Ата-ананың разылығы — Алланың разылығы

0
1990

Мұсылманның Алла Тағала алдындағы дәрежесін көтеретін Исламдағы амалдардың бірі — ата-ананы құрметтеу болып табылады. Бұл амалдың маңыздылығына Алла Тағаланың  Құран Кәрімдегі аяттары дәлел болады. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр». Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендерге күнәлардың ең үлкенін айтайын ба?»  дегенде, олар: «Иә, Алланың елшісі, айтыңыз»,  деп жауап  қатады. Сонда Алла елшісі оған (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол амал- Алла Тағалаға серік қосу және ата-ананы тыңдамау», дейді. Мұнда Аллаға серік қоспаудан кейінгі біз үшін ең үлкен амал ата — ананы құрметтеу ережесі айқын байқалады. Ата-анаға құрмет көрсету керек екенін анық білуге болады.  «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз ай жалғасты»,- деп әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады. Ананың қандай қиыншылық көріп дүниеге әкелетіні жайында айтылған. Оларға біз мәңгілік борыштармыз. Әуелі Алла, одан соң ата-ана.Және де ата-ананың қадір-қасиеті туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінен де байқауға болады.  «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына дұғасы» .

Ата-ананы құрметтеу – ең көркем құлшылық, күллі игі істердің негізі және жұмаққа апаратын жол екендігі ақиқат. Айша анамыздан (р.а.) келген хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  айтады:  «Мен түсімде жәннатта екенмін. Жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенімде:  «Харис ибн Нұғман», – деген жауапты естідім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы сұрайды. «Оның амалы қандай амал?» – дегенде, сахабаларының барлығы: «Уа, Алланың елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз. Алайда, ол анасына көп жақсылық жасайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  : «Оның істеп жүргені жақсылық», – деп үш мәрте қайталайды. Ата-ана перзенттеріне жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп, қарай алмаған болса да, балалары оларға жақсы қарауға міндетті. Өйткені, кісі қартайған сайын бала көңілді және қорғансыз бола түседі. Сәбиінің балалықтағы небір қисық әрекеттеріне кешіріммен қарап, мейірімділік танытып, енді өздері балаларының мейіріміне мұқтаж болған шақта оларға жақсы қарау – адамзаттың асыл борышы. Бұл міндет «әке-шешемді құрметтеймін» деген құрғақ сөзбен орындалмайды. Олардың қажеттіліктерін өтеп, қарайласып, рухани һәм материалдық мүмкіндіктерді жасаумен ғана жүзеге асады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  :«Сенің дүниеге келуіңе себепкер әкең, ал дүние-мүлкіңнің барлығына өзің себепкерсің. Олай болса, сен де, мал-мүлкің де әкеңнің табысы боп саналады», – деп үмметіне өсиет етуіне зер салыңыз.

Олай болса, адам баласының ырзықы, несібесі ата-анасына байланысты.Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі ырзық, несібесінің көбеюіне де өзіндік септігі болмақ.  Халқымызда «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген дана сөз бар. Бүгінгінің бұзылған қоғамынан ара-тұра болса да «Пәленшенің баласы кезінде әке-шешесіне жасағанын өзіне қайтарып отыр» дегенді естіп қаламыз.  Бұдан ұғатынымыз ата-анаға көрсеткенім ертең алдымнан шығады деп емес, Алланың разылығы үшін құрметтеп, қамқорлық көрсету керек.

«Ата-ананың ашуы — Алланың ашуы, ата-ананың ризалығы — Алланың ризалығы», — деген. Алла Тағала баршамызға Өзіне ғана құлшылық жасауымызды және ата-анамызға жақсылық қылуымызды нәсіп етсін.

Е.Айнабек,
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ “Ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру” бөлімі маманы