Исламдағы қыз тәрбиесі

0
3067

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты бойына сіңіріп өсірген. Ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қыз қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Қызды «жат жұрттық» деп қадірлеп, төрінен түсірмеген. Басқа үйдің отын жағып, түтінін түзу ұшыратын боласың, барған жеріңде шешесі үйретпепті демесін деп анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысады. Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс. Қыз бала үйден шыққанда тап-таза киініп, шашын таранып,әсем күлкісімен айналаға нұрын шашып жүруімен қатар сабағын да жақсы оқиды. Қыз баланы тәрбиелей отырып, отбасындағы одан кейінгі ұлдарға үлгі етеміз, яғни бұл жерде ұлт тәрбиелеу − бұл қазақтың ежелден келе жатқан философиялық даналығы деп білемін.

Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда сол ұлтымыздың діні, тілі, тарихы, салт-санасы ойымызға оралады. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап(бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады.

Дініміз Исламда қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:«Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп). «Дүниеге қыз келген уақытта, Алла тағала ол жерге періштелерді жіберіп, сәлемін айтып: «Мына үйдің тұрғындары, сендерге сәлем болсын»,-дейді. Періштелер қанаттарымен жаңа туылған қызды қорғаштап былай дейді: «қандай әлсіз, қорғансыз еді, әлсіз денеден шықты. Егер әкесі оны тәрбиелеп өсірсе, қияметке дейін оған Алланың жәрдемі болады» (Набит бин Шурайттан Табарани риуаят еткен). «Қыздар – олар мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» (Анастан Дилми риуаят еткен). Ата бабаларымыз қыз балаларамыз, апа қарындастарымызға тәлім тәрбие беру ісінде асыл дініміздің маржан сөздерін арқау еткені белгілі.

Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деп аталатын тәрбие бар. Еліміздің ертеңі осы асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың қолында екені анық. Сондықтан жастарға тәрбие беруде дәстүрдің озығы мен тозығы бар демекші заман талабына сай озық тұстарын ұтымды пайдалану керек. Қыздарымыздың ибалы һәм иманды, тәрбиелі болуына пайдасы тиер деген оймен ес біліп, етек жиған әрбір қыз өзі барған үйде барлық қырсыз істен тыйылу керек немесе барған үйлері тыю керек деп қараған. Қыз баланың бұл өмірдегі басты бақытының бірі ана атану десек қателеспек емеспіз. Сондықтан имандылық, ибалылық, ар-ұят пен қоса жақсы ана болуды санасына сіңіре білу екі дүниеде де қызыңызды да өзіңізді де жақсылыққа, бақыттылыққа жеткізетін ислам дінінің талаптарынан болмақ. Лайым Алла баршаңызға Ислам дінімен өмір сүріп, салихалы ұрпақ тәрбиелеуіңізді нәсіп еткей.

Тыныштық Байманова,
ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы