Дамудың кілті – зайырлылық пен ғылымда

0
502

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Зайырлылық дәстүрлері Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы», – деп атап өткен еді. Мұның негізінде – төзімшілдік, бейбіт сүйгіштік және барлық қазақстандықтың жеке құқығын құрметтеу жатыр.

Қазір елдің көңілінде «зайырлы демократиялық мемлекет жетістіктерінен көз жазып қалмаймыз ба?» деген алаң бар. Өйткені, осындай жағдайлар бірқатар елде орын алғаны жұртқа аян. Сондықтан да зайырлы дәстүрлерімізді жоғалтсақ – азаматтарымыздың кеудесіндегі  үміт жібін үзіп алуымыз мүмкін екендігін ұққан жөн.

Ал, зайырлылықтың атеизм емес екенін ұмытпау аса маңызды. Осы және өзге де өзекті дүниелер «Мемлекеттегі зайырлылық құндылықтардың дамуы мен зайырлы қоғам» тақырыбында өткен онлайн кездесуде кеңінен айтылды.

Кездесу қонағы – Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің және республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, тарихшы Ерлан Саиров болды.

Шараны тізгіндеген Қарағанды облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Дулат Халел алдымен, аймақтағы діни ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, Қарағанды облысы діни ахуалы салыстырмалы түрде күрделі аймақтар қатарында.

– Бүгінде облыстан соғыс өрті өршіп тұрған елдерге кеткен тұрғындар мен радикалды діни идеологияның ықпалындағы азаматтар әлі күнге дейін бар. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында халық арасында жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында облыста 19 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Кейінгі жүргізілген әлеуметтік сауалнамада облыс халқының 95%-дан астамы діни ахуалды тұрақты деп бағалаған. Кейбір дінді ұстанатын адамдардың діни қағидаларды бұлжытпай орындауды заңдар мен зайырлылық ғибраттарынан жоғары қоюы – сын-қатердің, шиеленістің шығу көзі. Осының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарындағы басымдылық зайырлылық құндылықтарына беріліп отыр. Лекторлардың кәсіби деңгейін арттыру үшін түсіндіру топтары мүшелеріне арналған түрлі форматтағы семинар-тренингтер де ұйымдастырылып келеді, – деді Дулат Қанышұлы.

Әрі қарай кеш қонағы осы бағыттағы ең маңызды мәселелерге тоқталды. Ресми баяндамадан гөрі ел арасындағы өзекті мәсәлелер сұрақ-жауап арқылы әрі еркін форматта талқыланды.

– Елдегі діни ахуалды айтқанда 70 жылдық атеизмді ұмытпау керек. Бала кезде ақсақалдар намазын қаза қылмайтын. Бірақ, ол қоғамға, мектепке әсер ете алмады. Кеңестік жүйенің дінге қарсылығы қарапайым халықтың өресін таяздатып, дінге көзқарасын әлсіретті. Кеңес үкіметі тарқаған соң, елімізге сырттан көп діни теріс ағымдар келіп, есеңгіреп қалдық.

Исламның өзегі – бейбітшілік. VIII-IX ғасырларда Араб халифаты толеранттық тұрғыдан жетік болған. Басқа дін өкілдері де түрлі салада жоғары лауазымға көтеріліп, адамгершіліктің озық үлгісі насихатталды. Алтын Орда дәуірінде де түрлі дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. 2000-жылдарда жаһанданудың дамыған технологиясымен бірге, ресейлік этникалық өзге ұлттар әкелген эсктремизм осы алтын өзекті үзуге тырысуда. Ал, ислам әлемі ғаламдық тыныштықты сақтауға орасан үлес қосудан тайған емес, – деді Ерлан Бияхметұлы.

Дерекке сүйенсек, қазір елде діни ахуал тұрақты. Теріс ағымдағылардың 1%-ға жетпейтіні, толеранттылықты бала-бақшадан, мектептен бастап насихаттап, асыл дініміздің негізін бала санасына құю керектігі, ағыммен шектелмей, әділеттілік пен теңдікті сақтау керектігі айтылды жиында.

«Өйткені, осы дүниелер дұрыс жолға қойылмаса, ел санасында мемлекет идеологиясына қарсылық туындайды. Жергілікті әкімдер мен соттар жұртқа бірдей қарауы керек.

Жезқазған облысы тараған соң, біраз назардан тыс қалды. Енді ол өңірдің әлеуметтік деңгейін көтеру маңызды. Қолға алынған бағдарламалар есеп үшін болмай, жанашырлықпен жүзеге асуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер маслихаттармен бірлесуі керек. Олар да атсалыссын. Әкімдікке артып қою дұрыс емес.

Білім мен тәрбие қатар жүрсе, ұлт тәрбиесі түзеледі. Жаһандануды тоқтату мүмкін емес, бірақ сол арқылы қоғамды дамытуға болады. Халық пен мемлекет ымыра-бірлікте жұмыс істесе, бұл мәселелер шешіледі. Исламның түркі әлеміндегі жақсы жақтарын алып, ұлтқа икемдеу керек. Діни институттар мен уағызшыларды даярлау маңызды. Олар руханият пен ғылымды қатар насихаттауы керек. Өйкені, тек дінмен шектелу қете. Дінді ұстанып, рухани бай болып, технологияны да жетік білген ұрпақ, бәсекеге қабілетті болады. Сонда экстремизм жойылып, дамыған елдердің қатарына қосыламыз. Бұл әлемдік практиканың мысалы», – деді Ерлан Саиров.

Жиынға қатысушылар қонаққа түрлі сауал қойып, тұщымды жауап алды. Жапония, Израилдей дамыған елдердің даму бағдарламасына сүйеніп, өз болашағымызды бағдарлау сынды маңызды ұсыныстар ортаға салынды. Әсіресе, креликализмнен гөрі ғылым мен технологияны, руханияты дамытып, өзгенің рухымен емес, өзіміздің ішкі жаман әдеттерімізбен күресу керектігі бас айтылды. Сонда, «жиһадты – қолға қару алып, соғысу» деп түсінетіндердің азаяры анық.

Зайырлылық – әр адамға рухани дамуға мүмкіндік береді. Ал, дінді руханияттан бөліп қарау мүмкін емес. Қазақ халқы ұлан-ғайыр жердің иесі ретінде еліміздегі этностардың наным-сеніміне, мәдениетіне құрметпен қарайды. Ал, технократтық дәуірде ғылымсыз, жаңа технологиясыз елдің әл-ауқатын арттыру, дамыған елдердің легіне ілесу мүмкін емес. Зайырлылық пен ғылыми технологияны қатар ұстау – дамудың алтын кілті.

Жәлел ШАЛҚАР