Атырауда бірнеше адам радикалды райынан қайтты

0
136

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына жасаған ресми сапарында «Иманғали» мешітінде азаматтармен дәстүрлі емес діни ағымдардың зияны туралы жеке түсіндірме жұмысын жүргізді.

Азаматтарды жеке қабылдаған Бас мүфти олардың ақида, фиқһ мәселесі бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Бірнеше сағатқа созылған жеке ықпал ету іс-шарасында Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатпен бірге болудың, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенімін ұстанудың маңызын кеңінен түсіндіріп берді. Сонымен қатар салт пен дәстүрге, қоғамда қалыптасқан құндылықтарға құрметпен қарауға үндеді.

Кездесу нәтижесінде жергілікті азаматтар діни сенім мен ұстаным бойынша шалыс басқан қадамдарына, дұрыс емес бағытта жазылған діни кітаптардан білместікпен ақпарат алып қойғанына өкінетіндерін жеткізді. Сонымен қатар ашық сұхбат жүргізіп, көкейкесті сұрақтарға жауап берген Бас мүфтиге, Атырау қаласының имамдарына алғысын білдірді.

Дәстүрлі емес діни ағымның зияны түсіндірілген нүктелі  кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті.

Айта кетсек, Бас мүфти бастамасымен ҚМДБ жанынан құрылған жұмыс тобы Атырау облысында уағыз-насихат және жеке ықпал ету іс-шараларын өткізуде. Республикалық ақпараттық насихат топ мүшелері тұрғындардың сұрағына жауап беруде.