Құрандағы ғылыми ашылулар

0
117

Қасиетті Құранда астрономия, физика, медицина және математика сынды жаратылыс ғылымдарының негіздері көрсетіліп, жаратылыс ғылымдарын игеру арқылы адамзат қажетіне жарату Құран талабына лайық өмір сүрудің бір шарты ретінде міндеттеледі. Оған дәлел Құран аяттарында жаратылыс жайлы сөз ете отырып, аяттардың соңы көп жағдайда «Ойланбайсыңдар ма?», «Ақыл жүгіртпейсіңдер ме?» және «Бұл істің сырын ақыл иелері ғана ұғына алады» деген ескертулермен аяқталады. Жалпы Құрандағы жаратылыс ғылымдары туралы ишараттарды үш негізде қарастыруға болады.

Бірінші, Құрандағы «Нәжм (жұлдыз), Қамар (ай), Шамс (күн), Ләйл (түн), Инсан (адам), Бақара (сиыр), Нәміл (құмырсқа), Анкабут (өрмекші), Фил (піл) және Хадид (темір) т.б.» көптеген сүрелердің атаулары жаратылыс есімдерімен келуі соған ишарат болып табылады.

Екіншісі, Құрандағы, «Расында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында һәм Алланың күллі аспан әлемі мен жер бетінде жаратқан әрбір жаратылыста тақуа жандар үшін ғибрат аларлық белгілер мен дәлелдер бар» («Юнус» сүресі, 6-аят), «Шүбәсіз, біз адам баласын балшықтан (яғни, әртүрлі органикалық заттарға бай балшықтан) жараттық. Содан кейін оны (ер мен әйелден бөлінетін) бір тамшы шәһуат суы (яғни, ұрық) күйінде берік орынға (ана жатырына) орналастырдық. Содан соң ұрықты жатырға жабысқан нәрсеге (ұйыған қанға) айналдырдық. Кейін әлгі жабысқақ нәрсені бір кесек етке ұқсаған шақалаққа (эмбрионға) айналдырдық. Содан кейін әлгі бір кесек етке ұқсаған денені сүйекке айналдырдық. Сөйтіп ол сүйектерге ет кигіздік. Нәтижеде (оған он екі мүше, ерекше кескін-келбет беріп, рух үрлеп, бойына жан әрі күш-қуат бітіру арқылы) оны мүлдем басқа ерекше жаратылыс етіп шығардық. Ендеше, теңдесі жоқ, ең керемет жаратушы һәм шексіз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі болған Алла қандай ұлы десеңші!» («Мүминун» сүресі, 12-14 аят), «Сондай-ақ тіршілік иелерінің барлығын судан жараттық. Олар сонда әлі де иман келтірмей ме?» («Әнбия» сүресі, 30-аят) деген және т.б. көптеген жаратылыс туралы айтылған аяттардың мәнін терең ұғынып, игілігіне жаратқысы келген жанның жаратылыс ғылымдарына жүгінбей амалы жоқ.

Үшіншісі, пайғамбарлардың – мұғжизасы. Мұғжизаның екі түрлі маңызы бар. Біріншісі, Алланың қалауымен мұғжиза көрсету арқылы әр пайғамбар өзінің Хақ пайғабар екендігін дәлелдеу. Екіншісі болса, адамзат өмірін ғылым-технология арқылы өркендетудің жолын көрсету. Бірер мысал келтірер болсақ, Құрандағы: «Әрі Адамға барлық нәрсенің атауын үйретті» (Бақара сүресі, 31-аят) деген аят Адамның (а.с.а.) бір мұғжизасын баяндайды. Бұл мұғжиза бүгінде ғылым-технология арқылы бір заттың атын түсіну, бөтен бір тілді түсінудің жеңілдетілген қырын ашса керек. Яғни, бүгінде әлемдік жиналыстарда әр ұлт өкілі технологияның көмегімен бірінің баяндамасын екіншісі түсініп отырады. Тіпті, телефон ішінде екі елде екі ұлт өкілінің өз тілдерімен сөйлесу арқылы бір-бірін түсінуге көмектесетін бағдарламалардың да бар екендігі айтылып жүр. Сүлеймен (а.с.) жайлы бір аятта: «Ал Сүлейменге күшті желді бағынышты еттік. Ол таңертеңнен түске дейін бір айлық жолды есіп өтсе, кешке дейін дәл сондай бір айлық жолды есіп өтіп, кері қайтатын…» (Сәбә сүресі, 10-аят) – делінеді. Бұл аятта бүгінгі тасымал технологияларына ишарат жасалған. Мұсаның (а.с) мұғжизасы туралы: «Біз сол сәтте Мұсаға: «Асатаяғыңмен тасты ұр…» («Бақара» сүресі, 60-аят) деген аятта жер астынан судың атқып шығуы жер асты байлықтарына ишарат еткенін көруге болады. Сондай-ақ, Нұхтың (а.с.) кеме жасауы, Ибраһимге (а.с.) оттың салқын болуы, Дәуіттің (а.с.) темірді жіпше иіруі, Иса (а.с.) өліні тірілтуі және т.б. мұғжизалар ғылым-технологияның шарықтаған шегі болмақ. Ал, пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедтің (с.а.с.) мұғжизасы, ол – Құран, яғни, ғылым. Әр мұғжизаның ақиқаты да осы ғылым арқылы ашылмақ.

Қорыта айтар болсақ, Құран – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін Иләһи кітап. Әрине, оның өзіндік шарттары бар. Соның бірі – мұсылмандардың жаратылыс ғылымын да меңгеруі болып табылады. Бүгінде ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен республикалық дәрежедегі мешіттерде Құран жарысының жоғары деңгейде өтіп жатуы қуантарлық іс. Сонымен қатар, Құранды әр қырынан түсінуге, әрбір аятының мәнін күніміздегі қажеттілікке сай (ғылым-технологияға жауап беруге әлеуетті кітап екендігін көрсете отырып) түсіндіру сайыстары шәкірттер арасында өтсе, БАҚ арқылы танысқан көпшілік халықтың да діни білімі арта түспек. Міне, осы тұрғыдан бүгінде бұл Құранды түсіндіру тұрғысынан жасалуы тиісті маңызды істердің бірі болып табылады.

С.Тілләбек, Шымкент қаласыдін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ, «Оңалту жұмыстары жән діни психологиялық қолдау» бөлімінің маманы.