Өңіріміздің зиярат ету орындары

0
838

Қазақстанның әулиелік және зиярат ету орындары бүгінгі таңда ғылыми әлемнің қызығушылығын оятып, дәйекті деректермен қолдау туғызуда.Зиярат ету орындары туризмді дамытуға да зор үлесін қосып келеді.Туризм – тарих, мәдениет, өнерді білуді насихаттаумен қатар, олардың қалпына келуін, дамуын қажет етеді.

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Тарихи және мәдени-сауықтыру бағытындағы екі бөліктен тұратын кешеннің құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Оның алғашқы бөлігінде «Этносаябақ», «Бәйдібек би» ескерткіші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Ұлы жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі орналасқан. Әрқайсысы Қазақ халқы мен көне Шаһардың терең тарихынан сыр шертеді. Солардың ішіндегі ашық аспан астындағы – «Этносаябақ» өңіріміздегі зиярат орындары туралы көрнекі ақпарат мекені ретінде үлкен маңызға ие.

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі тарихи ескерткіштердің 80 пайызы Оңтүстік өңірінде екен. Жалпы алғанда, облысымызда 505 тарихи-археологиялық нысан бар. Алайда, бұлардың барлығын аралап, тарихымен терең танысуға көпшіліктің мүмкіндігі бола бермейді. Ал «Этносаябақтың» жоғары жағында орналасқан 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті арқылы сол қасиетті орындармен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Қатар-қатар тізілген Арыстанбаб, Үкәш Ата, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Баба түкті Шашты Әзіз, Кемеқалған әулие, Қарашаш ана секілді киелі орындар тарихтың терең иіріміне тартады. Бұл әсіресе өзге ұлт өкілдерінің тарихымызбен жан-жақты танысуына жол ашады.

Қазақстан жерінде орта ғасырдан сақталған керемет сәулет өнерінің туындысы түркі халықтарының рухани пірі Қожа Ахмет Ясауи әулие кесенесін Қазақстандағы бүкіләлемдік мұралар тізіміне (ЮНЕСКО) алынған тарихи ескерткіш (2003 жыл, маусым айы). Қорық музейі Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық музейдің құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан 8 тарихи ескерткіш музейлендіріліп халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

Ахмет Ясауи кесенесі Түркістан қаласында ХIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Бұл мекен Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таяған кішкене мазардың орнына дүние жүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші Ақсақ Темірдің әмірімен орнатылды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі түркі әлемінің рухани орталығы. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XIV ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа

аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған. Оңтүстік Қазақстанда Сайрам деген жерде туған Ахмет Ясауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алады.

Ахмет Ясауидің уағыздаушы және ақын ретінде атағы кең жайылып, оның «Диуани Хикмет» («Даналық жайындағы кітап») атты діни өлеңдер жинағы көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және оның төңірегінде Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Әмір Темірдің шөбересі Бабыр хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б. белгілі адамдар жерленген. Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғ. шамасында салынған. Мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Арыстан баб кесенесі 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 м, биіктігі 12 м, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға,Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жәнделді. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

Бұл кесене XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің бірінші құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Сол құрылыстан кесілген айван тізбектері қалған. XVIII ғасырда көне мазардың орнында жер сілкінісінен кейін екі кесілген ағаш тізбекке тірелген айванмен салынған екі күмбезді құрылыс орнатылды.

Осы аталған және де басқа зиярат ету орындарының жас ұрпақты тәрбиелеуде де, туризм саласында да алатын орны маңызды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінгі күні Қазақстан бойынша ежелден сақталып, мұра болып келе жатқан, көне тарихымызды баяндайтын ескерткіштер, әулиелі, киелі мекендер саны өте көп. Біз осы мүмкіндіктерімізді туризм саласын да дамытуға қолдана білуіміз керек. Қазақстанда зиярат ету туризмнің болашағы зор.

Ұлжан ҚҰТЫН,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ заңгері