер арқылы біз қоғамның немесе қайсы бір саланың басып өткен жолдарындағы нәтижелі жұмыстары мен кемшіліктерін білуге және болашаққа болжамдар жасап, күтілетін нәтижелерді анықтауға мүмкіндік ала аламыз

Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
әлеуметтанушысы Жунисов Берік