Зайырлылық және Тәуелсіздік

0
1793

Діни татулық – Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерінің бірі. Көп ұлтты ел барлық конфессия өкілдерінің теңдігі, сыйластығы мен ынтымақтастығын қамтамасыз етіп, түрлі дін өкілдері арасында өзара сенімді сақтап келеді. Діни көшбасшылардың пікірінше осының бәрі ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың зайырлылық саясатының арқасында мүмкін болып отыр.

Зайырлылық – атеизм де, дінсіздік те емес, ерекше діндарлық деп айтсақ болады. Зайырлылық Құдайға емес, қоғамға тікелей бағытталған. Бұл ешқандай бір дүниетаным емес, ол – азаматтық ұстаным деп айтсақ болады. Білгілі бір сенім емес, бірнеше қағидалардың жиынтығы, мемлекеттің кез келген дінге және метафизикалық құбылыстарға қатысты бейтараптылығы. Атап айтқанда, діни бірлестіктердің мемлекеттен тәуелсіз болғаны секілді, діни бірлестіктерге тәуелді болмауы, ар-ождан және дін бостандығы, зерттеу мен сынай алу еркіндігі, кез-келген ресми діннің, ресми философияның болмауы және соның салдарынан әр адамның өзі қалаған дінін қабылдауға немесе қабылдамауға байланысты заңдылықтарды қамтиды. Зайырлылықтың мәнін үш сөзбен айтуға да болады: бейтараптылық, тәуелсіздік, дін бостандығы.

Қазіргі таңда мемлекеттегі зайырлылық пен діндарлықтың өзара байланысы туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Елімізде діннің мемлекеттен бөлінуінің түбі мемлекеттің атеизмге бет бұруына, ал бұл өз кезегінде қоғамдағы мораль мен имандылықтың төмендеуіне алып келеді деген пікірлер жиі айтылып келеді. Қоғамдағы барлық салаларына діннің араластырылудың дұрыс-бұрыстық мәселесі де белсенді талқылануда.Осы орайда дін мен діни сенім бостандығы барлық демократиялық жүйелерде кепілдендірілген және адам құқықтарының халықаралық декларациясында бекітілген маңызды құқық болып табылатындығын атап өту маңызды. Зайырлы даму жолын таңдаған мемлекеттерде дін мемлекеттен оқшауланған, алайда бұл оның қоғамнан бөлінгендігін білдірмейді. Ұлттық және діни мұра халықтың рухани мәдениеті мен ділінің ажырамас бөлігі болып саналады. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, тек бір-бірін толықтыратын зайырлы және діни құндылықтар ғана бүгінгі қиын сұрақтарға толық жауап береді.

Ислам дінінде зайырлылық бөтен бір ұғым емес, өйткені исламның негізгі қайнар көздері – Құран мен Сүннетте зайырлылық қағидаларын да байқауға болады. Мысалы, Бақара сүресінің 201-аятында: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Тозақ отының азабынан сақта!» – делінген. Бұл аятта адам өзінің осы дүние де тірлік істеу керектігі баяндалған. Сондай-ақ осы сүренің 256-аятындағы «Дінде зорлық жоқ…» сөзі – зайырлылықтың маңызды негізі. Осы аятқа сәйкес, басқаларға діни сенімдерді күштеп таңуға тыйым салынады. Алланың адамды Өзіне сенуге мәжбүр еткісі келмейді. Олай болса адамдар өзгелерді дінге сенуге мәжбүрлемеуі тиіс.

Сондай-ақ, Қасас сүресінің 77-аятында: «Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа…» делінген. Бұл аятты Мәуеренахрлық муфассир Әбу Лайс әс-Самарқанди: «Бұл дүниедегі шаруаларыңызды қалдырмаңыз, өйткені ол сізге ақыретте қызмет етеді» – деп түсіндірген болатын.

Қорытындылай келе, мұсылман әлемінде демократиялық құндылықтары бар азаматтық қоғамның қалыптасуы әрқашан біркелкі дамымаған. Өйткені дінаралық пен зайырлылықтың байланысы туралы мәселе әрдайым туындап отырған. Сонымен қатар, мұсылмандардың діни санасын радикалдандыру және саясиландыру әрекеттері бүгін де бәсеңсіп жатқан жоқ.

Зайырлылық дінді жоққа шығармайды. Дін адамгершілік пен рухани тәрбие саласында маңызды рөл атқарады. Алайда дінді саяси мақсатта өз мүдделері үшін пайдалану тек зайырлылық қағидаларына ғана емес, сонымен бірге Ислам дінінің заңдылықтарына да қайшы келеді.

Бүгінде Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде әлемге танылып отыр. Оның айқын дәлелі —бас қаламызда үздіксіз 2003, 2006 жылдары және 2009, 2012, 2015 жылдары тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел бола алады. Бұл айтулы шаралардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік маңызымен ерекшеленеді. Өйткені, барлығында әртүрлі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды.

Айдос Оралбаев
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы